Бас тақырыпНұра

Нұрада құс шаруашылығы қанат жаяды

Нұра ауданына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің проректоры Қайрат Айтуғанов бастаған жұмыс тобы келді. Ғалымдар құс өсіруде тиімділігі жоғары ғылыми әдістерді шаруаларға таныстырды.

Нұра ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шараның басты мақсаты – жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде құс фабрикасын дамытудың заманауи механизмдерін көрсету. Пилоттық жоба табиғи құс етін өндіруге бағытталған.

Қайрат Қапарұлы бастаған ғылыми топ алдымен Ахмет ауылының «Қоғабаев» шаруа қожалығында болды. Бұл жерде қожалық басшысы Нұржан Қоғабаев құс шаруашылығын қолға алған. Биыл бастаған бұл жаңа кәсіп бүгіннің өзінде қанатын кең жаюда.

Фермер брама, амрокс, кучинский тауықтарын будандастыру арқылы етті бағыттағы құс етінің жұмыртқасын алған. Бүгінде мұнда әр тұқымнан бес жүз тауық бағылуда. Жұмыртқалар 3 мың орындық инкубаторларда жетіледі.

Сондай-ақ, Көбетей ауылының мәдениет үйінде құс шаруашылығын өркендетуге ниетті азаматтар жиналды. Бұл жерде Қайрат Айтуғанов етті бағыттағы тауық өсірудің жолдарымен таныстырды. Жан-жақты пысықталған бизнес жоба шеңберінде бір ай уақыт шамасында осы Көбетей ауылына мың балапан әкелінбек. Құс асырауға ниетті әр отбасыға жүзден бөлініп беріледі. Бұдан кейін әр отбасы көрсетілген мерзім – елу күн ішінде 150 келі құс етін өндіріп, мердігерге тапсыруы тиіс. Ал, қалған құс шаруаның қолында қалады. Тағы бір айтары, құс жемі мен дәрумен тегін беріледі.

Бүгінгі нарықта құс етіне деген сұраныс зор. Себебі, құс етінің асқазанға салмағы жеңіл және қалтаға да жеңіл. Осы орайда жаңа бизнес жоба әр шаруа үшін пайдалы болары анық.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА

Басқа материалдар

Back to top button