АймақНұра

Нұрада 10 отбасы қоныс тойын тойлады

Биыл Нұра ауданында үй кезегінде тұрған 67 отбасына баспана кілтін табыстау жоспарланған болатын. Бұған дейін 42 отбасы қоныс тойын тойласа, бүгін тағы 10 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспанаға қол жеткізіп отыр. Оларға Ақпасов көшесінде жаңадан салынған үйлердің кілті табысталды. Мәліметтерге сүйенсек, бүгінде жалпы аудан бойынша 368 адам үй кезегінде тұр.

Суреттер: Облыс әкімдігінің сайтынан

Ақпасов көшесінің аумағы соңғы жылдары кеңейіп келеді. Себебі, мұнда жаңадан үйлер салынып, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы көшеден үйлі болған жандардың бірі – Кәмшат Қоңырова. Бүгінде жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Үй кезегіне тұрғанына да төрт жылдан асыпты. Ал, жаңа баспананың кілтін алғанға дейін аудан орталығынан үй жалдап келген.

– Үй жалдау біз үшін қиын. Әрі біз көпбалалы отбасымыз. Бүгін жаңа үйдің кілтін алып, қуанып жатырмыз. Жаңа үйде жуынатын бөлме, дәретхана жеке-жеке орналасқан. Одан бөлек, пеш жағатын жері де жеке орналасқан. Үйдің сызбасы бізге қатты ұнады. Енді жақын арада көшіп келеміз, – деді көп балалы ана.

Тұрғын үй кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрған Евгения Дарьева да бүгін жаңа үйдің кілтін қолына алды. Қызын жалғыз өсірген жалғыз басты ананың қуанышында шек жоқ.

– Тұрғын үй кезегіне тұрғаныма да талай жыл болды. Содан бері үй жалдап келемін. Бір үйде ұзақ уақыт бойы тұрақтай алмай, талай үй ауыстырды. Сол кезде «өз үйіме тезірек кірсем екен» деп армандаушы едім. Мінікей, әйтеуір арманым орындалды. Жаңа үйдің жобасы да, орналасқан жері де көңілімнен шықты. Бөлмелері кең әрі жарық. Жөндеу жұмыстары да керемет жүргізілген. Одан қала берді жуынатын бөлмесі де толық жабдықталған. Тіпті, су жылытатын құрылғысы да орнатылған. Көптен бері аңсап жүрген арманыма жеттім. Қуанышымда шек жоқ, – дейді жалғызбасты ана.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button