Байқау

Ән байқауы мәреге жетті

Қарағандыда Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВ атындағы VІІI республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы мәресіне жетті. Дәстүрлі байқауда Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 36 үміткер бақ сынады. 

Айтулы байқауға ән өнерінің майталмандары – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жақсыкелді Кемалов (Қарағанды қ.), Ғалым Мұхамедин (Жезқазған қ.), Рамазан Стамғазиев (Алматы қ.), Айтбек Нығызбаев (Астана қ.), Талғат Ыдырысов (Қарағанды қ.) Ербол Айтпаев (Павлодар қ.), «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын (Қарағанды қ.) қазылық етті. 

Ән байқауының қорытындысында Қали Байжанов атындағы арнайы сыйлықты алматылық Сәулет Аманғазин, Манарбек Ержанов атындағы арнайы сыйлықты алматылық Айдос Саниязбекұлы, Мәдениет Ешекеев атындағы арнайы сыйлықты алматылық Қостыбай Қажыби, Рымбай Бөдесов атындағы арнайы сыйлықты алматылық Бекзат Ермекбай, Мейірхан Адамбеков атындағы арнайы сыйлықты петропавлдық Еркебұлан Қарыпов иеленді.

Ал, жүлделі III орынды Қазақ ұлттық өнер университетінен (Нұр-Сұлтан қ.) келген Айбала Бейсенова мен қарағандылық Айбек Рымғали және Мемлекеттік академиялық филармонияның намысын қорғаған Алуа Қалымбекова (Нұр-Сұлтан қ.) өзара бөлісті. 

II орынға Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясынан келген Дәуренбек Сләмғали мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының (Алматы облысы) атынан шыққан Қастер Қабделлайық деп танылды. 

I орын биігінен Қазақ ұлттық консерваториясының студенті қарағандылық Нұрболат Ұзақбай көрінді.

Байқаудың Бас жүлдесін бағы мен бабы қатар шапқан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының шәкірті Ақжол Өсербай (Алматы облысы) жеңіп алды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button