Жаңалықтар

Ғұмыр – ғайып…(Жан досымыз Жандосты еске алу)

Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шарт сынары әмбеге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті… «Тумақ бар жерде, өлмек те бар» дейді шариғат сөзі. Шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе – өкініштің өзені тасып, қайғының қара жаңбыры жаумас еді ғой.

Кеше ғана арамызда күліп – ойнап, жарқылдап жүрген Жандос досымыздан қапыда айрылдық. Бір қанатымыз қайрылды. Өлім түгілі өкпеге қимайтын есіл дос жайлы ендігі жерде естелік айтамыз деп кім ойлаған?.. Оның ғұмырдариясы – мәңгілік ағысқа ауысты… Алаш баласының аз ғана алтындай ғұмыры, Қара Жердің үстінде 46 жыл жүрген пәнибаяны мынадай:

Жандос Шекенұлы 1972 жылдың 8-ші сәуірінде Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Сол туған жерінде орта мектепті ойдағыдай аяқтаған. Атамекенді аңсап, қазақ елінің қарашаңырағы – Қазақстанды көргісі келген арманшыл жас 1991 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Бір жылдан соң, 1992 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне ауысады. 1996 жылы осы оқу орнының «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын «Филолог, Қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» біліктілігін алып шығады.

Сол жылы аталмыш университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушылық қызметке қалдырылып, алғашқы еңбек жолын бастайды.

1996-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша аспирантурада оқиды. Әрі қарай аға оқытушылыққа өтіп, білім мен ғылымды қатар ұстап, тәжірибе жинақтайды.

Студенттік кезден бастап ғылымды қолға алған зерделі жас 2003 жылы «Моңғолдың құпия шежіресі»: фольклорлық, әдеби негіздері» тақырыбында 10.01.09 – фольклортану, 10.01.02 – қазақ әдебиеті мамандықтары бойынша екі шифрда кандидаттық диссертациясын Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сәтті қорғайды. Ғылым аясында бір салада екі шифрмен диссертация қорғау өте сирек кездесетін жағдай.

Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алғаннан кейін қазақ әдебиеті кафедрасының доценттігін алады.

2003-2004 жылдары Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тыңғылықты еңбек етеді.

Сол жылдары жаңадан ашылған қазақ фольклоры мен әдебиет тарихы кафедрасының доценті ретінде де үлкен істер атқарды. Студенттерге берген сапалы дәрісі мен ғылымдағы өзіндік ізденістері, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқаны үшін 2006-2008 жылдары ҚР Ғылым және білім министрлігінің дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының иегері атанды.

2007-2008 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып абыройлы еңбек атқарды.

2009 жылдың 1-ші қарашасынан бастап өмірінің соңына дейінгі он жыл ішінде бұрынғы Қарағанды «Болашақ» университеті, қазіргі Қарағанды «Болашақ» академиясындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті ретінде жемісті еңбек етті. Соның бір айғағы, осы жылдар жүзінде ғалымның ерекше еңбектерінің бірі – қазіргі жоғары оқу орнындағы өзекті мәселелердің қатарында тұрған «мобильдік қатынас», яғни ұтқырлықты ұтымды пайдаланды. Осы ретте ол бірнеше мәрте Башқұртстанның Уфа, Стерлитамак қалаларында, Татарстанның Қазан қаласында, Ресейдің Алтай өлкелерінде болып, тәжірибе алмасты және өзімен бірге бірнеше студенттерді алып барып, жас ұрпаққа жаңаша жол салуға барынша қабілеті мен күш-жігерін жұмсады. Алып Ресейдің ірі жоғары оқу орындарымен Қарағанды «Болашақ» академиясының арасындағы халықаралық білім-ғылым байланысын нығайты әрі көршілес, бауырлас түркі елдерінің туын желбірете отырып, олармен рухани-мәдени тұтастығымызды дәлелдеуге ұйытқы бола білді.

Арада бірде – екілі жыл басқа оқу орындарында істегенін қоспағанда Жандос Шекенұлы өзінің ширек ғасырдай еңбек өтілінде екі үлкен жерде еңбек атқарыпты. Біріншісі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті болса, екіншісі – Қарағанды «Болашақ» академиясы еді. Арқа атырабындағы осы қос оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруда Жандостың үлесі зор екендігін баса айтқан жөн секілді.

2009-2014 жылдар аралығында Қарағанды «Болашақ» университеті жанынан ашылған Орталық Қазақстан гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтында да Ж.Шекеннің айрықша қолтаңбасы қалды. Атап айтқанда, 2010 жылы «Сәкен Сейфуллин», 2011 жылы «Қаз дауысты Қазыбек би», 2013 жылы «Бұқар жырау» тұлғалық энциклопедияларын жарыққа шығаруға бірнеше авторлармен бірігіп атсалысты.

2006 жылы «Моңғолдың құпия шежіресі»: фольклорлық, әдеби негіздері» атты монографиясы, 2001-2019 жылдар аралығында фольклор мен қазіргі әдебиетке қатысты бірнеше оқулықтар мен оқу құралдары, қосымша оқу құралдары, 100-ден астам ғылыми, тарихи-танымдық мақалалары жарық көрді. Бұған қоса, әріптестерінің, жергілікті авторлардың көптеген еңбектерін әдеби өңдеуге, редакциялауға, бет-бейнесін жасауға көп еңбек сіңірді. Кейінгі он жылдай мерзім ішінде Қарағанды «Болашақ» жоғары оқу орнындағы «Қазіргі заманғы өзекті мәселелер» атты халықаралық ғылыми журналды шығарып келді. Қаншама дипломдар мен магистрлік жұмыстарды қорғатып, оларға сын-пікірлер жазды. Көркем кітаптар мен ғылыми жұмыстарға берген рецензиялары мен пікірлері өзінің ғылыми құндылығымен ерекшеленеді.

Бұл айтылған жайттар, тізілген мәліметтер ғалым-оқытушының заңдастырылған түйіндемесінен алынды. Көрінбей қалғаны қаншама?.. Міне, осыншама еңбекқорлық, ізденгіштік оның 46 жыл ғұмырының 23 жылында жасалыпты. «Өлшеулі өмір» дейтін халық сөзі бар. Маңдайға басылған мөр мен жазылған жазуды ешкім өзгерте алмайды…

… 2019 жылдың 21-ші наурызында Жандос досымыз өмірден озды. Жарық Жалғаннан Мәңгілік Бақиға аттанды. Артында аңыраған жары, үш балапаны, ата-анасы, бауырлары, ағайын-туыс, елжұрты, достары мен әріптестері қалды. Бұл Өмірге өшпестей із тастады.

Жатқан жерің жайлы да жарық болсын. Топырағың торқа, жаның жәннаттан орын алсын. Бақұл бол, бауыр!

ххх

Осы сәуірдің 28-ші жұлдызында Жандос Шекенұлының қайтқанына 40 күн болады. Марқұмның қырқы Қарағанды қаласының Оңтүстік Шығыс ауданындағы «Думан» кафесінде жексенбі күнгі түскі 13.00-де беріледі. Құран-дұға бағышталады.

Осынау азалы күнде азаматтың рухына арнап мына өлең жолдарын бағыштаймыз:

Қатал тағдыр ойнатып ойран дауыл,

Батырарын сездік пе ойларға ауыр?

Қапияда ажалдың оғы тиіп,

Қайрылмастан кеттің бе, қайран бауыр?!

Адал мінез, ақ жүрек, сері көңіл

Көкжиекке сіңді бір елік өмір.

Ентелеген ажалға жанын қиды,

Еркелеп те үлгермей еліне бір.

Әдебиеттің ынтық қып арлы әлемі,

Көзін биік шыңдарға салған еді.

Жан адамға жамандық тілемейтін,

Дос-туысқа, бауырға қорған еді.

Тектілік пен парасат, терең білім

Бойда тұнған сыйламас өренді кім?

Кеше ғана жайраңдап жүрген досың,

Сағыныш боп түсіңе енер бүгін.

Шықсам деген көз салып шың-құзына,

Бағыт алды көктегі жұлдызына.

Алла енді амандық, сабыр берсін

Туысына, жарына, ұл-қызына!

Қойнына алды қара жер арда ұлын…

Асыл бейнең, көңілде қалды-ау үнің.

Топырағың торқа боп, тыныш ұйықта,

Жадымыздан өшпейсің, жан бауырым!

Еске алушы достары:

Болат Сәрсембаев,

Нұрәлі Шегіров,

Әлімжан Құтжанұлы,

Тәуіржан Бұлқанов,

Ермек Әбжанов,

Рүстем Хасенұлы,

Ғабиден Әбілқасов,

Досымбек Кәмелхан,

Мәнетай Бәделхан,

Қайрат Асқаров.

Басқа материалдар

Back to top button