Мықтылар мәре сызығында жолықты
Қарағандыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай дәстүрлі сипат алған Нұрмахан Оразбек атындағы ІІІ аймақтық бильярд турнирі өтті. Қазақ журналистикасының ардақты тұлғасының есімін иеленген бұл турнир жыл өткен сайын мазмұндық әрі ұйымдастырушылық тұрғыда жаңарып, маңызын арттыра түсуде. Биылғы бәсеке бұрынғысынан өзгешелеу өрбіді. Тастаяқ бәсекесіне аймақтың әр өңірінен жиналған одақ мүшелігіндегі 16 журналист қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыстың салтанатты ашылуына журналистика саласының ардагерлері арнайы шақырылып, ізгі тілектерін арнады. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов бірқатар жас журналиске одақ мүшелігінің куәлігін салтанатты түрде табыстады. Азаматтық ұстанымы айқын, ел ішіндегі игі бастамаларға әрдайым қолдау білдіріп жүретін Боранбай Мұқаналиев бұл жолы да журналист қауымынан шет қалмады. «Мұқаналиев» шаруа қожалығының жетекшісі ретінде турнирге демеушілік жасап, рухани шараның жоғары деңгейде өтуіне зор үлесін қосты.

Тастаяқ түбіндегі тағылым
Бұл игі бастаманы «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі дәстүрге арналдырып, тұрақты жалғастырып келе жатыр. Журналистер мерекесі қарсаңында сала өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, құрмет көрсету де осы турнирдің басты мұратына айналды. Турнирдің ашылу салтанатында медиахолдинг директоры Қайрат Әбілда сөз сөйлеп, шараның мән-маңызына тоқталды. Әрі Нұрмахан Оразбектей көрнекті қаламгердің есімін ұлықтау арқылы жас журналистерге өнеге беру, журналистика саласындағы рухани сабақтастықты сақтау – бүгінгі буынның міндеті екенін атап өтті.
– Әуелі баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дәстүрге айналған Нұрмахан Оразбек атындағы турнирдің үшінші мәрте өтіп жатқаны – бәріміз үшін қуанышты сәт. Ең басты мақсатымыз – осы бір аса қадірлі тұлғаның рухына құрмет көрсету. Сонымен қатар, бұл шара арқылы журналистер арасында бильярд ойынын насихаттап, саламатты өмір салтын дәріптеу. Бүгінгі шараға арнайы уақыт бөліп, құрмет көрсетіп келген ардагер ағаларымызға алғысымыз шексіз. Бұл – жай ғана бильярд жарысы емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, рухани байланыс орнататын маңызды кездесу. Нұрмахан ағамыздың рухы шат, артында қалған аманаты мәңгілік болғай! – деді Қайрат Жүнісұлы.
Салтанатты жиында журналистиканың ардагерлері Сүйіндік Жанысбай, Серік Сексенов және Валерий Петухов сөз сөйлеп, Нұрмахан Оразбек туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
– Мен ол кісінің тікелей шәкіртімін десем, артық айтқаным емес. КазГУ-де оқып жүргенімізде бір семестр «Аударма ісі» пәнінен сабақ өтті. Ол кезде бізге тәжірибелік сабақты Нұрмахан ағамыз жүргізді. Сол жылдары ҚазТАГ-тың бас директорының орынбасары қызметінде еді. ҚазТАГ-қа келген барлық аударма материалды өзі жасайтын. Таңғалатынымыз – көп адам секілді қағазға алдымен түсіріп, кейін редакцияламайтын. Қағазды қолына алып, мәтінді көз жүгіртіп оқып отырып, бірден аударатын. Ал, оның ауызынан шыққан әр сөзді жанындағы қызметкерлер машинкамен сол сәтте басып отыратын. Сабақ кезінде де әр сұрағымызға байыппен жауап беріп, аударманың қыр-сырын үйретті. Кейін 1985 жылы партия мектебінде оқығанымда тағы да Нұрекеңнен дәріс тыңдау бақыты бұйырды. Ал, 1988 жылы облыстық газетке бас редактор болып келгенінде оның тікелей қарамағында жұмыс істедім, – деді Серік Сексенов.
Сонымен қатар, Жәнібек Садықанов да сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға жылы лебізін арнады. Әрі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің осындай игі шаралар арқылы бірлік пен шығармашылық байланысты нығайтып жүргенін атап өтті. Салтанатты шара барысында ардагер журналист Серік Сексеновке, фотограф Валерий Петуховқа, облыстық «Сарыарқа» телеарнасының бөлім басшысы Ботабек Тілегеновке және «Life 09» ақпарат агенттігінің бас редакторы Аяжан Мақанға Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы табысталды. Ал, ақпарат агенттігінің тілшілері Айдана Таңатар мен Ақсая Жалғас және оператор Нұртөлеу Екібайға Қазақстан Журналистер одағына ресми қабылданғанын растайтын мүшелік билеттерді табыстады.
– Масс-медианың баспалдағын 2015 жылы аттадым. Биыл тура 10 жыл болған екен. Қызмет еткен редакцияларымды санасам, 10 саусақ толып қалады. Life09 ақпарат агенттігінде екі тілде «Топ 7», «Тұлға», «Еңбек адамы», «Life айтады», «Saryarqa сөйледі», «Ne Angime» «Где, где в Караганде» жобаларын жасадым. Алды миллион қаралым, арты 30 мыңнан асып жығылды. Қазір медианың күші осы қаралым статистикасымен өлшенеді. Жас журналистерді қолдауға түрлі жағдай жасалған. Мереке қарсаңында осындай марапатқа ұсынып жатқан әріптестеріме алғыс айтамын, – деді Аяжан Ерланқызы.
Финалға дейінгі тартыс
Турнирдің бас төрешісі Ақтілек Жүнісов қатысушылар арасында жеребе тартып, арнайы турнирлік кесте құрды. Әрі ойыншыларды жұп-жұппен бөлді. Турнир көпшілікке «Американка» атауымен белгілі «Еркін пирамида» тәртібі бойынша өтті. Бұл тәртіп бойынша бильярд үстеліндегі 16 шардың кез келгенін соғып, лузаға түсіруге болады.
Ойын ережесіне сәйкес, әр жұп екі партия ойнайды. Жеңіске жету үшін ойыншы сегіз шарды лузаға дәл түсіруі керек. Егер екі ойыншы екі айналымда 1:1 есебімен тең түссе, шешуші үшінші ойын өткізіледі.
Алғашқы айналымнан-ақ жарыс тартысты өтті. Қатысушылар барын салып, ойын шеберліктерін, дәлдік пен тактикалық ойлау қабілеттерін айқын көрсетті. Жасыл үстел үстіндегі әрбір соққы – олардың тек бильярдқа деген қызығушылығын ғана емес, жеңіске деген жігерін де байқатты.
Турнирдің жартылай кезеңінде шиеленісті сәттер ерекше көп болды. Бұл кезеңде Валерий Петухов пен Қайрат Әбілда бір сеткаға түсіп, финал жолдамасын сарапқа салды. Қос қарсылас та тәжірибелі, өз ойын мәнерін қалыптастырған ойыншылар. Валерий Петухов – бильярд үстелінің майталманы. Былтыр дәл осы турнирдің жеңімпазы атанған. Ал, Қайрат Жүнісұлы – қос қолмен соққы жасаудың хас шебері. Ол да бұл бәсекеде біраз жылдан бері үздіктер қатарында. Айта кету керек, бұл екеуі бұған дейін де кездескен. Былтырғы сайыста Қайрат ағамыз Валерий Петуховқа жол берген еді. Алайда, бұл жолы ойын мүлде басқаша өрбіді. Қайрат Жүнісұлы ширақ қимылдап, тактикалық тұрғыдан мүлтіксіз ойнады. Қарсыласына мүмкіндік бермей, қос партияда 2:0 есебімен айқын басымдықпен финалға жолдама алды.
Екінші сеткадағы жартылай финал да ұмытылмастай есте қалды. Бұл кезеңде ардагер журналист Михаил Бобажков пен облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің интернет-редакция редакторы Ілияс Мұқай өзара бақ сынасты. Екеуі де бильярдтан тәжірибесі мол. Михаил Бобажков түрлі жарыстарда шыңдалған ойыншы болса, Ілияс Дүнгенбайұлы – дәл осы турнирдің алғашқы чемпионы. Екеуі де бірінен бірі өтеді. Мүмкіндікті мүлт жібермейді. Екі ойынның қорытындысы бойынша 1:1 есебі тіркелді. Ал, үшінші айналым – ойын тағдырын шешеді. Жауапты сәтте Михаил Бобажков барынша жинақылық танытып, аз ғана шар айырмасымен жеңісті жұлып әкетті. Осылайша, ақтық сында Қайрат Әбілда мен Михаил Бобажков жолықты.
Финал – нағыз финалға лайық болды. Екі мықтының тартысын жанкүйерлер демін ішіне тарта тамашалады. Әр сәт – шиеленіске толы, әр соққы – дәлдік пен шеберлікке негізделді. Кезең сайын шеңберге дәл түскен шарларға көрермендер қошемет білдіріп, қол соғып отырды.
Алайда, бұл күні Қайрат Жүнісұлының ойыны ерекше көзге түсті. Ол финалда Михаил Бобажковқа еш мүмкіндік бермей, екі партияда да сенімді жеңіске жетті. Осылайша, Нұрмұхан Оразбек атындағы III аймақтық бильярд турнирінің чемпионы атанды.
Күміс жүлде Михаил Бобажковқа бұйырса, жүлделі ІІІ орынды ардагер журналист Валерий Петухов иеленді. «Шебер ойын көрсеткені үшін» деген арнайы номинация «Хабар» телеарнасының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Руслан Тұрсынғалиевке табысталды. Ал, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымындағы Қазақстан Журналистер одағының арнайы жүлдесі Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы Қуаныш Аманқұловқа бұйырды. Сонымен қатар, «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Мақсат Бейсенаев «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Турнирге белсене қатысып, ойын өрнегімен жас әріптестеріне үлгі болған ардагер қаламгер Сүйіндік Жанысбайға Қазақстан Журналистер одағы атынан «Белсенді ардагер ойыншы» марапаты табысталды. «Үздік жанкүйер» аталымы журналист Әли Тойжігітке берілді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz