Өмірлік мұратына айналдырған
Медицина – кездейсоқ адам тұрақтай алмайтын, қателікті кешірмейтін қатал да қастерлі сала. Бұл мамандық адамнан тек терең білім мен кәсіби тәжірибені ғана емес, шексіз төзімділікті, сабыр мен жүрек жылуын талап етеді. Әсіресе, күн сайын науқастың мұңымен де, үмітімен де бетпе-бет келетін мейіргер еңбегінің салмағы қашан да ауыр. Осындай жауапты жолды өмірлік мұратына айналдырып, ақ халатына кір жуытпай келе жатқан абзал жанның бірі – Сәуле Тойынбекова.

Сәуле Тәңірбергенқызының медицинадағы еңбек жолы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастау алады. Медициналық училищені тәмамдаған жас маман 1986 жылы Қарқаралы ауданының Тоқтар ауылына жолдамамен келіп, акушер ретінде алғашқы еңбек жолын бастады.
Акушер болу – тек жаңа өмірдің жарық дүниеге келуіне куә болу ғана емес, сол өмірдің қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілік. Сәуле Тәңірбергенқызы мұны жастайынан сезінді. Ауылдағы ағайынның қуанышы мен уайымын бөлісе жүріп, дәрігерге деген халық сенімінің қаншалықты қымбат екенін терең түсінді. Бүгінде сол жылдары өзі қолына алған талай сәби бүгінде бір-бір азамат. Олардың әрқайсының өмір жолында ақ халатты маманның ізгі ізі сайрап жатыр.
Уақыт өте келе кейіпкеріміз еңбек жолын Қарағанды қаласындағы ірі медициналық мекемелерде жалғастырды. Диагностикалық орталықта қызмет атқарып, біліктілігін арттырды. Сұранысы мен қиындығы қатар жүретін онкологиялық бағытқа бет бұрып, бұл саланың да өзіндік ауыр жүгін мойнына алды. Соңғы он екі жылдан бері бұрынғы облыстық онкологиялық диспансер, қазіргі №3 көпбейінді ауруханада абыройлы қызмет атқарып келеді.
Емхана табалдырығын аттаған әр науқастың көңіл күйі әртүрлі. Бірі алаңдаулы, бірі үмітті, енді бірі қорқынышын жасыра алмайды. Осындай сындарлы сәтте мейіргердің жылы сөзі, байсалды қалпы мен демеуі науқасқа шипадан кем әсер етпейді. Әріптестері де Сәуле Тәңірбергенқызының бойындағы ұқыптылықты, адаммен тіл табыса білу қасиетін және кәсіби тиянақтылығын ерекше бағалайды.
Бүгінде ол – қырық жыл отасқан жары Мейірбек Қапанұлымен бірге шаңырақтың берекесін ұйытып отырған аяулы ана, ардақты әже. Екі қыз тәрбиелеп өсірген Сәуле Тәңірбергенқызы бүгінде төрт немеренің қызығына кенеліп отыр. Қызметте қанша жауапкершілік арқаласа да, отбасының жылуы мен жақындарының қолдауы оған әрдайым күш беріп келеді.
Ақ халат кию – мәртебе, ал, сол халаттың киесін қашырмай, жылдар бойы абыроймен арқалап жүру – нағыз ерлік. Заман өзгеріп, технология дамығанымен, Сәуле Тәңірбергенқызының бойында бір нәрсе өзгерген жоқ. Ол – науқасқа деген шынайы жанашырлық пен өз кәсібіне деген шексіз адалдық.
Сәуле Тәңірбергенқызы секілді өз ісінің шеберлерінің өмірі тек марапатпен немесе атақпен ғана өлшенбейді. Олардың ең үлкен бағасы – халықтың шынайы алғысы, әріптестерінің құрметі мен науқастардың шексіз сенімі. Ал, осындай сенім биігінен көріну – медицина қызметкері үшін ең жоғары мәртебе болса керек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



