АймақСаран

Мешіт те құрмет көрсетті

Саран қаласының орталық мешітінде қызмет істейтін әйелдер қауымына құрмет көрсетілді.

«Жұмақтың кілті – ана табанының астында». Бабаларымыздың «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген ұлағатты сөзі де Ана қадірін арттырады. Осы ізгілікті ескерген мешіт әкімшілігі нәзік жанды әріптестеріне сыйлық табыстады. Мерекелік шараның алғашқы құттықтауын Саран қаласының бас имамы Мұхамедқали Салық жеткізіп, аналарға зор алғысын айтты.

«Ана бауыр еті – баласы үшін түн ұйқысын төрт бөледі. «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп тілейтін де – Ана. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген баласын ақ сүтін беріп өсіретін, сонымен бірге адалдық, имандылық, адамгершілік қасиеттерді сәби бойына сіңіретін де – Ана. Сондықтан, бар адамзат ананың алдында бас иеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Ең алдымен, анаңа құрмет ет, екінші, тағы да анаңа құрмет ет» деуі бекер болмаса керек», – деп аналардың Исламдағы рөліне тоқтала кетіп, әріптестерінің асыл дінге сіңіріп жүрген еңбектеріне жеміс тіледі.

Мешіт аспазы Гүлжан Сәдуақасова мерекелік көңіл күй сыйлаған мешіт әкімшілігіне алғысын айтты.

– «Көңіл көңілден су ішеді» демей ме? Біздің еңбегімізді елеп, ескергендеріңізге зор алғыс. Шынымен де, бас имам айтқандай ананың Исламдағы орны ерекше. Қазақ халқы қыз баласын ежелден ерекше қадір тұтқан. Елім – қазақ, дінім – Ислам болғанына сансыз шүкірлік етемін. Асыл дінімізге қызмет етіп жүргеніміз үшін мақтанамыз, – деп ақ тілегін жеткізді. 

Қасымхан ҒАЛЫМ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button