«Талдау мектебі. Қарағанды» жобасының екінші легі өз жұмысын бастады
Қарағанды облысында сарапшылардың жаңа буынын даярлауға бағытталған «Талдау мектебі. Қарағанды» жобасының екінші легі өз жұмысын бастады. Бағдарлама аясында 45 жас маман сегіз апта бойы білім алып, өңірдің өзекті мәселелерін талдау және деректерге негізделген шешімдер әзірлеу бағытында тәжірибесін жетілдіреді.

Өңірлік жоба жастардың деректерді талдау дағдыларын дамытуға, заманауи құралдарды тиімді пайдалануға және нақты деректерге сүйене отырып, негізделген шешімдер әзірлеу қабілетін қалыптастыруға бағытталған. Жобаның биылғы оқу бағдарламасының негізгі тақырыбы – «Іс-қимыл стратегиясы: Қарағанды облысын дамытудағы Data-Driven тәсіл және ақылды шешімдер».
Екінші лекке қатысуға жоғары білімі бар, жасы 40-қа дейінгі жастар өтінім берген. Іріктеу нәтижесінде түрлі салада еңбек етіп жүрген, талдау мен зерттеуге қызығушылық танытқан 45 қатысушы анықталды.

Сегіз аптаға есептелген оқу 18 қыркүйек пен 7 қараша аралығында өтеді. Сабақтар әр сенбі сайын офлайн форматта ұйымдастырылады. Қатысушылар Қазақстанның жетекші сарапшылары өткізетін дәрістер мен практикалық сабақтарға қатысады.
Бағдарламада деректерді талдау және визуализациялау әдістері, статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, жасанды интеллект құралдарын қолдану тәсілдері қамтылған. Сонымен қатар оқу барысында Қарағанды облысының экономикасы, агроөнеркәсіптік кешені, экологиялық тұрақтылығы, инклюзия, моноқалалар мен ауылдық аумақтарды дамыту сияқты өңір үшін маңызды бағыттар қарастырылады.
Жоба қорытындысында қатысушылар командаларға бөлініп, өңірдің мемлекеттік органдарына арналған практикалық ұсынымдар мен талдамалық материалдар әзірлейді.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қарағандыдағы өңірлік «Талдау мектебінің» екінші легіне қатысушыларды құттықтап, бастаманың жастардың кәсіби дамуына берер мүмкіндігіне тоқталды.
– Қарағандыдағы өңірлік «Талдау мектебінің» екінші легіне қатысушыларды құттықтаймын. Бұл – кәсіби деңгейлеріңізді арттыруға, аналитикалық қабілеттеріңізді жетілдіруге, жаңа білім алып, кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін жақсы алаң. Жобаға қызығушылық жоғары болды. Іріктеу нәтижесінде перспективалы жас мамандар мен өз саласында еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар мектеп тыңдаушысы атанды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, екінші лек бағдарламасы Қарағанды облысының дамуымен тікелей байланысты.

– Оқу барысында экономика, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, экологиялық тұрақтылық, инклюзия, моноқалалар мен ауылдық аумақтарды дамыту сияқты өзекті бағыттар қамтылады. Яғни бұл – облыстың дамуы үшін маңызды бағыттардың барлығы дерлік, – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев Қарағандыдағы «Талдау мектебіне» ерекше мән берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, жоба алты жылдан бері дамып келеді. Бұған дейін негізгі алаң Астана қаласында жұмыс істеген. Ал өңірлік мектептерді ашу туралы ұсыныстар болғанымен, оны ұйымдастыру, әдістемелік қамтамасыз ету және логистика мәселелерін шешу қажет болған.

– Бұл – қоғамдық жоба. Оны жүзеге асыруға көптеген азамат ерікті негізде атсалысады. Өткен жылы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен алғашқы өңірлік мектепті іске қостық. Бұл тәжірибенің нәтижесіне көңіліміз толды. Сондықтан Қарағандыдағы мектептің жұмысын жалғастырып, екінші легті ұйымдастырып отырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Талдау мектебі. Қарағанды» жобасын Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Taldau AI Analytics талдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып отыр.

Айта кетейік, «Талдау мектебі» қоғамдық жобасы жас мемлекеттік қызметшілердің, бизнес, халықаралық ұйымдар және басқа да салаларда еңбек ететін мамандардың талдау дағдыларын дамыту мақсатында іске қосылған. Бастама Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттың аналитикалық сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық тапсырмасын орындауға бағытталған.

Алғашқы Taldau форумы барысында ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері жобаны өңірлерде де дамыту туралы ұсыныс білдірген. Осыдан кейін Қарағанды облысында алғашқы өңірлік «Талдау мектебі» іске қосылған болатын.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



