Мерзімді басылымның мерейлі жылы
Қарағанды көмір кеніші кеңінен игеріле бастаған тұста өңір тынысын өрнектейтін бір басылым қажет-ақ еді. Тіпті, сол тұста Арқа жұртының назары ауа қоятын бүгінгі радио дейсіз бе, телевизия дейсіз бе, осы аталғанның қай-қайсысы болсын қанат жайып, журналистика жолы жандана қоймаған еді. Жанданбақ түгіл, жоқтың қасытұғын. Міне, сол тұста 1931 жылы 4 қазанда қазіргі «Орталық Қазақстан» («Қарағанды пролетариаты») газетінің алғашқы саны латын қарпімен жарық көрген болатын.
Келе-келе мұндай басылым аудан тұрғындарына да ауадай қажет екені біліне бастады. Себебі, өңірлік газет қаншалықты қауқарлы, таралымы кең, арқалаған жүгі салмақты болғанымен, бір мезетте бүкіл облыстың бары мен жоғын бағамдап, жетістігін желкен етуге жағдай келмейтін еді. Жағдайы емес-ау, мұндай мүмкіншілігі де жоқ болатын. Сондықтан, сәт санап аудандық газеттердің ашыла бастағаны да бар. Солардың санатында бүгінгі «Жаңаарқа» да бартұғын.
Сөйтіп, 1938 жылы 25 сәуірде басылымның тұңғыш саны жарық көрді. Бірақ, бірден «Жаңаарқа» атана қойған жоқ. Себебі, партияның пәрмені, саясаттың салқыны сынды мәселелер болғанын да ұмытпау керек. Билік бір ауданның газетіне бола бас қатырып, ақыл сұрап жатсын ба? Сөйтті де, басылым «Лениндік жол» атанып кете барды.
Аяққа тұруы мұң екен, сол жылы мерзімді басылым редакторы Нұрқайдар Тұрғанбаевтың Конституция күніне арнаған өлеңінен «саяси қате» табылып, іле-шала ол «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталды да кетті. Қылышынан қан тамған заманның қаламгерлер қатарынан қалай жау іздегенін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Амал нешік?! Десе де, күн-түн демей, дамылсыз жұмыс жасап жатқан газет қызметі бұған қарап тұрсын ба? Аумалы-төкпелі заманның ақ-қарасын айырып жатпайық. Бұл – тарихшылардың мойнындағы аманат. Тек, бұдан арғы жылдары газетте Қапаш Әлімжанов, Сүлеймен Әдаханов, Оразалы Жұмабеков, Әбсалам Тәкешов, Жанат Итқарин сынды азаматтардың редактор болғанын тілге тиек етпей кетуге болмас.
Аштығы бар, саяси қуғын-сүргіні бар, соғысы бар сотанақ жылдар сонымен тәмам бола бастаған тұста тың игеру кезеңі келді Қазақстанға. Осы кезде «Лениндік жол» газеті Н.Блудчий, Ғ.Әлжаппаров, И.Прокин сынды редакторлардың қол астында болып, басылым орыс тілінде жарық көрген еді. Қосымша қазақша аудармасы да беріліп тұрды. Кейін, 1960 жылы газет негізінен қазақ тілінде, аудармасы орыс тілінде басыла бастады. Яки, газет негізінен жергілікті халықтың тілінде басыла бастағанына қарап, қазақы ауданға оң өзгеріс орнағанын да байқауға болар еді.
Сөйтіп, Әбікен Бақтыбаев редактор болып тұрған кезде ендігі бір ілкімді іс те көп күттірмеген. Міне, байырғы басылымның атануы да осы жылдарға тиесілі. Ал, орысшасы «Новая степь» болып өзгерді. Кейін аталған басылымда Бұқпа Әшімов, Қыдырбай Бексейтов, Қалиақпар Әбілдин, Ұзақбай Мұқышев, Амантай Нығатайұлы, Атымтай Оспанов, Күлше Оспанова, Дүйсенбай Жұмасейітов, Бақтияр Нақыпбеков сынды редакторлар жемісті жұмыс жасады. Өз кезегінде, осы газеттің жоғарыда атаған орысша нұсқасына Күлшетай Түйебаев ұзақ жылдар редактор болып, 1993 жылы бұл нұсқа да басылуын тоқтатқан болатын.
Редакторлардан бөлек, аудандық газетте жүріп-ақ, атағы Арқа өңірінен асып, мемлекет көлемінде жайылған журналистер де жоқ емес еді. Соның бірі – Асан Жұмаділдин. Ақмола округіне қарасты Асаңқайғы ауданының 5-ші ауылында дүниеге келген қаламгер еңбек жолын кеніште шахтер болып бастап, мұғалім, мектеп инспекторы, білім ошағының директоры, «Советтік Қарағанды» газетінің қызметкері, одан қайта мектеп директоры болып, ақыры «Жаңаарқа» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарады. СССР Жазушылар Одағының мүшесі. Кейін, әдеби этнографиялық «Өмір» журналының бас редакторы атанған бұл азаматтың талай туындылары республикалық «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Халық мұғалімі» журналдарында, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланып тұрған еді. Сонымен қатар, енді ғана жарық көрген тың туындыларға оң бағасын беріп, рецензия ұсынған кездері де аз емес. Мәселен, сонау 70-ші жылдары осы күнгі қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» атты повесіне ел көлемінде ең алғаш болып оң бағасын берген де Асан Жұмаділдин еді. Ал, оны жарыққа шығарған осы «Орталық Қазақстан» болатұғын. Соны осы күні біреу білсе, біреу біле бермейді. Өкінішті..
Сонымен қатар, газет тігінділерінде Хамит Жаманов, Хамит Дәрібаев, Марат Хасенов сынды қабырғалы қаламгердің қолтаңбасы бар.
Мерзімді басылымның мерейлі жылы қарсаңында қалам тербеген азмұз толғауымыз осымен тәмам. Тек, редактор Салтанат Ералинаның бүгінгі еңбегі ескеріліп, 1633 данамен аптасына бір мәрте ойлы оқырманның олжасына айналып отырған басылымның дәстүр сабақтастығы үзілмесе екен дейміз.
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»