Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлер арасында патриоттық ән байқауы өтті

Қарағандыда мемлекеттік қызметкерлер арасында «Менің таңдауым-мемлекеттік қызмет» атты патриоттық ән байқауы өтті. «Шалқыма» концерттік залының сахнасында 24 қатысушы өз өнерін ортаға салды. 


– Біз мұндай байқауды мемлекеттік қызметкер күніне орайластырып алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Барлық қатысушылар жақсы дайындалғандары көрініп тұр. Қатысушылар арасында екі дуэт те бар. Өнер көрсетушілердің біреуі өзінің орындаған әніне бейнебаян дайындаған. Ал тағы бірінің әні хореографиялық ұжымының биімен сүйемелденген. Қатысушылардың арасында тіпті кент әкімі де бар. Байқаудың үш жеңімпазын біз Мемлекеттік қызметкер күнінде марапаттайтын боламыз, – деді Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыпен күрес департаменті басшысының орынбасары Медет Талант. 
Қазылар алқасының пікірінше, байқауға қатысушылар барлық тапсырмаларды жақсы орындаған. Музыкалық білімі болмаса да, кәсіби әншілерден кем түспестен ән шырқап шықты. 
– Біз әріптесіммен бірлесіп, дуэтпен «Ауылым» әнін орындадық. Бізде өзіміздің шағын ансамбліміз құрылды десек те болады. Мен домбырада ойнамын, ал әріптесім баянда ойнайды. Біздің арнайы музыкалық біліміміз жоқ, алайда кішкентайымыздан ән айтуды ұнатамыз. Сондықтан ешқандай қобалжу болған жоқ, – дейді Қарқаралы ауданы Бақты ауылының әкімі Болат Жабдықов. 
Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылдық округі әкімінің аппаратының жетекші маманы Индира Рахымбаева да сахнада алғаш рет өнер көрсетуде. 
– Өзіміздің ауданда барлық шараларда ән айтамын. Ән шырқағанды ұнатамын, бұл немің хоббиім десем де болады. Бұл байқауда Гүлнұр Оразымбетованың «Көкке өрле» әнін орындадым, – дейді Индира Рахымбаева.
Қарағанды облысы статистика департаментінің аға маманы Нұрсұлтан Ахметов ән байқауына бір аптадан аса уақыт дайындалған екен. Кәсіби шеберлерден вокал дәрісін алған. 
– Мен «МузАрт» тобының «Рахмет саған туған ел» әнін таңдадым. Осындай байқауға сай келетін ән деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Ахметов. 
Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Осакаров аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі Ержан Найманбай иеленді. Екінші орын «Жезқазған кенті әкімінің аппараты» ММ экономика бөлімінің жетекшісі Абай Бекішевке берілді. Үшінші орын Қарағанды облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Төлеген Ысқақовқа бұйырды. 
Жеңімпаздарға дипломдар, ал қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Байқау жеңімпаздары Мемлекеттік қызметкер күнінде ұйымдастырылатын салтанатты жиынға қатысады. 

Басқа материалдар

Back to top button