Бас тақырып

Мемлекет басшысына тазының күшігін тарту етті

Наурыз мейрамында қара мен хан да теңеледі. Қасиеті сол, үлкен-кіші бір дастарқанға жайғасып, ортақ дәмнен ауыз тиеді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасына шығып, көппен қауышты. Халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Әрине, Президент бұқарамен жиі кездеседі. Сондықтан, сенсация демейміз. Бізді елең еткізгені – Қасым-Жомарт Кемелұлына тазы сыйлаған бойжеткен – Қарағандының тумасы.

Мемлекет басшысының асыл тұқымды иттерге ықыласы ерек. Былтыр қыркүйек айында Президенттің іс басқармасына қазақы тазы мен төбеттің тегін сақтап, көбейту туралы тапсырма берген-ді.

Тапсырмадан кейін іс ілгері жылжыды. Іле-шала тақырыпты қаузаған кеңес өтті. Осы шаруаның басы-қасында жүрген тараптар қатысты. Кеңесте асыл тұқымды иттерді сақтап қалудағы жұмыста жүйе жоқтығы анықталды. Қан тазалығынан айырылу қаупі басым.

Кеңес қорытындысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Президенттің іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының және «Қансонар» рес­публикалық қауымдастығының өкілдері енген жұмыс тобы құрылды.

Қарашада Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын қабылдады. Жобада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін 1,4 млрд. теңге қажет екендігі белгілі болды.

Ал, биыл Президент «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды…

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешеніндегі «Жеті қазына» мәдени-спорттық іс-шараны тамашалаған Мемлекет басшысы тағы да тазы мәселесіне назар аударып, халықаралық деңгейде дәріптеу қажет екенін айтты.

– Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбет иттерді халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуға тиіс. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық қажет. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін арнайы заң қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осы жерде біз жоғарыда айтқан Қарағандының тумасы Анна Захарова бір жарым айлық тазы күшігін тарту етті. Күшіктің аты – «Наурыз».

Анна туралы «Life09» ақпарат агенттігі бейнежазба берді. Ал, үш жыл бұрын журналист Айсұлтан Жақып «Ortalyq Qazaqstan» газетінде итбегі ару туралы кеңейте жазған еді.

Анна – Сұрыптау елді мекенінде туып-өсті. Музыка мектебінің фортепиано бөлімін тәмамдады.

Жастайынан қайырымдылық жұмыс­тарына белсене араласып, волонтерлер клубының белді мүшесі болды. Тазы асырауға да бойындағы мейірімі әсер етті.

Алғашқы тазысы «Джекті» аялдамадан тауып алып, үйінде асырады. Ол уақта жәшікте жатқан ауру күшікті таза қанды тазы деп ойламағаны анық. Кейін кез келген кісінің қолы жете бермейтін қазынаға жолыққанын білгенде тазыны көбейтуге түбегейлі бет бұрды. Бірнеше мәрте облыстық, республикалық байқауға қатысып, топ жарды.

Бүгінде Анна қарындасымыз Сұрыптауда тұрып жатыр. Ит төресі – тазыны көбейту жолында тер төгуде. Сарыарқаның сары белінде құмай баптап, аң қағып жүр…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button