Мереке шуағы

Мектеп ілтипаты мерейімізді өсірді

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті редакциясына қаламыздың №34 мектеп оқушылары мен мұғалімдері 90 жылдық мерейтойымызбен арнайы құттықтап келді.

Балақайларды жылы шыраймен қарсы алған газеттің Бас редакторы Ерсін Мұсабек: – Арқа баспасөзінің қарашаңырағы, ұлт баспасөзінің үлкен ордасы – «Орталық Қазақстан» газеті. Басылым қаламыздағы мектептермен байланысын үзген емес. Былтыр «Шамшырақ» атты арнайы қосымша аштық. Айына бір рет шығады. Сол газет қосымшасына сіздердің тәжірибелеріңізді, жетістіктеріңізді жариялауға дайынбыз. Оқушылардың шығармашылығы болса, оны да «Балбөбек» атты арнайы бетке жариялауға әзірміз. Кішкентайларымыз қазірден бастап газет-журнал, кітап оқуға қызықса, демек, бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Ұрпақ тәрбиелеудегі, ұлы мұрат жолындағы істеріңізге Алла абырой берсін. Біздің баспасөз ұлтты тәрбиелесе, сіздер ұрпақ тәрбиелеп отырсыздар. Абырой биігінен көрініп, жетістіктерге жете беріңіздер, – деді.

Кездесу барысында мектеп оқушылары көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, газет қызметкерлерінен тұщымды жауап алды. №34 мектепте бұған дейін де кездесу өткізілген. «Өнегелі өмір» атты іс-шара аясында газеттің ұжым мүшелері қонаққа шақырылып, кездесуге қатысқан. Арқаның айнасы саналатын біздің газетке осындай саналы ұрпақ құрмет көрсетіп жатса, бұл – біздің еңбегіміздің ақталғаны деп білу керек. Аталмыш мектептің кітапханашысы Гүлжанат Жолдыбекова газеттің мерейтойына деген ақжарма тілегін білдірді:

 – Газетіміздің туған күнін мектебіміздің кітапханасында атап өттік. Тарихын тарқатып, балалармен әңгіме-дүкен құрдық. Мектебіміздің атынан сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Мерейлеріңіз әрқашан үстем болсын, қаламдарыңыз ұшталып, оқырманға жақсы дүниелер сыйлай беріңіздер, – деді. Кездесу соңында №34 мектеп директоры Жанат Бердібековтің газет ұжымына жолдаған құттықтау хатын табыс етті.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.  

Басқа материалдар

Back to top button