Жаңалықтар

Машина жасау зауыты еңбек өнімділігін еселеуге мүдделі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында есепке алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекіген болатын. Кеше аталған жоспарды жүзеге асыру аясында облыстағы БАҚ өкілдері «Қазақмыс» холдингіне арнап машина жасау өндірісімен айналысатын Қарағандыдағы «Мaker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытында ұйымдастырылған ақпараттық турға қатысты.

Айта кетейік, іс-қимыл жоспарында еңбек етудің барлық кезеңдерінде білім алу мүмкіндігін кеңейту, жұмыс берушілердің, олардың қызметкерлерінің жаңа білім мен дағдыларды игеруге қызығушылығын ынталандыру жайы айтылған болатын. Бұл ретте, аталған зауытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр деуге болады.

Ірге қалау кезеңі тарлан тарихтан тамыр тартқан зауыт сонау 1941 жылы «Қарағандышахтақұрылысы» өндірістік бірлестігінің базасында құрылған еді. Сол кездегі бағыты – тау-кен шахталарының жабдықтарын жөндеу. Кейін, 2000 жылдары зауыт «Қазақмыс» корпорациясының иелігіне, одан соң 2015 «Maker» ЖШСнің құрамына өтті.

Одан бір жыл бұрын 2014 жылы зауытта модернизациялау жұмысы қолға алынған еді. Өндірісті модернизациялаудағы негізгі мақсат берілген экономикалық көрсеткіштермен тау-кен металлургиялық өнеркәсібі үшін құрал-жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді дайындау мен жасап шығарудың толық циклын ұйымдастыру еді. Жобаның жалпы құны шамамен 64 млн. АҚШ долларын құрады. Оның 85%-ы «Өнімділік – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаржыландырылса, қалған 15%-ы «Қазақмыс» корпорациясының өз қаражаты есебінен қарастырылды.

– Нәтижесінде, өндіріс, түсті металдар металлургиясы мен байыту үшін қажетті құрал-жабдықтарға қосалқы бөлшектер, то раптар мен механизмдер әзірлеу және жасап шығарудың толық циклымен №1 және №2 цехтар модернизациядан өтті. Импорттық құрал-жабдықтардың баламасын жасау өндірілетін өнімнің түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді, – дейді конструкторлық-технологиялық басқарма басшысы Владимир Волынский.

Негізгі құрал-жабдықтың 53 бірлігі және 230 бірлік қосалқы құрал-жабдық пайдалануға берілді. Бұл жабдықтар Германия, Чехия, Италия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінен жеткізілген еді. Сөйтіп, негізгі жабдықтардың 80%-ға жуығы жаңартылды. Сол арқылы өнімділік көлемі 6 есе ұлғайып отыр. Бұл ретте, сандық-бағдарламалық басқару құрылғыларында жұмыс істеу үшін мамандарды іріктеу мен оқыту жүргізілгенін де айта кету қажет.

Алайда, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар бірден табыла қоймаған. Бұл мәселені шешу мақсатында зауыт басшылығы ҚарМТУ-мен меморандум жасасты. Мұндағы мақсат – білікті кадрларды даярлап шығару. Себебі, күн сайын түрленіп, жаңарып отыратын заманауи сандық технологияны кез келген жоғары оқу орны түлегі алып кете алмайды. Жалпы, еліміздегі машина жасау секторының өркендеуіне де осы кедергі болып тұрған сыңайлы.

Бұдан бөлек, зауыт басшылары шетелден жеткізілген құрал-жабдықтармен жұмыс жасай алатын жас мамандарды да даярлауда. Бұл ретте, білім беруге рұқсат ететін лицензия, шет мемлекеттерден келген оқытушылар, оқыту барысында керекті компьютерлер тағы бар. Басшылардың айтуынша, 1 маманды даярлап шығаруға кемі 5 мың еуро жұмсалатын көрінеді.

Зауыт аумағындағы осы оқу базасы 15 орындық компьютер сыныбы және оқу үшін SIEMENS NX жүйесінің CAD/CAM және Teamcenter жүйесінің PLM заманауи графикалық станцияларымен жабдықталған.

Сөйтіп, 52 инженер-техник, 70-тен астам оператор оқытылды. Зауыт барлығы 750 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың тұрмыстық әлеуетін арттыру мақсатында жалақылары да жыл санап арта түсуде. Биыл маши на жасау өндірісінің көлемін арттыру жоспарлануда. Осы арқылы импорт алмасудың орнына өз облысымызда жасалатын қосалқы бөлшектердің үлесін ұлғайтуға болады. Өндіріске негізгі өнім саналатын SIEMENS бағдарламалық қамтамасыз ету базасындағы конструкторлық-технологиялық дайындау жүйесі енгізілді. Ол саймандар каталогындағы барлық бөлшектерді өндіріске енгізуге мүмкіндік берді.

Жалпы, зауыт тіршілігінің барлық кезеңдерінде білім алу мүмкіндігін кеңейту, жұмыс берушілердің, олардың қызметкерлерінің жаңа білім мен дағдыларды игеруге қызығушылығын ынталандыру мәселесі басты бағдар етіп алынғанын алға тартуға болады. Жұмысшылардың жаңа жабдықтарға тез машықтанып, өнім көлемін еселей түсуі үшін де зауыт басшылығы қолдан келген қолайлы жағдайды жасауда. Темірден түйін түйген мамандардың ісі жемісті болғай дейміз.

Рауан ҚАБИДОЛДА

 

Басқа материалдар

Back to top button