Маралды мекен
Ақтоғай ауданында марал шаруашылығы бар дегенді естігенде, «аң-таң» болып, күмәнмен қарағанымыз рас-тын. Арқаның ақырған аязы, қатал қысында марал өсіру үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Шығыс Қазақстан облысы, Алтай елді мекенінде марал шаруашылығының едәуір дамып кеткенін білеміз. Алтайдан басқа жерде марал мекен етпейтіндей көрінетін. Сөйтсек, «қалауын тапса, қар жанар» дегендей, өзімізде де дәстүрлі емес шаруашылықты өркендетуге болады екен. Кежек ауылы, Сарыөзек қыстағына келгенімізде, сонадайдан тобықтан келетін қарды бір үйір марал бұрқыратып кешіп, бел асып бара жатқанын көзіміз шалды.
Алдымыздан қарсы алған шаруашылық жетекшісінің көмекшісі Нұрғазы Абзалбеков бізге таңсық шаруаның қыр-сырын баяндады. Бәріміз ұйып қалыппыз.
Сонымен, жергілікті кәсіпкер 2012 жылы Алтайдан 20 марал әкеліпті. Бастапқыда жерсіндіру оңайға түспепті. Шығын да болған. Бірақ, уақыт өте келе шаруашылықтың алқабына бой үйрете бастаған. Бүгінде саны 80-ге жеткен. Жайылым тұтас 3 метрлік қоршаумен бекітілген. Көлемі – 300 гектар. Маралдың бабы бөлек. Жаздай азығын дайындау өз алдына, қыстайғы күтіп-баптауы және бар. Шөпті қойға шашқандай шаша салмайды, уақытымен, мөлшерімен бе реді. Күніне 4 орама шөп, арпа береді. Ал, маралдар қысы-жазы алқап ішіндегі «Кішіарал» бұлағынан су ішеді. Төлдегенде қозықасына да ерекше күтім керек. Мүйіздің қаны қып-қызыл ақша болғанымен, табан ет, маңдай тер арқылы келеді. Былайғы жұрт марал баққандар ақшаның астында қалады деп ойлауы мүмкін. Жо-жоқ, бұл маусымдық кәсіптің көзі. Маралдың мүйізін кесу маусымы мамыр-маусым айларында жүзеге асырылады. Себебі, осы кезде маралдың мүйізі жұмсақ, әрі қанының емдік қасиеті жоғары болады екен. Мүйізі пісіп жетілген маралдарды арнайы қамап, мүйізді кескен соң қанын ыдысқа құйып алады. Оны сол сәтте ішу тіпті пайдалы.
Шаруашылықтың басты мақсаты – емдік шипажай ашу. Енді, Алтай аспай, Ақтоғай өңіріне келіп, маралдың қанын ішіп, ем-дом қабылдай аламыз. Қазіргі таңда орталықты толық жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Шипажайдың моншасына беттеп келеміз.
…«Мүйіздің пайдасы орасан. Он жыл ішінде көз жетті. Бірақ, ішінде жүріп, мүйіз сорпасына түсіп көрмеппін. Түскен соң оранып жату керек. Оған бізде шаруа бастан асады. Мүйіздің буын қабылдадық. Сергіп қаласың. Терің бұршақ-бұршақ болып шығады», дейді шипажай орталығына жол бастап келе жатқан Нұрғазы ағамыз.
– Буын қалай қабылдайсыздар, сонда?
– Монша буына мүйізді тастайсыз. Қызуды қатты күшейтсе, мүйіз жары лып кетуге дейін барады. Ыстығында отырасың. Буын-буының балқып, рахаттанып қаласың. Ал, қайнатқанда суға көлденең салып, көлденең кептіру керек. Алғашқы мүйіздің сорпасы майланып, жақсы шығады.
Байқағанымыз, марал баяу өсетін жануар. Жылына бір рет төлдейді. Қозықасын аяқтанғанша күтіп, қара суықта қалқада ұстайды шаруалар. Аяғын толық нық басу үшін 10 шақты күн керек.
Шаруа иесі марал қанымен емдеу демалыс базасын келесі жылы іске қосуды жоспарлауда. Жалпы, маралдың қаны жүйке жүйесін, жүрек-қан тамырларының жұмысын қалыпқа келтіреді, гинекологиялық, урологиялық ауруларды емдейді екен. Қысқасы, Ақтоғайға «сарыбелдің ортасы, марал мүйізінің сорпасы» деп туристтер ағылатын күннің ауылы алыс емес…
Қасымхан ҒАЛЫМ.