Мал емдеуде маман тапшы

1964 жылы Алтайдағы кішкентай ғана қазақ ауылында дүниеге келіп, аттың жалында, түйенің қомында өскен Бейсенхан Лударинұлы да өзге қатарластары сияқты өмірлік кәсібін төрт түлікпен байланыстырған. Ауылшаруашылығы техникумынан «мал дәрігері» мамандығы бойынша білім алып, күні бүгінге дейін өз кәсібі бойынша қызмет істейді. Өз кәсібінің «жілігін шағып, майын ішкен» маманның өзге қызметшілер сияқты жұмыстан тыс уақыты бола бермейді. «Демалыс күндері де жұмыс па?» деген сұрағымызға елдің итін де емдейміз деп жауап берген жігіт ағасының сөзін «әзілі шығар» — деп ойласақ, шынымен де «адамның досына» көмек көрсетеді екен. Жұмыстың кейбір ауыртпалықтары жайында: «Тәуліктің кез келген уақытында шақыру түсуі мүмкін. Біреу малым ауырып жатыр дейді. Тағы біреудің малы тұра алмай қалуы мүмкін. Сондай жағдайда бізді шақырады. Барып, тиісті вакциналарды, болмаса қажетті витаминдерді қолданып көмегімізді көрсетеміз. Көшедегі қаңғыған иттерді құрту да біздің жұмысымыз. Итім ауырып қалды, жазып беріңіздерші – деп қоңырау шалатын тұрғындардың үйіне барсақ тайыншадай иттері үріп, ауласына жолатпайтын кездері де болады» — дейді Бейсенхан Лударин.

Теміртау қаласы бойынша (Ақтау кенті мен Мырза станциясын қосқанда) 4 мыңға жуық ірі-қара, 5 мыңға жуық ұсақ мал болса, олардың көктемгі, күзгі вакциналарын егіп, қан сараптамаларын алатын мамандардың саны екі-үшеу ғана. «Күн жылынып мал өріске шығатын кезде жұмысымыз көбейіп кетеді. Өзімізге тиесілі аумақтағы тіркелген малдардың тізімін жасап, көктемгі екпелерін егіп біткенімізше шілде болады. Одан кейін күзгі екпе жұмыстары, оны қыркүйектің аяғына дейін аяқтауымыз керек. Бөлімге қажетті маман жеткіліксіз. Жалақының мардымсыз болуынан жастардың ветеринарлық салаға келгісі келмейді» деген маманның сөзі шындықтан алыс емес.

Тәуелсіздігімізді алып, жеке ел болған кезде әр саладағы бұрыннан қалыптасып келе жатқан байланыстар үзілді. Бұл – мал шаруашылығы жүйесінің де ыдырап, күрделі өзгеріске түскен кезі болатын. Бұрын мемлекеттің меншігі болған кәсіподақ, совхоздар тарап, жекеменшікке өтіп, көптеген оқу орындарындағы агроном, мал дәрігері деген сияқты мамандықтар қысқартуға ұшырады.

Елбасының Жолдауларында басымдық берілетін басты салалардың бірі – ауыл шаруашылығы саласы болса, көшпелі жұрттың кәсібі мал шаруашылығын дамытудың да маңызы зор. Өз саласын жетік білетін мамандарды көптеп оқыту, министрлік тарапынан қолдау жасау да өзекті мәселелердің бірі болып тұр.

Шолпан САНАҚБАЙ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.