АймақБас тақырып

Қарағанды зообағында жолбарыстың қос шөнжігі дүниеге келді

Қарағанды хайуанаттар бағында 30 сәуір күні Мия мен Батыр атты Амур жолбарыстарының жұбынан екі марғау дүниеге келді. Туған сәтінде салмағы небәрі 450 және 530 грамм болған шөнжіктер бүгінде көзге көрінердей жетіліп, әрқайсысының салмағы 3 келіге жуықтаған. Қос марғаудың (біреуі – еркек, біреуі – ұрғашы) жағдайы мамандардың жіті бақылауында.

Суреттерді түсірген автор

Амур жолбарысы – әлемдегі ең ірі әрі сирек кездесетін жыртқыштардың бірі. Табиғатта оның саны шектеулі болғандықтан, әрбір жаңа туған шөнжік ерекше бақылауға алынады. Оның үстіне, қазір Қазақстанда жойылып кеткен Тұран жолбарысының тарихи мекенін қалпына келтіру мақсатында Амур жолбарысын жерсіндіру жобасы жүзеге асып жатыр. Ғалымдар бұл екі жолбарыс популяциясының табиғи-генетикалық жақындығын жиі атап өтеді.

Қарағанды хайуанаттар бағының жыртқыш аңдар бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Айтбек Намазбаев Бәкібайұлының айтуынша, шөнжіктердің жағдайы мамандардың тұрақты бақылауында.

Шөнжіктердің хал-жағдайы ұдайы қадағаланып отыр. Біздің зообақта Мия атты жолбарыс екінші рет күшіктеді. Бұл жолы біреуі – еркек, біреуі – ұрғашы. Қан тазалығы мен тұқым сапасын сақтау мақсатында алдағы уақытта басқа хайуанаттар бақтарымен жолбарыс алмасып, популяцияны көбейту жоспарда бар, – деді ол.

Айтбек Бәкібайұлының сөзінше, жолбарыстар табиғатынан жалғыз жүретін жыртқыш. Сондықтан оларды жұптастыру, ұрғашы жолбарыстың күйзелісін азайту, сау шөнжік алу – ұзақ дайындық пен мұқият күтімді қажет ететін жұмыс. Әсіресе, алғашқы айлар ең жауапты кезең. Жаңа туған шөнжіктердің иммунитеті әлсіз, сыртқы дыбыс пен артық қозғалысқа сезімтал келеді. Сол себепті кішкентай жыртқыштар алғашқы уақытын арнайы тыныш аймақта өткізді. Мұндай жағдай аналық жолбарыстың мазасызданбауына және марғаулардың қалыпты жетілуіне мүмкіндік береді.

Зообақ қызметкерлері шөнжіктердің әр қимылын, тәбетін, салмақ қосу динамикасын, мінез-құлқын жіті бақылайды. Жыртқыш аңның табиғи түйсігі ерте байқалғанымен, олардың толық жетілуі үшін уақыт пен жүйелі күтім қажет.

Қос шөнжікке әзірге есім қойылған жоқ. Қарағанды хайуанаттар бағы бұл іске қала тұрғындары мен жануарлар әлеміне жанашыр жандарды да қатыстырмақ. Әлеуметтік желіде арнайы байқау жарияланып, зообақтың Instagram парақшасындағы соңғы жазбада оның шарттары түсіндірілген.

Бір жағынан, Іле-Балқаш өңірінде Тұран жолбарысының тарихи мекенін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатса, екінші жағынан, Қарағандыда Амур жолбарысының жаңа ұрпағы өсіп келеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button