Жаңалықтар

Майдан хаттары: үмітке сүйенген сағыныш

Тарихи шежіре санатындағы майдан хаттары – шайқас даласындағы жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлерді жеңіске жетелеген қуат-күштің қайнар көзі. Оларда үмітке сүйенген сағыныштың, селкеусіз сенімнің лебі бар. Ұрыстарда от кешкен ұлытаулық гвардия офицері Жүніс ҚҰЛЖАНОВТЫҢ Ұлытау аудандық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған өз отбасына жолдаған жазбаларынан осыны айқын аңғаруға болады.
Адрестері көк сиямен толтырып, «Проверено военной цензурой» деген штамп қойылған хаттардың мәтіндері қара қарындашпен жазылған. Сағынышты сәлем-хаттар «Каз.ССР, Карагандинск. обл. Улу-тауский р-н, Айртауский а/с. №5 к.з» мекен-жайына жолданып отырған. Үшбұрышты үшбу-хаттар алыстағы ауылда қалған отбасы мүшелеріне жауынгердің жан жылуын дарытқаны анық. Қағаздары мейлінше сарғайған, жазулары ежіктеп болса да оқуға жарайтындай жағдайдағы хаттардан ұлтын құлай сүйген ұланның Отан-Анаға деген іңкәрлік сезімі, туған елі мен туыс-туғандарына деген сағыныш лебі айқын сезіледі.
Уақыт керуені алға жылжыған сайын майдан шебінде, траншеялар мен окоптарда жауға қардай бораған оқтың астында жатып жазылған хаттардың құны арта түседі. Олар – архивтің баға жетпес асыл қазынасы.
Өкінішке орай, ұлытаулық ұланның маңдайына елге есен-сау оралу бақыты бұйырмаған екен. Архив деректері оның қарындасы Күлзияның ағасының тағдыры туралы мәлімет іздестіріп, жоғары әскери органдарға өтініш-тілектерін бағыттаған әрекетінен толымды ақпарат береді, мәтіні төмендегідей:
«гор. Подольск Московской области,
Архив Министерства обороны.
ЗАЯЛЕНИЕ
Мой брат, Кульжанов Жунус, 1916 года рождения, без партийный, 12 декабря 1941 года призван из Улытауского района в ряды КРАСНОЙ АРМИИ на войну с фашистскими захватчиками.
Сохранились некоторые письма, я излагаю краткое содержание:
В 1942 году учился в офицерской школе. Узбекская ССР, Ташкентская область, гор. Чирчик, 6 часть 126/4. Пулеметное военное училище. В 1943 году ехали на фронт, проезжая через Харьков и Саратов написаны письма. Адреса: гор. Харьков, часть 285. Был курсантом. Узбекская ССР, гор. Термез, часть 150, 10 рота… 20 декабря 1944 года на фронте был ранен в правую ногу, находился в Харьковском госпитале. Пролежу месяц и на фронт. Адрес: гор. Харьков, ст. Основа, часть 285…»
Хат мәтінінде әрі қарай табылған деректер жолдау жөнінде өтініш айтылады. Оған СССР Қорғаныс министрлігі Кадрлар Бас басқармасынан мынандай мазмұндағы жауап түсіпті:
«На Ваше письмо сообщаю, что по учетным документам Главного управления кадров командир пулеметного взвода 198 гвардейского стрелкового полка 68 гвардейской стрелковой дивизии старший лейтенант КУЛЬЖАНОВ ЖУНУС, 1916 г. рождения, уроженец Улытауского района, Карагандинской области, погиб в бою 23 января 1945 г. и захоренен в дер. Дунафёлдвар, Венгрия.
Начальник отдела ВОЙТЕНКО»
Мемлекет басшысының «Бұл Жеңіс – жанқияр ерлік пен қайсарлықтың жеңісі… Біз үшін соғысқа қатысушылардың ерліктері туралы естеліктер қашанда қасиетті» деген сөзі – сол кезеңдегі адамдардың санасына сіңген ертеңгі күнге селкеусіз сенімінің, сол сенімнен бастау алған баһадүрге тән әрекеттеріне берілген шынайы баға. Оның тыл майданындағы қаһармандарға да тікелей қатысы бары күмәнсіз.

ҰЛЫТАУ ауданы.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button