Жаңалықтар

Маңызды мәселе талқыланды

Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Асхат Оразхан мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берік Ахметов Жаңаарқа ауданында мақсатты жиын өткізді. Аудан әкімі Юржан Бекқожин төрағалық еткен басқосуға аудандық сот төрағасы, аудан прокуроры, ішкі істер бөлімінің бастығы, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен мамандары, кент, ауылдық округтер әкімдері, мектеп директорлары және жеке кәсіпкерлер қатысты.

2019 жылдың І жартыжылдығында «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры мемлекеттік органдар арасындағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау бойынша халық арасында арнайы зерттеу жүргізген болатын. Сауалнама тәсілі арқылы жүргізілген жұмыс нәтижесі туралы Асхат Оразхан баяндады. Сондай-ақ, жиында сөз алған Берік Ахметов маңызды мәселеге қатысты жергілікті халық арасында ақпараттық түсіндіру шараларын жүйелі ұйымдастыру және оның тиімділігінің алғышарттары туралы сөз қозғады.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі Юржан Бекқожин баяндама жасады.

– Ауданда әр мемлекеттік қызметшімен сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтар мен өзге де қылмыстар жасауға ықпал ететін әрекеттер үшін қатаң жазаланатыны жөнінде келісімдер жасалынған. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 6,10-баптарына сәйкес, аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдардың, кент және ауылдық округтердің әкімдеріне, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары мен мекеме, кәсіпорын қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мінез құлықты қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін дер кезінде анықтап, оның белгілерінің жолын кесу, әдептілік, заңдылық, ашықтық принциптерін ұстау, мүдделер қақтығысына жол бермеу, тағы басқа стандарттар аудан әкімінің өкімімен бекітілген. Бекітілген құжат реестр арқылы мекемелер мен кәсіпорындарға таратылған және толық таныстырылған. Апта сайын аудан әкімінің кеңейтілген аппараттық кеңес отырысында мемлекеттік органдар басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне бөлінген бюджеттік қаражатты уақытылы, тиімді әрі сапалы игеруге, қаржыны игеру кезінде заң бұзушылыққа жол бермеу жөнінде қатаң талап қойылады, тиісті тапсырмалар беріледі. Алайда, биыл ғы жылдың мамыр-қазан айларының аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі мен Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитеті экономикалық тергеу департаментінен құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар қолдану туралы түскен ұсыныстарды қараудың нәтижесі бойынша бес лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде аудан әкімінің екі орынбасары, екі мемлекеттік мекеменің басшысы, бір коммуналдық кәсіпорынның директоры бар. Аудан әкімінің орынбасары мен аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды, – деген аудан әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларының орындалуы тұрақты назарда болатынын да атап өтті.

Облыстан келген жауапты тұлғалар қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап беріп, қоғам үшін маңызды мәселенің өзектілігін тағы бір мәрте екшеді.

Индира РАХЫМБАЕВА.

Басқа материалдар

Back to top button