Ресми

Мақсат – қайта тәрбиелеу

Кез келген өркениетті қоғамда адам – ең басты байлық. Демек, адамның құқықтарын қамтамасыз ету – мемлекеттің демократиялық келбетінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Өткен жылы Ата Заңға енгізілген өзгерістер де осыны көздегені анық. Әлбетте, өзгеріс енгізу бір күнде пайда бола қалған шешім емес. Ол азаматтардың сұранысына негізделді және қоғамның мүддесі үшін жасалды. Себебі, уақыт бір орында тұрмайды. Тиісінше, заңның өзін өзгертіп отыру – уақыт талабы.

Американың Тәуелсіздік декларациясының авторларының бірі Томас Джефферсон әр 19 жыл сайын Конституцияны өзгерту керек деген уәж айтады. Олай деуінің себебі – дәл осы уақыт аралығында тұрғындардың жартысына жуығы жаңарады. Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Виталий Хан да осы пікірде. Бүкілхалықтық референдуммен Ата Заңға енгізілген өзгерістер жайлы айтқанда профессор ең бірінші Қазақстанның өлім жазасынан түбегейлі бас тартуы – демократиялық қоғамға жасалған нақты қадам екенін айтады. Яғни, жазаның ең ауыр түрінен бас тарту – уақыт талабына сәйкес қажеттіліктен туған. – Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер алдымен қазақстандық қоғамдағы құқықтық сананы өзгертуге бағытталған. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған өзгерістердің ішіндегі айрықша айтуға болатыны – Қазақстанның өлім жазасынан түбегейлі бас тартуы. Ата Заңымызда мемлекеттің ең қымбат байлығы адам деп жазылған. Өркениетті қоғамдағы жазалаудың мәні – адамды ұрып-соғу немесе көзін жою емес. Керісінше, қылмыстық сананы өзгертіп, оны қайта тәрбиелеу. Кеңестік қоғамда құқықтық мәдениет және әлеуметтану, психология сияқты ғылымдардың даму деңгейі аса ауыр қылмыс жасайтындарды қайта тәрбиелеуге мүмкіндік берген жоқ, – дейді Виталий Вячеславович.

Ғалымның айтуынша, кеңестік құқықтың да мақсаты – адамды қайта тәрбиелеу. Бірақ, өкінішке қарай, ауыр қылмысқа баратындарды қайта тәрбиелеу мүмкін болмағандықтан, жазаның ең жоғарғы түрін қолдануға мәжбүр болған. Ал, бүгінде психология ғылымы қылмыстық сананы өзгертіп қана қоймай, оны түрлендіру мақсатында белгілі бір сценарий жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, психологтар әзірлеген белгілі бір арнайы процедуралар адамды қайта тәрбиелеп, санасын өзгертуге мүмкіндік береді.

«Әрине, бүгінде оның барлығы құқық саласында толық жүзеге асуда деп айтуға әлі ертерек. Себебі, өздеріңіз білесіздер, елімізде психологтардан заңгерлер көп. Бірақ, оған да келетініміз анық», – дейді Виталий Хан.

Конституцияға енгізілген өзгерістердің барлығы адам құқықтарының қорғалуына оң әсер ететінін айтады профессор. «Азаматтарымыз Ата Заңмен белгіленген құқықтарын пайдалануы керек. Әрі пайдаланып қана қоймай, өздерінің құқықтық саналарын өзгертулері тиіс», – дейді ол.

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button