«Мәз болам былғанбаған арым барға»

Өлең – ән, өлең – кіршіксіз сезім. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Жарас СӘРСЕКТІҢ өлеңінің әр жолдарынан осы лепті сезінеміз.
Ақынның «Орталық Қазақстан» газетімен шығармашылық байланысы үзілген емес. Ормандай оқырманымыз Жарастың қаламынан туындаған дүниелерді талай мәрте газет беттерінен тұщына оқыды.
Жарас – табиғатпен үндес ақын. Оның «Керуен көшіп барады», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Қастерлім», «Түнемел» атты жыр жинақтары – туабітті болмысы һәм өмір айнасы сынды. Олай болса, бүгінде еңселі елудің биігіне көтерілген ақынды Арқа жұрты атынан құттықтай отырып, бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Кемеліне келген ақынның толғанысына, парасатына, асқар биігіне көз салыңыз, мәртебелі оқырман!
РЕДАКЦИЯДАН.

Жолаушының
көкейіндегісі

Дала көрдім…
Тау мен тас,
Өзені бар,
Қарағайы,
Қайыңы – өзегі бар.
Неткен ғажап өңір бұл, Тәңірім-ау,
Ақпен шайған ауызын өз елі бар.

Неткен ғажап өңір бұл гүл жайнаған,
Перзентінің қанында жыр қайнаған!
Келіп алып кете алмай кері қарай
Кербестімді тізгіндеп, шыр айналам.

Қимас қалқам қалғандай қиналамын,
Қиналғаным – емес бұл сыймағаным.
Пұл берсем де жатпас па ем бір жағында,
Бір жағынан жоқ және жинағаным.

Тым болмаса тисін деп пайдам бір шын,
Ақыл айтқан ұлына айлам құрсын.
Туған жердің қадірін туған ұлы
Тұрып жатқан шағында қайдан білсін.

Жер қадірін білместен мен де солай
Жырақ кеткем жылыстап елден солай.
Өз жеріне өгей боп шерленеді
Өмір жолын шиырлап пендең солай.

Туған жердің түсімде түнін көрем,
Күнін көрем көгінде күлімдеген.
Өзге өңірге тамсанып өз жеріме
Өлу үшін барармын түбінде мен.

♦ ♦ ♦

Қысылсаң да түсіне алмай жырымды,
Түсіруге еш хақым жоқ құныңды.
Айтады екем саған ғана сырымды,
Саған ғана шағады екем мұңымды.

Сен жоқ жерде болады деп күнім не,
Ойламаппын,
Түсінбеймін, мұным не?
Сенен сұлу қыз жоқ еді бір кезде,
Сенен сұлу әйел де жоқ бүгінде.

Менсіз сен де мұңдылаусың, білемін,
Мен дегенім – сен тудырған жыр едім.
Сен аман бол,
Сен аман бол,
Аман бол,
Жүрегімнің ішіндегі жүрегім!

Қара суық

Қар алыстап барады қара жерден,
Біз алыстап барамыз қара керден.
Қар егіздей еді ғой қара жермен,
Біз егіздей едік қой қаракермен!

Қарды қалай жауғызам қара жерге,
Қалай құрық салғызам қаракерге?
Ақ-қарасы алмасқан ай-жылдардың
Хақ Тағалам, ажарын ала көрме.

Ала көрме, ажарын ала көрме,
Мейірімді едің медет бер жаралы елге.
Қайта қонсам демейін қара керге,
Қалықтатып қар жібер қара жерге.

Қалықтай кеп қонатын баспалдаққа,
Қар да қазір білмеймін қашқан бақ па?
Қарсыз қалған қаңтарда аңтарылып,
Қарайған жұрт қарайды аспан жаққа.

Біз көктемді көргенбіз,
Қандай еді,
Шартарапқа ынтызар таңдай еді!
Шама біткен,
Шаршаған шақта келіп,
Шуақ шашқан бейне бір жандай еді!

Жайдары еді-ау жаз келсе жанның бәрі,
Сөздің – сөлі болатын,
Әннің – дәні.
Егістікте тербелген көк егіннен,
Таңдайыңа келетін нанның дәмі.

Күй төгілтіп содан соң күз келетін,
Қырман қызған,
Қызық көп біз көретін.
Бір жақыным айттырып келін алса,
Бір жақыным ұзатып қыз беретін.

Көктем – сезім,
Жаз – айту,
Күз – үйлесім,
Әрі-сәрі әйтеуір бір күйдесің.
Өмір дейтін қазанат қара тер боп,
Өлеңдетіп сүйрейді жыр күймесін.

Баяғы сол балалық кекілді еді,
Бүккен сырың көзіңде, бетіңде еді.
Қыз есімін қызықтап қарға жазған,
Қыс мезгілі ақ қағаз секілді еді…

Қар шақырған қарқылдап жаман қарға,
Қап кеткендей сонау бір замандарда…
Қыс қысылып қарайды қара жер мен
Ақ ұлпасын сағынған адамдарға.

Қалай айтам, білмеймін, балаларға
Қалай жат боп кеткенін дала қарға.
Қараша үйде қалқайып тың тыңдаймын,
Қарқылдайтын шығар деп қара қарға…

Біздің өмір

Кезім жоқ-тын махаббаттан шет қалған,
Түн ұйқымды әлдилеп тек текті арман.
Сүйген кезім сүйкімсізбен дос қылып,
Кесіп тұрып көкейімнен кекті алған.

Махаббаттың шарабына мас болған,
Қызыл көрсем қызып кетер жас болғам.
Қызға сыйлар гүл жұтып ап қалтамды,
Талай-талай аш қалғам.

Болған, болған ондай сәттер көп менде,
Құштарлығым ауып құшып-өпкенге.
Қыздар біткен жауынға ұқсас болатын,
Жағаласып жауатұғын көктемде.

Мен жаз едім – жаңбыр тілеп жабыққан,
Мен күз едім – жаңбыр тілеп тарыққан.
Далам таза болсын деген шығармын,
Жағам таза болсын деген шығармын.

Анам үйде жатсын деген шығармын,
Күткен таңы атсын деген шығармын.
Жауынға ұқсас жәудір көзге жәутеңдеп,
Шырағымды жақсын деген шығармын.
Сол жауынмен бүгін үйде жолығам,
Сыртта нөсер тереземді торыған.
Бе-е-еу мөлдірім, көп жаумашы,
Сіңіру
бар жауында келмейді екен қолымнан.

Жетелейді бүгін мені жол басқа,
«Көпшіл» көңіл…
Не айтам саған, о қасқа?!
Танылыппын мынау жарық жалғанға,
Қаз-жауынға құштар болып о баста.

Сол сезімді келмеп еді шектегім,
Көнбеді оған өмір дейтін мектебім.
Дүние маған бара жатыр жұмбақ боп,
Жеткізбейді жеткенім…

Адасқақтың
айтқаны

Сыйласар көп сырласқа сыйым болмай,
Жүрген-ай мына күнде күйім болмай.
Сыздаған жүрегіме сырқат жамап,
Дертті еткен қу мінезім қиын қандай!..

Құлаған қиын қандай әлің барда,
Әжімсіз ажарың бар,
Әрің барда.
Сыртымнан сырқатымды емдеп жүрген,
Сиқыршым,
Дәрің бар ма,
Дәрің бар ма?

Білмеймін, қазір менде жалын бар ма,
Мәз болам былғанбаған арым барға.
Аспанда ұша-ұша аш құрсақпын,
Алданып ағымдар мен сағымдарға.
Құлдилап құшағыңа келем құлап,
Жер-Апа-ау, наның бар ма, наның бар ма?

Айтпаған,
Айтылмаған әнім де алда,
Әу дейін қу кеудемде жаным барда.
Бір торғай бір жағымда шырылдайды,
Құс патшам,
Дәнің бар ма,
Дәнің бар ма?

Қиялап тартсам деп ем кезеңіме,
Өмірім өрт боп түсті өзегіме.
Аптапта көлеңке іздеп аласұрам,
Су патшам,
Ағыз мені өзеніңе.

Кәрінен уақыт пен замандардың
тал қармап талай-талай аман қалдым.
Қалғу жоқ қазір маған
қайтармаған
алдында қарызым көп адамдардың.
Онсыз да өкінішке толы өмір бұл,
Онсыз да келер бәрін тәмамдар күн.

Қол да аман,
Аяқ – мығым,
Бас – қалпында,
Жан-дүнием жалындайды жас қалпында.
Кез әлі келген жоқ-ау
қыр басынан
қасқайып қарап тұрар тас қалпымда.

Қиялап тарттым, міне, кезеңіме,
Қарамай қарайғанның кезегіне.
Осыдан көлеңке іздеп көзге түссем,
Су патшам, ағыз мені өзеніңе.

Жарас СӘРСЕК,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.