Жаңалықтар

Мәншүктің майдандасы

1912-1940 жылдары аралығында дүние есігін ашқан ұрпақтың ғұмыр баяны өте күрделі болды. Олардың сәбилік, бозбалалық шағы зұлмат ашаршылыққа, ел басына екіталай күн туған кешегі екінші Дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келді. Тіпті, олардың балалық шағы да болған жоқ деуге болады. Бұғанасы қатар-қатпастан ел өміріндегі ауыртпалықты үлкендермен бірге бастан кешірді. Өмірдің өзі оларды ерте есейтті. Сондай жандардың бірі – Байғозы Әлтайұлы НАҚЫПТЕГІ еді.
Әкеміз 1912 жылы 16 қаңтарда қазіргі Жаңаарқа ауданы, Қараағаш ауылы, Жартас қыстағында дүниеге келген. Адам баласы маңдайына жазылғаннан қайда қашып құтылсын?Буыны беки берген 13-15 жас шамасында әке-шешеден айырылды. Мұның алдында інісі Мүсәйіп пен бір қарындасы шетінеген екен. Сөйткен әкеміз жеті атадан жалғыз қалып, тағдырдың тауқыметін тартып ер жетеді. Қазақтың кіл қаймағын қалқып алған 1937 жылы бүгінгі Тараз қаласының тумасы, анамыз Рахима Самбетовамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Тіпті, 1940 жылы Іскендір атты ұлдары да өмір есігін ашқан болатын.
Ол екі ортада Ұлы Отан соғысы басталып, әкей өз отбасын туысы Әліп әкеміз бен Шәрбан шешемізге аманаттап, өзі соғысқа аттанады. Сөйтіп, 1941 жылы оқ пен отқа оранған Ржев қаласында алғашқы шайқасына қатысқан әкеміз кейін, жан алысып, жан беріскен талай қырғынды бастан өткерген болатын.
Сол жылдарды еске ала отырып, «Бір күні алапат айқас болды. Жауды жеңіп, қарсы беттегі біздің әскермен қосылдық. Жаныма келген еуропалық бір жауынгер өзі келген тұсты нұсқап, «ана қырдың астында сенің жерлестерің қырылып жатыр» деді. Бұл сөзді ести сала әлгі айтқан қырға жүгірдім. Төбеге шыға келсем, төменде тарыдай шашылған жауынгерлер мүрдесі. Ботадай боздап, мәйіттердің ортасында қанша отырғаным есімде жоқ. Көз алдым қарауытып, ештеме көрмей қалды. Сөйте жүріп, қанша мәйіттің бетін жапқаным да белгісіз. Амал жоқ, бір орында көп тұрақтай алмаған соң, жауға қарсы аттанып кеттік. Осындай адам шошырлық қырғындарды көріп, аман қалдық. Тіпті, Мәншүк Мәметова қаза тапқан жерде де соғыс қимылдарына қатысқан екенмін. Яғни, Мәншүк Мәметовамен майдандас болыппын. Бірақ, оны кейін білдім ғой. Сол алапат шайқастың бел ортасында мен де болған екенмін» дейтін еді Байғозы Әлтайұлы.
Ақыры, 1945 жылы жауды жеңіп, елге оралар кезде жапон әскеріне тойтарыс беруге қосымша 2 полк әскер жасақталсын деген жоғарғы жақтан бұйрық келеді. Алайды, жауды кеңес әскері қосымша әскерсіз жеңеді. Сөйтіп, 1945 жылы қыркүйекте әкеміз аман-есен елге оралып, Рахима анамызбен қайта табысады. Тату-тәтті ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар өмірге 10 бала әкеледі. Амал қанша? Аштық пен саяси қуғын-сүргін жылдарынан, қан майдан соғыстан аман қалған әкеміз осыдан тура 20 жыл бұрын 1998 жылы қаңтарда 86 жасқа қараған шағында өмірден озса, анамыз 2002 жылы ақпанда бұл фәни дүниеден өтті.

Серкебай ӘЛТАЕВ,
баласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button