Бас тақырып

«Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтары қойылды

9 мамыр – Жеңіс күніне орай Қарағандыда «Мәңгілік алау» мемориалында салтанатты митинг-реквием өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, әскери қызметшілер, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сондай-ақ, бұл күні Ұлы Отан соғысына қатысқан отандастарымызды еске алу үшін «Мәңгілік алау» мемориалына қарағандылықтар да жиналып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі мен оның орынбасарлары, сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін үйлерінде арнайы құттықтап шықты. Оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтау ашық хаты мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалі табыс етілді.

Ермағанбет Бөлекпаев 100 жасқа толған соғыс ардагері Мария Шинкевичтің үйіне барды. Ол 19 жасында әскер қатарына алынып, мергендер мектебінен өтіп, майданға аттанған. Үшінші Беларусь және Бірінші Украина майдандарында шайқасып, Чехословакияны азат етуге қатысқан. Жеңісті Прагада қарсы алған. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г. К. Жуков», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін түрлі мекемелерде кадр инспекторы және экономист болып еңбек етіп, 1983 жылы зейнетке шыққан.

– Соғыстан кейін туған жеріме оралдым, мен үшін ең жақсы елде – Қазақстанда өмір сүріп келемін. Мұнда менің ата-анам жерленген, мұнда менің Отаным. Баршаңызға денсаулық пен бейбіт аспан тілеймін! – деді Мария Шинкевич қарағандылықтарды Жеңіс күнімен құттықтап.


Облыс әкімі 102 жастағы ардагер Сұңғат Саттығұловқа да арнайы барып құттықтады. Ол 18 жасында Алматы жаяу әскер училищесінен кейін майданға аттанған. Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысып, ауыр жараланған. Емделіп шыққан соң майданға қайта оралған. Сұңғат Саттығұлов Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін құрылыс саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, 1956 жылдан бері Қарағандыда тұрып келеді.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында сегіз соғыс ардагері өмір сүруде. Оларға Жеңіс күніне орай 5 миллион теңгеден бір реттік материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, тыл еңбеккерлеріне, концлагерь тұтқындарына, қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға да тиісті әлеуметтік қолдау берілді.

Мерекелік күн ардагерлерге деген құрмет пен алғысқа толы жылы кездесулермен, тағзым сәттерімен және ұрпақтың мәңгі есінде сақталатын тарихи тағылыммен өрілді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА 

Басқа материалдар

Back to top button