Әлжантегінің ақзер әлемі
Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург Төкен Әлжантегінің мерейлі 70 жасына орайластырылған «Жазушының жарқын әлемі» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Тағылымға толы шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Сүйіндік Жанысбай мен ақын Ерқанат Кеңесбекұлы прозаик-жазушының әдебиет әлеміне келуі, шығармашылығы һақында ой толғады. Өз кезегінде «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қасымхан Ғалым Жаңаарқа жерінің әнұранына айналған «Жаңаарқа вальсі» әнінің шығу тарихына тоқталып өтті.
Кешке қатысқан Қарағанды медицина университетінің І курс студенті Әбдірасул Жарқымбай «Жаңаарқа вальсі» әнін орындаса, кітапхана аясындағы «БОТА» орталығының мүшелері Бекзат Берістем, Мөлдір Ілияс, Ерболат Орынбасар қазақ ақындарының әрі өздерінің тырнақалды туындыларын жатқа оқыды. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері күй шертті.
Оқырман назарына ұсынылған «Шебер қаламгер» атты бейнебаян Төкен Әлжантегінің жазушылық шеберлігі мен өмір жолы турасында молырақ мәлімет алуға мүмкіндік ұсынды. Кітапхана қызметкерлері жазушының кітаптарына шолу жасады.
Әдеби шараға қатысқан «Болашақ» колледжінің студенттері жазушы шығармаларының құнарлы тілі, өзіндік жазу шеберлігі, қаламгердің баға жетпес мол мұрасы туралы көкейіндегі пікір-сауалдарын ортаға салды.
Еске салып өтелік, Т.Әлжантегі «Қымқиғаш тіршілік», «Ақ-қараның арасы», «Сегіз сері», «Сарбас ақын» атты романдардың авторы. «Періштелер жерде ғұмыр кешпейді» драмасы еліміздің бірқатар театрларында сахналанды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz