Ұлытау

Ұлытау баурайындағы дүбірлі думан

Ұлытаудың табиғаты да тосын мінезді. Бір түн төпелеген нөсер дүлей дауылға ұласып, сенбіге салым сап тыйылды. “Той қалай өтер екен?” деп алаңдаған көпшіліктің күпті көңілі жай тапты. Таңмен таласа төңіректі тұмшалаған қалың тұман сәскеге жетпей сейіліп, Ұлытаудың ұшар басына қонақтаған көкшулан бұлт түске таман ыдырап, жарқырап күн шықты. Ауданның 80 жылдығы мен Тайжан ақынның 140 жылдығына арналған дүбірлі думан жиналған жұртшылықтың көңілін жадыратты. Шырайлы шараға Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров пен облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысып, сөз сөйледі.

ТАРИХТЫ ТАМЫРЛАТСАҚ

 Егер табаныңның астындағы қара тасына дейін қастерлі қарт Ұлытауға тіл бітсе, қазақтың тарихындағы талай ойранды оқиғаны, тәлімі терең небір өнеге үлгісін алға тартар еді. Таудың ең бір биік тұсында елдің қамын жеген Едіге жатыр. Жаугершілік заманда Ұлытауға ат шалдырған Ақсақ Темір тасқа қашап белгі қалдырған.

Тарих тұңғиығынан сыр суыртпақтап, Алаша хан мен Жошы ханның сыры кетсе де, сыны сақталған керемет кесенесі тұр. Қара тастан қиюластыра қаланған Домбауылдың кесенесі сәулет өнерінің үздік үлгісі десек, кім қарсы уәж айта алар?! Талдысайдағы қазба жұмысы қаншама құнды деректі көптің көзайымына айналдырды. Айта берсек, бір мақала емес, том-том кітап аздық етері анық.

Ел тағдыры таразы басына түскен қилы кезеңде игі жақсылар осында жиналып, тарыдай шашылған қазақтың басын біріктіріп, көшпелі елді көшелі елдің қатарына қосудың қамын қарастырған. Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сынды аузы дуалы билері тізе біріктіріп, атажұртқа көз алартып, сан соқтырып жүрген жаудан туған топырақты қорғауда иісі қазақты қуатты күшке айналдыра білді.

Қазақтар ойратты ойсырата жеңіп, талқанын шығарды. Сөйтіп, кезінде “Кәрітау”, “Көктөбе”, “Мұзбел” атанып келген, жағалай көкжелек көмкерген көз тартар көркем таудың етегінде Елдік пен Ерліктің туы көтеріліп, дуалы ауыз даналар: “Бұның аты бұдан былай Ұлытау болсын” деп бәтуаласты. Қойнауы құт, тасы тарих қарт Ұлытау – қалың қазақтың ортақ мақтанышы, мерейі.

БҮГІННІҢ БЕДЕРІ

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1939 жылғы 16 қазандағы Жарлығына сәйкес, Ұлытау Қарсақбайдан бөлініп, жеке шаңырақ көтерді. “Ұлытау ауданын құру туралы” сол тарихи құжатқа Ұлытаудың төл перзенті Әбсамат Қазақбаев қол қойды.

Ұлытаудың аудан мәртебесінде тұсауы кесілген тұста 23 ұжымшар, 8 селолық және 1 кенттік кеңестен құралған оның шаруашылықтарында 10 682 қой, 9 167 ешкі, 6 377 ірі қара, 508 жылқы, 32 түйе болған екен. Білгенін істеген биліктің бишігі бір кездері Ұлытау мен Қарсақбайды қайта қосып, Жезді ауданын құрды.

1972 жылы Ұлытау Жездіден бөлініп, тағы жеке шықты. Ал, 1997 жылы мамырда Жезді Ұлытауға қосылды. Бүгінде ауданда 164 мың қой мен ешкі, 53 400 ірі қара, 37 300 жылқы бар. Мыңнан астам шаруа қожалығының әрбір оныншысы егіншілікпен айналысады. Ұлытаудың жоғары сұрыпты сапалы бидайы өтімділігімен ерекшеленеді.

Қазір аудан тек ауыл шаруашылығымен ғана айналыспайды, аумағында кең тынысты өндіріс орны да бар. Биыл бірінші жартыжылдықта 1 446,7 миллион теңгенің өнімі тұтынушыларға жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен (576,3 млн. теңге) салыстырғанда үш есеге жуық артық.

Құрылыс қарқыны артып келеді, жылдың алғашқы алты айында 25 145,6 миллион теңге (былтыр алты айда — 683,6 млн.) қаржы игерілді. Жобалық-сметалық құны 718 миллион теңге тұратын туристік сапар орталығы салынып жатыр. Амандық болса, жыл аяғына қарай пайдалануға беріледі.

Қойнауы құтты Ұлытау табиғаттың бұйыртқан байлығын халқының игілігіне жаратуда. Ауданның жерін пайдаланған “Қазақмыс” корпорациясы мен мұнай өндіретін бірнеше компания жыл сайын жергілікті бюджетке қыруар қаржы құяды. Әсіресе, әлеуметтік әріптестік байланыс нығайып келеді.

ӘН ӘЛДИЛЕП, КҮЙ ТЕРБЕДІ

Ауданның 80 жылдығына орай, стадионмен іргелес саябаққа тойдың қадірлі қонақтары мен ауыл азаматтары 80 балғын балқарағай отырғызғаннан кейін қалың көпшілік орталық алаңға қарай ойысты. Мереке салтанаты Алтын орданың негізін қалаған Жошы хан жөніндегі тарихи көрініспен ашылды. Сосын жиналған жұртшылық нағашысы Үкілі Ыбырайдан бата алған Тайжан туралы қойылымды тамашалады.

Салтанатты жиында сөз алған сенатор Рысқали Әбдікеров әңгімені әріден қозғап, жүрекжарды тілегін “Мен бұдан біраз жыл бұрын Ұлытау ауданына басшылық жасаған, оның киелі халқымен, абзал азаматтарымен бірлесіп аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына шама-шарқым жеткенше қызмет еткен жылдарды өмірімдегі ең жарқын кезеңнің бірі деп есептеймін және құшақ жая қарсы алып, қапысыз қамқорлығы мен қылаусыз қолдауын аямаған Ұлытау жұртының алдында басымды иемін.

Ұлытау бүгінде дәулеті мен сәулеті жарасып, күн өткен сайын көркейіп, қарыштап дамып келе жатқан өркенді өңір. Аумағында мұнай шығуына байланысты он жылдан астам уақыттан бері облыстық бюджетті демеп отырған бірден-бір аудан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту төңірегінде нақты міндет қойды. Аудан халқын алда ұлы іс, жасампаз өмір күтіп тұр. Осы оң өзгеріс, жағымды жаңалық баянды болғай!” – деп түйіндеді.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, өрелі істердің өңірдің дамуына тигізер жағымды әсері туралы сөз өрбітті. “ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз” ЖШС департамент директоры Сейілбек Беркенов компания басшылығының құттықтауымен таныстырды. Еңбек ардагері Жақия Садықов пен жас маман Данагүл Алшынбаева жиналған жұртшылықты қызу құттықтады. Аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлытаудың тарихи мән-маңызы мен миссиясы туралы тереңнен толғап, өзінің сөзін көл-көсір тілекпен түйіндеді.

Жезқазған мен Сәтбаев қаласынан келген өнерпаздардың жергілікті әріптестерімен бірге қойған концерті кешкілік эстрада жұлдыздары қатысқан керемет думанға ұласты. Баурайында 91 бұлақ бұлқынған Ұлытауды күнұзақ ән әлдилеп, күй тербеді.

Тайжанның 140 жылдығына орай өткізілген “Тайжан ізімен” атты республикалық байқауға Павлодар мен Қызылорда облысынан, Қарағандының аудан-қалаларынан 10 үміткер қатысып, сыйақысы 1 миллион теңгені құрайтын бас жүлдені жаңаарқалық Жалын Сыздықов жеңіп алды.

Қазақ күресінен боз кілемнің шаңын қаққан ұлытаулық Ернат Төлеш пен жаңаарқалық Жылкелді Құдайберген өз салмақ дәрежелерінде жеңіс тұғырына көтерілді.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button