Ұлы өзгерістің бастауы

 

Латын әліпбиі – қазіргі заманда әлем жұртшылығы арасында кең тараған әліпби. Түркі жұртының көбі Түркия (1928 ж.), Әзірбайжан (1991 ж.), Өзбекстан мен Түркменстан (1993 ж.) латын алфавитін қолданады. Дүниежүзілік қауымдастықтың көпшілігімен еркін қарым-қатынас жасап, әлемдік ақпараттық кеңістікке кең жол ашуымызға мүмкіндік беретін графика ретінде танылып, бүгінде латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі экономикасы дамыған отыз елдің қатарынан орын алу ісіне, мемлекеттік тілдің ұлттық бет-бедерін сақтап қалуға, түбі бір түркі халықтарымен рухани-мәдени жақындасуына, электронды ақпарат құралдарын жылдам игеруге оң ықпал етеді.

Әліпби ауыстыру, жазу реформасы қоғамның әрбір мүшесіне тікелей қатысты болғандықтан, оған ешкім немқұрайлы қарай алмасы белгілі. Әркімнің үн қосып, пікір білдіргені дұрыс. Балаларымыздың болашағы үшін осындай маңызды қадамға бару – ең дұрыс қабылданған шешім деп қарауымыз керек. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту – тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады. Әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек. Ең басты ұтарымыз болашақ ұрпақ ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне жақсы жағдай туғызбақ.

Елбасы бастамасымен қолға алынған бұл іс – келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан дүние. Жалпы латын әліпбіне көшу – ұлы өзгерістің басы деп санауымыз керек.

Таңшолпан ТӨКЕНОВА, қалалық ішкі саясат,

мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің латын әліпбиі бойынша әдіскері.

ПРИОЗЕРСК қаласы