Ұлы рух салтанат құрған кеш
Кеншілер шаһары ұлттық рухтың құшағында тұр. Киіктіден түлеп ұшып, Алаштың ақиығына, қазақ әдебиетінің классигіне айналған Софы СМАТАЕВ туған жеріне, еліне келді. Біртуар жазушы, драматург, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі қоғам қайраткері Софы ағамыз 80 жылдық мерейтойына арналған «Арқаның аңызы, Алаштың абызы» атты шығармашылық кешін өз жұртымен дүбірлетіп атап өтті. Айтулы кешті облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы һәм Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы ұйымдастырды. Шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Бауыржан ЖАҚЫП, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВА, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, қазақтың қабырғалы қаламгерлері – Өмір КӘРІП, Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, белгілі ақын Бақытжан ТОБАЯҚОВ, облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ және Қарағандының зиялы қауым өкілдері мен қалың оқырман қатысты.
Ауқымды іс-шара аясында театр фойесінде Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы С.Сматаев шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Оған 60-қа жуық кітап пен мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары және тарихи фотосуреттер қойылды. Атап айтсақ, Софы Сматаевтың «Елім-ай» роман-трилогиясы, «Әзіл-әзәзіл» пьесалар жинағы, «Жылдарым-жырларым» үш томдық шығармалар жинағы және жазушының басқа мол еңбегі жұрт назарына ұсынылды. Алдымен, Софы Сматаевтың қызығы мен шыжығы мол шығармашылық зертханасы жайлы «Тұлға» фильмін тамашалады жұрт. Онда қаламгердің өмірлік ұстанымы, шығармашылық шыңдалуы, ақындық, жазушылық, драматургтік қырлары әңгіме өзегі болды. Осы тұста көрермендер арасында отырған абыз жазушыны халық тік тұрып, ыстық ықыласпен сахна төріне жайғастырды. Сахнаға Софы ағамыз жәй шықпады, «Елім-айлап» әндете көтерілді. Жиылған көпшіліктің арқасын қоздырып, жыр оқыды. Өмірінің әр кезеңін жырға орап жеткізді. Халқын сағынып қалған ақын жүрек ағынан жарылды. Ақтарыла сырласты.
– Мен 1941 жылы, 22 маусым күні таңда туғанмын. Әкем мен туған соң соғысқа аттанып, 4 жасымда келген. Біреулер мені «Соғысты ала келді» десе, енді бірі «Жеңістің рухын әкелді» деп жатады. Мен – техникалық мамандық иесімін. Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлімқұлов сынды марқасқа ағаларымның кеңесімен Мәскеудегі болат және қорытпалар институтын бітіргенмін. Техникалық мамандыққа оқығаным мені өмірде жылдам шешім қабылдауға және кез келген жағдайда нәтижелі анализ жасауға, әр нәрсені көңілге ала бермей, тек алға басуға тәрбиеледі. Бала кезімнен жазуға құмар едім. Әкем қарсы болса да, қолымнан қаламым түскен емес. Бір үлкен жиында осы «Елім-ай» әнін тыңдауым өмірімді түбегейлі өзгертті. Туған халқымның мұң-зары мен шершемені жүрегімді жуып кетті. «Елім-ай» романы осылай туды. Жарыққа шығуы да қиын болды. Табандылықпен жарық көрді. Қазір денсаулығыма байланысты поэзияға қайта келдім. Бірнеше жанрда бірдей қалам тербедім. Кенжелеп қалған рубаи жанрының тамырына қан жүгірттім. Көптеген дастан жаздым. «Елім-ай» романының 4-томын жазып жатырмын. 5-томы миымда тұр. Алла ғұмыр берсе, жазып бітірсем деймін, – деп ағынан жарылды жазушы.
Шығармашылық кешті тізгіндеген дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай жазушының өмірі мен шығармашылығы хақында кеңінен толғады. Софы Сматаевтың қазақ әдебиетіндегі алар орны мен бірегей туындыларының ерекшелігіне, өміршеңдігіне тоқталды.
– Сізді мерейлі 80 жасыңызбен облыс басшылығы һәм осы отырған жұрттың атынан құттықтауға рұқсат етіңіз. Қарағанды халқы өзіңіздей даңқты жерлесін әрқашан да мақтан тұтады. Саналы ғұмырыңызда қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Әдебиет әлеміне сіз сыйлаған шығармалар мен аудармалар, өлеңдеріңіз бен пьесаларыңыз – берісі, қазақ халқының, әріге тартсақ, адамзаттың құнды қазынасына айналды. Ұзақ жылдық қаламгерлік еңбегіңіздің арқасында көптеген кітабыңыз жарық көрді. Ол қажырлы еңбек пен қажымас талаптың нәтижесі деп білемін. Қазақ әдебиетінің тарихында «Елім-ай» романының алар орны ерекше. Бұл романды Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов бастаған әдебиет алыптары мен қалың жұртшылық жоғары бағалады. Ұлттың рухын аспандатқан, өткенге мойын бұрғызған, жұртымыздың қасіреті мен қасиетін қатар өрген шығарма болды. Сізге осы жерлестеріңізбен кездесуге арнайы келгеніңіз үшін алғыс айтамыз, мол шығармашылық табыс тілейміз. Бағаңызды өсіріп, бағыңызды арттырған Шахмина анамыздың қазасын естіп, Арқа жұрты қатты қамықты. Анамыздың жаны жәннатта болғай, – деп, тілегін білдірген облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов елдің атынан жазушының иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, облыс әкімінің ықылас гүлін тарту етті.
Сондай-ақ, кеште күміс көмей әнші Сырым Хордин «Сағындым» әнін шырқаса, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актерлері Софы Қалыбекұлының отты өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
– Адамзат жаралғалы бері шешімін таппай келе жатқан «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?» деген үш сұрақ бар. Осы кезге дейін небір ғұламалар осы сұрақтарға өзінше жауап іздеген. Софы Сматаев ағамыз да осы сұрақтарға өз шығармалары арқылы өзінше жауап берген болмысы бөлек жазушы. Қазақ қоғамы тығырыққа тірелген заманда тарихи тақырыпқа барып, ерлік танытқан Ілияс Есенберлиннен кейін Софы Сматаев тұр. Сіз – қазақ әдебиетінің классигісіз. Жамбылдың жасына жетіңіз, аға. Шығармашылық табыс тілеймін, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Арасында оқырмандардың жазып жолдаған сұрақтарына да тұшымды жауап беріп, марқайып отырды жазушы. Жары Шахмина анамызбен қалай танысқаны жайлы айтып, оқырманды қалың ойға батырды.
– 80 жасыңыз құтты болсын, Софы аға! Еліңізге, туған топырағыңызға келдіңіз. Жай келген жоқсыз. Классик болып оралдыңыз. Сексендегі басыңызбен сегіздегі баладай аңқылдап, ағыңыздан жарылып, еліңізге еркелеп жатсыз. Сізге барлығы жарасады. Біз Сізді әдебиеттегі сең бұзушы деп білеміз. Қиын заманда сең бұзып, көзсіз ерлікке бардыңыз. Өзіңізден кейінгі толқынға яғни бізге жол аштыңыз, – деп інілік ізет көрсетті ақын Cерік Ақсұңқарұлы.
Ал, Шет ауданының әкімі Мұхит Сайлауұлы жазушының туған жерінің құттықтауын жеткізіп, жазушыға шапан жауып, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Белгілі меценат, Орталық Қазақстан академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов мерейтой иесіне жүрекжарды тілегін ақтарып, Қарқабат ана медалін кеудесіне тақты. Сондай-ақ, жазушыға құрмет көрсетіп, тойына арнап 1 млн. теңге сый жасады. Осылайша, Арқа даласын дүбірге бөлеп, ұлы рух салтанат құрған айтулы кештің нүктесін Софы Сматаев ағамыз өз ел-жұртына деген шексіз алғысымен һәм өлеңімен қойды. Қалың іздеушісі мен оқырманы барда Софы Сматаевтың шығармалары өлмейтініне көз анық жетті бұл кеште.
Жәлел ШАЛҚАР.