Ұлы Дала өркениетінің перзенті
Халқына айқара құшағын ашқан, сан мыңдаған шәкірттеріне шуағын шашқан Темірғали Әбілдаұлы Көкетай – ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, ақылғөй аға, бауырмалдықтың жарқын үлгісін көрсеткен бірегей тұлға. Ұлы Дала өркениетінің перзенті, Арқаның төрінде, қасиет қонған Жаңаарқа өңірінде өмірге келген қазақ баласы қатты дене физикасындағы кең аумақты кристалдар саласы бойынша ғылыми жаңалық ашып, «ХХ ғасырдың аса көрнекті адамы» атағын алды. Әлем өркениетіндегі озық ойлы адамдардың қатарынан көрінді. Ғылыми жаңалыққа дүниежүзі ғалымдары қызығушылық танытты. Англия, Америка, Германия, Франция, Қытай, басқа да атақты университеттер дәріс оқуға шақырды. Төрткүл дүниенің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының профессорлары мен білім алушыларының алдында Темкең дәріс оқыды. Бұл – қазақ халқы үшін, университет ұжымы үшін, шәкірттері үшін зор мақтаныш.
Арда азамат кішіпейілділіктің асқан үлгісін көрсетті. Ақылын айтып, еркелете білді, еркелігімізді көтере алды, сәл-пәл тентектік болса, соның бәрін кешіріп, өкшесін басқан інілеріне қамқорлығын аямады. Халқына құшағын ашты, сан мыңдаған шәкірттеріне шуағын шашты.
Қазақтың маңдайына біткен алып тұлғадан қапыда көз жазып қалдық. Асыл ағаммен саябақта жүздесіп, емен-жарқын әңгімелескен едік. «Е-е-е, кімге опа берген дейсің бұл жалған дүние! Бәрің жақсы болыңдар! Бір-біріңді сыйлап, қолдап жүріңдер!» деп бақұлдасқандай болды. Сол сөздері көкейімде қалып қойды.
Жайлауы жарасымды ұрпақ тәрбиелеген Темкең. Ұрпағының жапырағы жайқала берсін, тамыры тереңдей берсін!
Салауат КЕНТБЕКОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері.