Жаңалықтар

«ЛУЧ» – үміт сәулесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Луч» нейрооңалту орталығында баспасөз туры өтті. Талай жанның жүрегінде үміт сәулесін жаққан мекеменің қызметкерлері орталықтың жұмысымен таныстырып, жоспарларымен бөлісті.

Қарағанды қаласында «Луч» нейрооңалту орталығы 2017 жылы ашылған. 70 орынға шақталған мекемеде инсультке шалдыққан, нейрохирургиялық және травмотологиялық оталардан кейін қимыл-қозғалысы қиындаған науқастар ем қабылдайды. Оларға жоғары санаттағы білікті мамандар қызмет көрсетуде. «Луч» нейрооңалту орталығының атқарушы директоры Елена Лидің айтуынша, орталық жылына 2,5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Соның өзінде, кезекте тұрған азаматтардың қатары қалың. Тіпті, өзге облыстардан келіп, оңалтудан өтетін науқастар бар екен. Сондықтан да, Жезқазған мен Теміртау қалаларынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әрқайссы 25 орындық филиал ашылған. Алдағы уақытта, Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс бөлігінде МЖӘ аясында 40 орындық филиал ашылмақ.

  • Біз Қазақстанның өзге облыстарындағы және шет елдердегі медициналық мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Мамандарымыз семинарларға барып, ұдайы тәжірибе алмасып отырады. Сонымен қатар, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің неврология және оңалту кафедрасымен байланыстамыз. Бұл да мамандардың біліктілігін арттыруға және студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға оң ықпал етеді, – дейді Елена Александровна.

Нейрооңалту орталығында арнайы құрылғылармен жабдықталған дене шынықтыру залы бар. Мұнда емделушілер спорттық жаттығулар жасап, қимыл-қозғалыс дағдыларын жетілдіреді. Мамандардың айтуынша, дені сау кезде спортты жанына серік етпеген жандарға сырқатқа шалдыққан соң түрлі жаттығуларды жасау көп қиындық туғызады. Әйтсе де, спорт – емнің оң нәтиже беруінің басты шарты. Оңалтудан өтіп, үйге шығарылған науқастарға да спортпен үздіксіз айналысуға кеңес беріледі. Сонда олардың сырқатты жеңіп, қатарға қосылуы жеделдей түседі.

Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің студенттері орталықтың дене шынықтыру залына аспалы жүру аспабын орнатқан. Бұл жүріс-тұрысы қиындаған емделушілердің аяққа тұрып кетуіне оң ықпалын тигізеді. Орталықтың атқарушы директорының айтуынша, бұл қондырғы фирмалық құрылғыларға қарағанда арзан әрі тиімді. Сондықтан да, өзге қалалардағы филиалдарға да осындай аспалы қондырғылар орнатылған.

Айта кету керек, 2020 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Ал, Қарағанды облысының тұрғындары 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аталмыш жүйеге қосылады. Яғни, «ЛУЧ» нейрооңалту орталығының қызметі енді медициналық сақтандыруы бар азаматтарға қолжетімді болады. Қарағанды қаласының №1 емханасы директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Ольга Ермакованың хабарлауынша, енді медициналық қызмет үш деңгей бойынша көрсетіледі.

  • Бірінші деңгейі – кепілдендірілген тегін медицналық көмек. Екінші деңгей – міндетті медициналық сақтандыру бойынша. Үшінші деңгей – ерікті медициналық сақтандыру. Қазіргі таңда мемлекет МӘМС жүйесіне қатысатын азаматтардың 15 санаты үшін сақтандыру жарнасын төлейді. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын және туа бітті мүгедек жандарға қамқорлық көрсетіп отырған жандар бар. Ал, өзге тұрғындар кең көлемде медициналық қызмет алу үшін МӘМС жүйесіне жарна төлеуі керек, – деді Ольга Ермакова.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button