Басты тақырып

Ұлтына қызмет етер байларды Алла көбірек берсін

     Тарихи деректерге үңілсек, қазақтың бұрынғы өткен көптеген бай-бағландары байлығын бауырына баса бермей, не қылса да, қазақтың келешегі үшін қылыпты. Қазақ балаларын оқытуға арналған Жетісу жеріндегі алғашқы мектептің бірі – «Мамания» мектебі (1880-1890 жылдары) соның бір жарқын дәлелі. Жетісудың атақты байы Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар салған «Маман» мектебіндей ауылына мектеп, медресе салып беретін меценаттар осы күні бар ма өзі? Қытай жерінде отырып, Екінші дүниежүзілік соғыста майданда жүрген қазақ бауырларына 500 атты ер-тұрманымен жіберген Басбай Шолақұлындай атымтайлар атымен құрып кеткен жоқ шығар бұл күні?!

Әрине, ел – ағасыз, тон – жағасыз болмайтыны секілді, мыңғырта мал айдаған, берісі – аш-арыққа, әрісі – бір ауылға құт-береке ұялатуға қолы да, малы да, қаржысы да жететіндер жоқ емес. Айып – бастама кемдігінде. Ал, ауылдардың, Адамнан жасырғанымен, Алладан жасыра алмаймыз, баяғыдай бағы жоқ. Қазір ауыл жоқтықтың алдында Бір тал ексеңіз де, сеп болғалы тұр. Ауылға инвестиция құйылмағалы қай заман?!

Мәселен, төрт түлігін төлдеткен қазақы ауылдар сол түлігінің етін, сүтін, терісін, жүнін іс қылатын кәсіпорынсыз отыр. Соны ашып берсе ше? Ауылдың бейжай тұрмысына қан жүгірер ме еді?! Қарапайым ғана өмірге қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ұйым-мекемелер бой түзесе, ауыл адамы табаны тозып қала қаңғып кетпес пе еді?! Өркениеттің озық үлгілерінің бірқатары ауылында тұрса, қылшылдаған қайратты жас ат-тонын ауылдан ала қашпас еді.

Айталық, бір қалталы азамат ауылына заманауи сауда-саттық орнын, екіншісі жастар демалатын ойын-сауық орталығын салса, көптің алғысына кенелері хақ. Тіпті, жастар ала жаздай баратын жер, басатын тау таппай сенделетін елді мекендер қаншама. Бой жазатын саябақ, баланың көңілін аулайтын ойын алаңы дейтіндер тұқымдыққа табылмайды ауылдарда. Шаңы көкке көтеріліп жатқан ауылының көшесі жөнделсе. Сусыз кенересі кепкен ауылдарға ауызсу жүргізілсе. Бұған шамалары жететін азаматтар аз емес.

Осындайда ауылдан шыққан дәулетті азаматтар «әуп!» деп күш қосып, «Алла» деп халық игілігіне сауапты іс тындырса. Кей-кейде даңғаза ысырапшылдықпен өтетін той-думанның орнына халық айта жүрер, соңыңда қалар істер атқарылса, туған жердің түлейтіні және рас.

«Алаш қайраткерлері қазақтың кейбір «ысырапшыл» салт-дәстүрлерін сынап, кейіп отырған. Дарақыланып ақшаны текке шашпай, оны қайырлы мақсатта жұмсауға үндеген. «Қазақ» газетінің 1914 жылдың 10 желтоқсанындағы №89 санына шыққан «Ақмешіт» хабарламасында: «Ақмешіт уезіне қараған Шашты Қыпшақ марқұм Шоқай Торғай баласына ас берілді. Шақырған елдің бір шеті Қазалы, бір шеті Ташкент болды, мыңға жақын жұрт жиылды. Астың бар расходы 5 мың сомнан асты. Бәйгеге 57 ат шауып, 17-сіне бәйге тігілді. Бас бәйгеге 80 сом ақша, екі қара тігілді. Орынсыз кеткен 5 мың сомға Шоқай атына бір медресе салдырса, Шоқай аты мәңгіге қалар еді. Қазақтың әлі күнге қазақшылығы қалмағандығы ғой», — деп Зәкір Ғайсин кейіген екен» («Қазақстан-заман».2016ж.).

Ойланатын мәселе. БАҚ бетінде жарияланған деректер «ХХ ғасыр басындағы тамақ пен киімге мұқтаж болып, тарыққан қазақ оқушылары «Ұлтына қызмет ететін байларды Алла көбірек берсін, дәулетінің екі дүниеде игілігін көрсін» деп дұға тілеп, «Қысылып тұрғанда демеу болды, Тәңірі жарылқасын!» деп алғыс айтқандығын көрсетіпті.

Біз де дәл солай алғыс айтып, тілеуін тілер күнге жетерміз деген үміттеміз…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button