Ұлттық танымның алтын тұғыры

Қазақ қоғамы қашқан құты қайта оралғандай қуана қарсы алған бағдарлама десе артық емес шығар. Алғаш 2017 жылдың сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жалғанның жарығына шығарған күні қазақ қоғамы қанатын қомдаған қырандай дүр сілкінгені есімде. Тіпті, тәуелсіз Қазақстан дүниеге қайта келгендей қуанды қазақ руханияты. Алаш баласы Тоқтардың ғарышқа ұшқанында, одан кейін Азаттық алғанымызда солай қуанған шығар. Сол екпінмен небір соқталы бастамалар бой көтеріп, қанат жайғанын бүгінде халық менен жақсы біледі. Бастысы, сең бұзылды. Елдің рухани өміріне қан жүгірді. Бұған дейін қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы арналанып, кең тынысы ашылды. Сан тараптарға бөлініп, салаланып, жүйеленді. Ұлттық руханият жаңаша жаңғырып шыға келді. Содан бері — үш жыл.

Халық, жалпы қазақ жұрты ең басты орында рух (жан) пен сана тұру керектігін түсінуге бетбұрыс тудырғанының өзі неге тұрады? Жоғарыда айтқанымыздай, қазақы танымды өркениетпен қабыстыра отырып әр тарапта ілгерілету жолын жүйелі нұсқаған бірнеше жобалық бағдарламалар қолға алынды. Байыптап айтқанда, жаһандану заманында өркениет көшіне ұлттық игіліктеріңмен ілесіп, «өзіңде бармен көзге ұру». Солардың қатарында халық арасына кең тарап, жалпы бұқаралық сипат алғаны – «Туған жер» жобасы болатын. Ауыл-аймақтан түлеген қалталы азаматтардың елге бет бұруы. Ауыл қазақтың жаны мен бары екендігін ескерсек, адамдық, ұлттық табиғи танымыңа мың сан қатер төнген мынадай заманда одан асқан оң іс бар десек те, кез келген көзіқарақты қазақ осыны атары анық. Әлемдік сана бірегейленіп бара жатқан тұста бұл біздің ел ғана емес, өркениеттің туын тіккен Жапония жұртында да басты мәселеге айналып отыр. Жер бетіндегі өте ақылды ұлт болып саналатын олар – төл мәдениетін жаңғырту үшін қалаларының қасынан арнайы ауылдар салған халық. Күрішті өздерінде өсіргеннен гөрі, басқа елдерден сатып алған тиімді әрі арзанға түссе де, өз Отандарында өсіріп отыр. Себебі, жапондарға күріш шаруашылығын тоқтатса, ана тілінен айрылып қалу қаупі төнеді екен. Олардың тілінің жетпіс пайызы күріш шаруашылығына байланысты көрінеді. Сондықтан, бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасы ертеден келе жатқан «Туған жерге туың тік» ұранын тегін көтеріп отырған жоқ. «Өзіңнен тумай ұл болмас» дегендей, ішкі өнімнің үлес салмағы артпай, халық өз ішінен дамып, қайнап шықпай, жоғары нәтиже де, жетістік те жоқ. Осыған сайғанда, «Туған жер» жобасы мемлекеттің дамуына да аса тың қуат деуге болады. Өйткені, бір елдің дамуы ұлттың өзінен, түпнегізінен басталатынын ескерсек, ұлттың денсаулығы мен санасының негізі осы ауылда тұр. Демек, ауылды тоздырмай ұстау, оны замана көшіне ілестіріп келешекке жалғау – бүгінде кезек күттірмес мәселе демекпіз. Қайткен күнде аталған бағдарлама шыққалы бері ел азаматтарының да, биліктің де ауылға беті бұрылды, алғашқы қадамдар жасалды. Бірақ, әрине, бұл тек қана басы деп білеміз.

Аталған бағдарлама жарияланбай тұрғанда, баса мән беріле қоймаған, назарда болса да, жұмыстар жаппай жүйелі жолға көшпеген тарихи орындарды сақтап қалу мәселесі-тұғын. Әркім өзіне тартып, рубасыларынан би-батыр шығарып, солардың басын көгерткенін көріп-біліп жүрдік. Мейлі. Дегенмен, үш жүзге тұғыр болған ұлт ұясы Ұлытау жеріндегі көне мазарлар, атаулы тарихи орындар, жәдігерлер қайта бір түгенделді. Енді оларды көздің қарашығындай сақтау өз алдына, танымдық тұрғыда парықтауға ден қойылды. Ол тұрғыда жұмыстар әлі де жалғасып жатса керек-ті. Мәселен, Болған ана кесенесінен табылған алтын тостаған – осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде іске асқан «Қазақстанның киелі жерлері» жобасының игілігі еді. Бұл тостағанның сақталып қалуының өзі керемет тарих. Кесене қанша зерттеліп, тіпті, кеңестік кезде тоналып кетсе де, мынадай таңғажайып тұрмыстық зат қалған. Алтын Орда дәуіріне тиесілі жәдігер. Ол кезде Қыпшақ даласына дендеп енді делініп жүрген ислам діні адамды тұтынған затымен жерлетпегенін бәрі біледі. Әлі күнге шынайы болмысы ашылмаған далалық өркениеттің бұл да бір құпиясы. Сонау Шет ауданындағы Талдының бойынан табылған дала өркениетінің таңғажайыбы – көшпелілер пирамидасы. Қазақстанның киелі жерлерінің таным көкжиегін тым әрі асырып, өркениеттің басына апарып қойған мәңгіліктің елесі кейіпті. Бұл жерде мен жазу барысында есіме түскендердің мыңнан бірін ғана атап отырғанымды ескеру керек. Және «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасы алдағы уақытта да біркелкі жүйелі жұмыс бағытын үзіп алмауы тиіс, әрине.

Иә, біз биыл қазақ қоғамының рухани түлеуімен тұспа-тұс келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үш жасқа толғанында, жасаған оң қадамдарының бірді-екілісін ғана атап өттік. Бұлардың ішінде әлі де шешімін таппай тұрған тоқсан толғаулы мәселе – қазақ әліпбиін латын графикасымен таңбалау екендігін сәулесі бардың бәрі біледі. Ол біз ойлағандай сәтімен жүзеге асып кетсе, қазақ қоғамын қарыштау дәуіріне апаратын ең ұтқыр қадам болмақ. Сана бостандығы, рухтың еркіндігі тұрғысынан келгенде. Алайда, асығатын іс емес. Онымен тіл білімі ғылыми институтының ең білікті деген ғалымдары айналысып, тиімді нұсқасын қолданысқа енгізсе деген тілек бар. Білуімізше, жұмыс өзі де солай жүруде. Сондықтан, бүгінге дейін атқарылған істерді айтпағанда, бұл бағдарламадан келешекте де күтеріміз көп.

Жәнібек ӘЛИМАН