Бас тақырып

«Ұлттық рух – ұлт баспасөзінде!»

Жаңаарқалық мұғалім Нұргүл ШАМАЕВА кез келген ер-азаматтың ойына да келмеген істі қолға алды. «Тоқсан жыл топта толғаған» газетіміздің мерейтойына орай «90 жылдыққа – 90 дана «Орталық» акциясының тұсауын кесті. Ұлтжанды ұстаз өз бастамасын қалталы азаматтар іліп әкетеріне сенімді. Әлеуметтік желіде үндеу тастаған қарындасымыздың жылуға толы жүрегі жанымызды жадыратты. Және иығымыздағы жүктің салмағын тағы бір мәрте айқын сезіндік…

Ұлттық рух – ұлт баспасөзінде!» деп тақырып қойыпты жазбасына Нұргүл мұғалім. Иә, «Ortalyq Qazaqstan» газеті облыс көлемінде қазақ тілінде тарайтын жалқы басылым. Сондықтан, тақырыптың өзі-ақ аймақ шежіресін тасқа қашаған біздің газеттің тарих алдындағы жауапкершілігін айқындап бергендей. Нұргүл ханым бұл жауапкершіліктің маңызын жазбаның алғашқы сөйлемдерінен-ақ нығыздай түседі…

«Қазіргі таңда дәстүрлі баспасөздің басына бұлт үйірілгені жасырын емес. Ақпарат таратудағы шапшаңдық жағынан интернет журналистика алға озып тұрғанымен, сол ақпараттың нақтылығы, деректерінің дәйектілігі, шіркін-ай, газетке жете алмайды-ау… Тіпті, танымдық сипаттағы порталдардың өзінде Ұлы Абайдың өлеңдерін әр нұсқада жариялап жүргендері бар. Бір ақынның өлеңін екінші ақынға теліп жіберетін сайттар талайды сан соқтырып жатыр. Ал, газетте жарияланған дүниені «тасқа басылған» деп қабылдайтын түйсік бізде әлдеқашан қалыптасқан. Сондықтан, мен газет оқимын!», – дейді ұстаз.

Расымен, қарындасымыздың сөзінің жаны бар. Газет жасау – тасқа басу. Қазір жазып, қазір өшіріп тастайтын электронды желі емес. Мұны кез келген газетші түсінеді. Абайдың «Ұстаздық қылған жалықпас…» деген өлең жолын газетке түсер бір мақаланың айдарына қоярда бар шаруамызды жиып қойып, кітап ақтарып кеткеніміз есіме түсіп отыр. Өйткені, «Орталыққа» қарап, он мың оқырман бой түзейді. Біз мүлт кетсек, «Орталық» айттымен» мыңдаған оқырман адасады. Яғни, қаламнан шыққан жалғыз әріптің үстінде еңседен езген жауапкершілік тұр.

Нұргүл қарындасымыз қазақ баспасөзінің бүгінгі ахуалына да алаңдаушылық білдіреді. Және қарашаңырақ «Ortalyq Qazaqstan» газетінің қадір-қасиетін танытуға күш салады.

«…Ұлт баспасөзінің қадірін өзіміз қашырып жүргеніміз жүрегімді сыздатып, жүйкеме жүк артады. Басқа басылымдардың бағын асырамын демейін, Арқадағы қазақ баспасөзінің абызы, «тоқсан жыл топта толғаған» «Ortalyq Qazaqstan» газетінің шын жанашырымын. Асыға күтіп, оқып шыққанша дегбірімді алатын асыл қазына! Әр санында жарық көретін ойлы мақала, оралымды ой, салмақты сараптама, салиқалы талдау сағындырады!» – ұстаздың сөзі.

Газеттің бүгінгі құйрығын ұстатпайтын электронды әлемнен артықшылығы – салиқалы сөз, терең талдау. Зырылдаған ақпарат қазір селт еткізіп, минут өте санаңыздан өшеді. Ал, орамды оймен өрілген мақала тойымды ас сынды. Баппен сіңіп, рухани тоқшылық сыйлайды. Нұргүл мұғалім осы рухани астан қағылып жүрген әріптестерін де түйреп өтеді.

«…газет оқымайтын мұғалімнің ұлт ұландарын тәрбиелеуге адами құқығы жоқ! Сондықтан, өз қаражатыма аз қамтылған отбасыларға 90 дана «Ortalyq Qazaqstan» газетін жаздырып беру арқылы, «Бізді газетке мәжбүрлеп жазғызып жатыр!» деп даурығып жүрген әріптестеріме ой салғым келеді».

Ұстаздың сөзімен келіспеске амал жоқ. Ел келешегі – жас ұрпақты тәрбиелеп жүрген педагогтер қауымына газет тарапынан да ықылас ерекше екенін атап өткен жөн осы тұста. Бұл ретте газет ішінен ашылған «Шамшырақ» қосымшасын мақтанышпен айта аламыз.

«Мен – кәсіпкер емес, қарапайым мұғаліммін!» дейді Нұргүл қарындасымыз. Мұғалім үшін 90 дана газетті жаздырып алу – аз қаржы емес. Әйтсе де, ұстаз жалақысын шарапатты іске жұмсауды өзінің қазақ алдындағы парызы санайды. Себебі, өзі айтқандай «Ұлт баспасөзіне жасалған қамқорлық – Қазақ елінің ертеңіне жасалған жанашырлық!».

Ендеше, жанашырлықтың ерен үлгісін көрсеткен қарындасымыздың бастамасынан Сіз де шет қалмаңыз, мәртебелі оқырман!

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button