Жаңалықтар

Ұлттық мәдениетіміз ұлықталған жыл

Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік мәдениет, өнер және архив нысандарының жүйесі 673 мекемені құрайды. Мәдениет саласының қызметі тұрақты түрде жаңашыл ізденістерді, инновациялық жобаларды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, жұмыс түрлерінің жаңа шығармашылық әдістерін енгізу бойынша жүйелі жұмысқа бағытталған.

2017 жылы облыстық бюджеттің орындалуы 10 млрд. 543 млн. 461 мың  теңгені құрады. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында мәдениет нысандарын жөндеуге 176 млн. 431 мың теңге бөлінді, нәтижесінде Осакаров ауданында, Абай, Шахтинск, Приозерск, Қаражал, Теміртау, Қарағанды қалаларында, барлығы 19 мәдениет нысаны жөнделді.

Мәдениет саласындағы қызметтің маңызды бағыттарының бірі баға жетпес тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау болып табылады. 2018 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысы территориясында 2700 ескерткіш тіркелді, оның 1538 жергілікті және 22 республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекет қорғауына алынған.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы көзделген мақсаттарды жүзеге асыру аясында 2017 жылы жоспарға сәйкес келесі жұмыстар атқарылды. Орталық Қазақстандағы ежелгі металлургия ескерткіштеріне (Алат), Қола дәуірінің ескерткіштері Қаражартас, Камал, Есіл қорымдарында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Археологиялық қазба жұмыстары барысында қоныстардан қоладан жасалған жебенің ұштары, тастан жасалған найзаның және жебенің ұштары, тас үккіштер, түйреуіштер, керамика фрагменттері және қыш ыдыстар табылды.

Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында «Ақтоғай ауданының археологиялық ескерткіштерінің картасы», музейдің археологиялық және этнографиялық коллекциясына байланысты «Сарыарқаның тарихи-мәдени құндылықтары» ғылыми каталогы және «Орталық Қазақстанның археологиялық мұрасы: тарихын  зерттеу және қорғау» туралы ІІ томдық монографиясы жарық көрді.

Қарағанды облысы аумағындағы Қарқаралы ауданынан Сұлтанғазы, Тәттімбет Қазанғапұлы кесенелеріне, Құнанбай қажы мешітіне, Ақтоғай ауданынан Торақ батыр, Осакаров ауданынан Байдалы би, Нұра ауданынан Жанғабыл, Шет ауданынан Ағыбай батыр, Нұрлан кесенелеріне, Ұлытау ауданынан Дулығалы мешітіне (2017-2018жж.), қола дәуірінің ескерткіштері Айбас-Дарасы  және Қаражартас (Шет ауданы) қорымдарына қайта қалпына келтіру және реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қарағанды облысы ғалымдары, тарихшылары, өлкетанушылары және жұртшылықтың пікірі ескеріле отырып, жалпыұлттық қасиетті және жергілікті сакралды нысандардың тізімі анықталды. Жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 21 нысан – Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Бұқар жырау, Жұбан ана, Шанышқылы Бердіқожа, Ағыбай, Жидебай, Байғозы, Баян батырлардың, Тәттімбет Қазанғапұлы кесенелері, Құнанбай қажы мешіті, Әулиетау (Ақмешіт), Едіге тауы, Бектауата табиғи-тарихи ландшафтары, Беғазы археологиялық кешені, Теректі әулие петроглифтері, Алтын шоқы мен Бұланты шайқасы болған тарихи орындар, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі және  Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы енді.

«Қазақстанның өңірлік қасиетті орындар» қатарына Қарағанды облысынан жергілікті мәндегі қасиетті орындар тізіміне 43 нысан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына ұсынылды. Абай ауданынан – 1, Ақтоғай ауданынан – 6, Бұқаржырау ауданынан – 1, Жаңаарқа ауданынан – 3, Қарқаралы ауданынан – 11, Осакаров ауданынан – 1, Ұлытау ауданынан – 14, Шет ауданынан – 6 нысан кірді.

Қарағанды облысында 16 музей және 4 филиалы жұмыс істейді. Бүгінгі күні облыс музейлеріндегі сақталған жәдігерлердің жалпы саны 355 164 бірлікті құрайды, оның ішінде негізгі қорда 258 985 бірлік сақталуда, оның 18 мың бірлігі цифрлық форматқа ауысты.

Қарағанды облысы тұрғындарына кітапханалық қызметті 322 мемлекеттік кітапхана көрсетеді. Оның ішінде ауылдық кітапханалардың саны – 247.

2017 жылы облыс бойынша оқырмандардың саны – 364 241 құрады, бұл  облыс тұрғындарының 26,4%, оның ішінде ауылдық кітапханаларға 148 857 оқырман тіркелген. Жалпы оқырмандарға облыс бойынша 7 млн. 397 мың 170 басылым берілген. Кітапханаларда электронды ресурстарды пайдаланушылардың саны жылдан-жылға артуда, 2016 жылы олардың саны 138 373 болса, 2017 жылдың есебі бойынша 141 607. Сонымен қатар, кітапхана қашықтағы пайдаланушыларға өз қызметін ұсынуда. Облыс бойынша 25 кітапханалық сайт құрылған, 2017 жылы сайтқа кіру саны – 574822, ал сайттағы материалдарды қарау – 1 539 614 рет.

Көпшілік қауым  үшін «Кітапхана түні», жаз  мезгіліндегі «Ашық аспан астындағы оқырман залы» акциялары үлкен қызығушылыққа ие. 2017 жылы алғашқы рет облыстық «Дауыстап оқу» онлайн-акциясы өткізіліп, әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетілімі өтіп, үлкен резонанс туғызды.

Қазақстанның мәдени саясатын іске асыру мақсатында облыстың 320 мәдени-сауық мекемесі белсенді жұмыс істейді. Өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу және шығармашылық қабілеттерін көрсете білу мақсатында облыста  тұрақты  түрде 35 мың адамы бар 1753  үйірме, әуесқой бірлестіктер, клубтар жұмыс істейді. Орталық дәстүрлі түрде халықтың әлеуметтік-демографиялық сипатын ескере отырып, түрлі жанрлар мен бағыттарда 20-дан астам фестиваль, көрмелер және байқаулар өткізеді.

Есепті жылдың айтулы оқиғасының бірі болып «Жұлдыздар аллеясында» ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері – Дүйсен Қасейіновтың атаулы жұлдызының ашылуы болды. Дүйсен Қорабайұлының туысқан халықтар арасында рухани ықпалдастықты тереңдету жолында жасап жатқан еңбегі зор.

«Сарыжайлау» кинотеатры отандық кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты, «Қазақфильм» киностудиясының шығармашылық жобаларын, қазақ тіліндегі фильмдерді насихаттауда белсенді, әрі жан-жақты жұмыс атқаруда. Облыс аймақтарында киноқұрылымы мен кинотеатр жоқтығына байланысты облыс басшылығының қолдауымен аудандардың ауылды жерлеріне, облысымыздың шағын қалаларына деректі және көркем фильмдердің көшпелі көрсетілімдерін ұйымдастырып қою жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Есепті мерзім ішінде 7296 көрерменді қамтыған 86 киносеанстың көшпелі көрсетілімі қойылды.

Архивтік мекемелердің басты назарында құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мәселесі тұр. Есепті кезеңде 36 100 істің қалпы жақсартылып, сақтаудағы 9149 бірлік және компьютерлік басып шығару арқылы өшіріліп бара жатқан мәтіннің 2034 парақ көлемі қалпына келтірілді. «Электрондық архив» бағдарламасында 64 мыңнан астам құжат сандық форматқа көшірілді.

«Архивтік анықтама беру» мемлекеттік қызметін көрсету шегінде мемлекеттік архивтерге азаматтардан, ел ішіндегі және шетелдік ұйымдардан жалпы алғанда 52 352 өтініш келіп түсті және оның барлығы орындалды.

Архивтік мекемелер қызметінің ең басты бағыттарының бірі архивтік құжаттарды белсенді түрде танымал ету болып табылады. Есепті жылы Қарағанды облысының мемлекеттік архивтік қызметінің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазіргі қоғамдағы архивтер: даму беталысы мен болашағы» республикалық ғылыми-теориялық конференциясы өткізілді. Қарағанды облысының діни конфессиялары туралы, Қарағанды облысының мемлекеттік архивтік қызметінің және Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің 80 жылдығына орай, Балқаш қаласының 80 жылдығына арналған архивтік құжаттардың 6 жинағы баспаға шығарылды және презентациялары ұйымдастырылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның мәдени дамуы» жобасы мәдениеттер диалогы мен өркениетті дамытуға шақырады. Диалогты іске асырудың бірден-бір жолы облысымыздың көркемөнерпаздары мен театралды-концерттік мекемелердің гастрольдік қызметі.

Мәдениет, өнер және архив мекемелері әрқашан халықтың  игілігі үшін елеулі мерекелер, жаңа қойылымдар, әр түрлі іс-шаралар өткізеді. Есепті жылы кәсіби шығармашылық ұжымдар тек облысымыздың ғана емес, жалпы Қазақстан өнерін әлемге таныту мақсатында Ресей (Пермь қаласы; Марий Эл Республикасы, Йошкар-Оле қ.), Татарстан (Буинск қаласы),  Түркия (Конья қаласы), Македония (Скопье қаласы) елдеріне гастрольдік сапармен барып қайтты.

Қарағанды көрермендерін Ресей, Татарстан, Түркия, Әзірбайжан, Албания, АҚШ, Өзбекстан, Израиль, Қырғызстан, Латвия, Румыния, Грузия шет елдерінің әртістері де өз өнерлерімен тәнті етті.

Мемлекеттік және атаулы күндерге арналған мерекелік іс-шаралар облыстық мәдени өмірдің елеулі оқиғалары болып табылады. Есепті жылы ұлттық және мемлекеттік мерекелер және Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығы, Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы, «Алаш» партиясының 100 жылдығы, Әбікен Хасеновтің 125 жылдығы, Аққыз күйшінің 120 жылдығы, Мағауия Хамзиннің 90 жылдығы, Шамғон Қажғалиевтың 90 жылдығы мерейтойлары аясында және «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде Қарағанды облысы күндерінде бірқатар іс-шаралар өтті.

2017 жылы мәдениет, өнер және архив нысандарының мерейтойлары да сәтімен өтті. Мәселен, Қарағанды облысының Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының 85 жылдығы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығы, облыстық Мемлекеттік архивтің 80 жылдығы, С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыка-драма театрының 45 жылдығы.

4-9 қыркүйек аралығы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде Қарағанды облысы мәдениет күндері өткізілді.

Көрмеге облыстың әр өңірінен көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдары, мәдениет және өнер мекемелері, облыс театрлары өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Өткізілген іс-шаралардың қатарында Этноауыл кешенінде Теміртау балалар мен жасөспірмдер театрының, аудан және қалалардың көркемөнерпаздар, мәдениет ұжымдарының қатысуымен Қарағанды облысы мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы және «Амфитеатр» кешенінде Бекболат Тілеухан, Қарақат Әбілдина, Қыдырәлі Болманов, «Ұлытау» тобы, Ерлан Көкеев және «К7» тобы, Болат Құсайынов, Жәмилә Баспақова, Жан Тапин, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы, Роман Ким, Нұржан Керменбаев және «Арнау» дуэті сияқты қазақ эстрадасының танымал жерлес жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.

Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойы Облыс әкімдігімен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен республика көлемінде тойланды.  Мерейтой аясында «Қаз дауысты Қазыбек би» атты тарихи драмасының премьерасы сахналанып, «Дала дауысы» халықаралық фольклорлы музыка фестивалі, Республикалық жыршы және термеші сайысы, Халықаралық ақындар айтысы, «Атадан қалған асыл мұра» атты көрмесі ұйымдастырылып, монография және кітап-фотоальбом жарыққа шықты. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорынан Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына арналған Қарағанды қаласында өткен «Атадан қалған асыл мұра» атты көрмесінде Қазыбек бидің тікелей алтыншы ұрпағы тапсырған бидің шапаны көрсетілді.

Мерейтойдың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Елбасының арнайы Құттықтау хатымен  Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылынан бастау алуы көпшіліктің мерейін тасытты.

2017 жыл облысымыздың мәдени өмірі үшін аса табысты болғанын атап өту керек. Алдағы жылы да мәдениет қызметкерлері алға қойған міндеттері мен мақсаттарына қол жеткізу үшін шығармашылық күш-жігерін барынша пайдаланатыны айдан анық.

Еліміз үшін биыл Астана қаласының 20 жылдығы, Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы, Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы, Шортанбай Қанайұлының және Құрманғазы күйшінің 200 жылдығы сияқты айтулы мейрамдарға толы мерейлі жыл болғалы тұр. Биылғы жыл да ұлттық мәдениетімізді ұлықтау үшін сәтті жыл болғай.

  Е.АҒЫМБАЕВ,

    Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.               

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button