Ұлттық әліпби көктемі

     Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – рухани өміріміздегі айтулы күн. Қазақ жазуын латын қарпіне көшіру идеясы өз мәресіне жетті.

Ұлттық әліпбиіміздің атасы Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен қазақ елінің латын әліпбиіне алғаш көш түзегеніне биыл 88 жыл толса, Кеңес дәуірінде енгізілген кириллица қарпімен жаппай жазу-сызуға көшкенімізге 77 жыл болыпты.

Соңғы бір жыл бойы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны талқылауға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамынан бастап тіл білімі институттары, ғалымдары мен зиялы қауым, жалпы жұртшылық қатысты. Комиссия жұмысын Елбасы үнемі бақылауда ұстап, жобаны іске асыру жөнінде құрылған жұмысшы тобының мүшелерімен сан мәрте кездесті. Ақпарат көзіндегі деректерге жүгінсек, латын графикасына көшуге байланысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде екі мыңдай хат-хабар жарияланса, Президент Әкімшілігіне кейінгі бір айда ғана үш жүзден астам ұсыныс-өтініш келіп түскен екен.

Сонда жаңа әліпбиге көшудің қазақ ұлты үшін қаңдай артықшылығы бар? Бұл – екінің бірінің көңілінде жүрген сауал. Осыны тіл мамандары, ғалымдар, журналисттер БАҚ-та таласа жазып, көгілдір экранда да күн құрғатпай көрсетіліп келеді.

Балқаштықтар қазірдің өзінде латын графикасының кириллицадан артықшылықтарын тайға таңба басқандай танығанына куә болып жүрміз.

Жуырда №15 мектеп-лицей ұжымы «Латын әліпбиі – рухани жаңғырудың негізі» деген тақырыпта өткен семинарда латын әліпбиімен 1934 жылы жарық көрген, сарғайып, әбден сартаптанған «Балқаш жұмысшысы» газетінің тігіндісін көлденең тартқанда таңданбаған тыңдаушы жоқ.

Ал, қане кімдер оқи алады, – дескенде, ортаға 4-5 жас суырылып шықты. Кезектесіп латын әліпбиіндегі мақалаларды мүдіріссіз оқып, тағы бір таң қалдырған. Құнды құжатты көзінің қарашығындай сақтап, архивке табыстаған – Қазақстан Мәдениет саласының үздігі, белгілі өлкетанушы Күләш Сардарбек.

Латын әліпбиіне көшуіміз, сөз жоқ, қазақ тілінің бағы жанғаны, – дейді Күләш Сардарбек. – Өйткені, латын графикасы ағылшын тілінің әліпбиімен ұқсас. Жаңа ғана «Балқаш жұмысшысы» газетін парақтап, латын әліпбиінде оқығандар ағылшын тілі ұстаздары мен осы тілдің аудармашылары екенін естіп білдік.

Расында, әлем елдерінің 80%-ы латын әліпбиін қолданып, бүгінгі технологияның заманында алуан жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Олардың қатарында түбі бір түркі дүниесіндегі 30 мемлекеттің латын әліпбиімен көсегесі көгеріп отыр.

Үстіміздегі жылдың қазанында Қарағанды мемлекеттік университетінің ағылшын тілі және лингвистика кафедрасының доценты, ғалым Жаңбырбай Қағазбаев, халықаралық журналист Сағат Батырханова және облыстық тілдерді дамыту басқармасы мамандарының қатысуымен М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында «Үш тұғырлы тіл саясаты – жастардың болашағы мен мүмкіндігі» атты ақпараттық насихаттау шарасы өтті.

Латын әліпбиі – бізге жаңалық емес, біз тарих бедерінде қалған әліпбиімізге қайта оралдық. Оралу игілікке бастайды, халқымыздың дүниежүзілік ұлы көшке енуіне дәнекер болады. Ұлттық санамыз жаңғырады, қоғамдық сана да өзгереді. Тіліміз тазарып, өзінің табиғи қалпына түседі. Әсіресе, жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгереді. Мектептерде ағылшын тілі оқытылғандықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз, – деді Жаңбырбай Ахметұлы. Сағат Батырханованың да латын әліпбиі төңірегіндегі тұшымды ой-пікірлері тыңдаушыларды бейжай қалдырған жоқ. Соңына қарай қызу пікірлер алмасып, сұрақтарға жауап қайтарылды.

Мәселен, «Шет елдерде тұрып жатқан қандас бауырларымыз көп, олардан хабар-ошарсызбыз. Уақыт өткен сайын ата жұрттан алыстап, олар жат болып барады. Латын әліпбиіне көшудің қандас бауырларымызға қандай шапағаты тиеді?», – деген сұрақтар да көтерілді.

Басты мақсатымыз, – деді Жаңбырбай Ахметұлы, – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту. Жасыратыны жоқ, біз 77 жыл пайдаланып келген кириллица графикасынан шет елде тұратын 5 миллионға жуық қазақ мүлде хабарсыз. Олар, тек, латын әліпбиінде жаза алады. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз дүние жүзіндегі қандастарымызбен еркін байланыс орната аламыз. Мысалы, жаңа әліпбиімізді бірізділікке келтіру арқылы төрткүл әлемнің кез келген елімен cмарт, сенсор, электронды пошта, ақпараттық және жалпы сандық технологияның жетістіктерін еркін пайдалана отырып, еркін байланыс орнатамыз. Латын әліпбиі, бір сөзбен тұжырымдағанда, халықтардың достығы мен бірлігінің ұйытқысы, һәм өзара қарым-қатынастың кілті деді.

Іс-шараға қатысқандар көңілдері өсіп, тарасты.

Махмұт ЖАРЫЛҒАП,

Тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.