Кеше аймақта Ұлттық киім күніне арналған бірқатар шаралар өтті. Оның бірі Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде ұйымдастырылды. Оған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы, Нәзипа Шанай арнайы келіп қатысты.
Ол қазақ халқы үшін ұлттық киімдерінің мәні мен маңызы қашанда жоғары екенін айтты.
– Адамзаттың алдында жаһандану жағдайында жоғалтып кету қауті бар. Әр ұлт жер бетінен жоғалып кетпеуі үшін өзінің ұлттық болмысын сақтай білуі керек. Ұлттық киім осы жолда маңызды фактор. Наурызға байланысты он күндік тұжырымдаманы жазу жұмыс тобында болдым. Әр күнге қандай атау беру керек деп ойландық. Оның негізгі мақсаты – адамға рухани байлық беру. Рухани бай адам адаспайды, – деді Нәзипа Шанай.
Сонымен қатар, ол Наурыз мерекесі барша түркі елдеріне тән болғанымен, біздің елге жақынырақ екенін айтты.
– Наурыз – отбасылық мереке. Бақыт – отбасынан басталады. Отбасыңа мейріміңді төк, айналаңды тазарт, қора-қопсыңды ретте. Жаңаруды өзіңнан бастау керек. Осы уақытқа дейін кейінгі ысырып келген істі атқару, танысқың келген адаммен танысу, ренжіп жүрген адамды кешіру, үлкен мақсат қою. Үлкен мақсатқа жету кішкентай қадамдардан басталады, – деп атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын да жиналғандарда жүрекжарды лебізін білдірді.
– Ұлыстың ұлы күнінде табиғат анамыз жаңғырып, жасанады. Ғасырлар бойы сабақтастығын үзбей келе жатқан мерекенің мәні мен маңызы тереңде. Бұл адамдардың бір-бірімен арақатынасы, табиғатпен үйндестіке тіршілік етуін меңзейді. Бұл күні алыстағы ағайын бір-бірімен қауышып, көріседі, араз жандар татуласады. Мемлекет басшының бастамасымен Наурыз меркесі жаңа форматта өтіп жатқанын бәріңіз білесіздер. Амал күнінен басталған мереке әлі жалғасын тауып келеді. Әр күннің астарында мән, үлкен мағына жатыр. бұл ең алдымен ұлттық болмысымызды сақтауға, жаңғыртуға мүмкіндік береді. Барша ағайынды Әз-Наурызбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін, іргеміз берік болсын, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Жиналғандарды оқу орны басшылығы атанынан ректордың әлеуметтік мәселелер бойынша проректоры Алмас Орынбеков те тілегін білдірді.
Университеттің сән театрының қойған сәукеле қойылымы ерекше әсер етті. Көпшілік назарына ұсынылған ұлттық бас киім түрін университет студенттері өздері дайындапты. Сонымен қатар, кимешек үлгісі де көрсетілді. Оны Ісмер клубының және «Жәдігер» қолөнершілер қауымдастығының төрағасы Перизат Қалиханқызы, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Зара Шалабаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасы, Қарағанды облысы Әйелдер әстері және отбасылық демографиялық саясат комиссиясы төрағасының орынбасары Айжан Қиясова, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Индира Қанафира, «Қазақ аналары дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестіктің Қарағанды облысы бойынша филиалының төрайымы Меруерт Алимбаева, Қазақстан Республикасының «Казгюдес» гидтер қауымдастығының вице-президенті, Қарағанды облысы «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы жанындағы туризм кеңесінің төрағасы Жазира Жанкина, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Марина Шиллер сынды белгілі іскер әйелдер киіп шықты.
Нәзипа Шанай Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының Алғыс хатымен марапаттады.
– Алғаш рет Қазақстанда тойланып жатқан Ұлттық киім күні аясында беделді, қоғамда орны бар нәзік жандардың бас киімді насихаттауға қосқан үлесіне алғыс айтамын. Негізі қазақта қай киімді алса да өзіндік мәні бар. Әйел адамның киімінің бәрі ерекше. Кимешек Орталық Қазақстанға тән, батыста, оңтүстікте басқа, шығыста өзгеше. Кимешекті балалы болғаннан кейін киеді. Оның тәрбиелік, гигиеналық мәні бар. Президентіміз Ұлттық құрылтайда жастардың арасында біздің ұлтымызда тән емес киініп жүргендер, оның ішінде қара түске тұмшаланып жүргендер бар екенін айтты. Олар ол киімін шешкенде ұсынатын үлгіміз болуы керек. Аналар кеңесі алдында тұрған мақсат осы болатын. Ұлттық киімдерді барынша насихаттау, заманауи үлгіде, күнделікті киетіндей ету керек, – Нәзипа Ыдырысқызы.
Шара барысында белгілі әнші Гүлмира Серікқызы мейрамның ұранына айналған «Наурыз» әнін орындады. Қобызшы жас өрен Шахназе Ильясова әлем халықтары музыкасынан попури ұсынды. Университеттің театр үйірмесі қатысушылары да өз өнерлерін ортаға салды.
Жансая ОМАРБЕК,
ortalyq.kz