Руханият

Ұлт мақтанышы

Жақып АҚБАЕВ (1876-1934) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушылардың бірі, заңгер, құқық магистрі. Туған жері – бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінің Берікқара болысы, казіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Сарыарқа өңіріне аты мәлім атақты Ақбай әулетінен шыққан. Ақбай Қарқаралы – Семей өңіріне әйгілі, көзі ашық, көкірегі ояу, дәулетті, несібелі адам болған. Ақбай кіндігінен төрт ұл – Ыбырай, Мәжит, Жақып, Бек және бес қыз тараған.

1886 жылы Жақып Қарқаралыдағы қазақ интернатына оқуға түседі. 1889 жылы Омбы гимназиясына алынады, сол жылы ол Томск гимназиясына ауыстырылып, оны 1898 жылы тәмамдайды. Гимназияны бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі, оны 1903 жылы алтын медальмен бітіріп шығады. ІІІ курста Ақбаев Санкт-Петербург археология институтына түсіп, оның толық курсын бітіреді. Соның нәтижесінде студент кезде бастаған ғылыми еңбегі «Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов» атты диссертацияға негіз болып, Жақып Ақбаев қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі атағына ие болады. Студент кезінде саяси күреске араласып, азаттық идеяларын таратады. «Санкт-Петербургские ведомости», «Дала уалаяты» газеттеріне мақалалар жазып, патша өкіметі жағынан жасалынған әділетсіздікті сынайды, отаршылдық саясатын айыптайды. Университеттің студенті бола жүріп, қазақ интеллигенциясының өкілдері Б.Кұлманов, Р.Марсеков, Н.Айдарханов, Ж.Сейдалин, М.Тынышбаев және басқаларымен қызметтес болады.

Университетті бітіргеннен кейін Ж.Ақбаев Омбы сот палатасында палата хатшысы, бітістіруші судья қызметін атқарады. 1905 жылдан бастап отаршылдық жүйеге, патша үкіметіне қарсы күресі үшін қызметінен қуылып, бұдан кейінгі өмірін саяси күрес ісіне арнайды. Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлады: тілінен, дінінен, ділінен айыру бағытында қатыгездікпен ойластырылған шаралар жүйесін жүзеге асырды. Патша үкіметінің қазаққа қатысты озбыр саясатын алаш білімпазы Қ.Кемеңгерұлы Мәскеуден 1925 жылы жарық көрген «Бұрынғы езілген ұлттар» атты кітабында былай жазды: «Ресей үкіметінің қазақ туралы мынандай қанды саясаты болды: 1. Қазақтың байлығын сүліктей сору. 2. Қазақтың сорпаға шығар жерін сыпырып, қазақты шөлге қуу. 3. Ауылнайлық, билік, болыстық партиясын отын үрлеп, май тастап, қазақты бірбірімен қол қамшы – шоқпар қылып, ұлттық, азаматтық сезімін өсірмеу. 4. Қазақты шоқындыру. (Кемеңгерұлы Қ. Шығармалар жинағы. 1 –т. Ал., 2005. 320 б).

XX ғасырдың басында Қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі – Бұқара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі – негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым (А.Сейдімбек). Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектебінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Соның бірі және бірегейі – Ж.Ақбаев еді. Бұл топ ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар «ең алдымен халықтың сана-сезімін оятатын жағдай жасау керек» деп білді. Бар күш қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырды. Ұлттың шеткі аймақ халықтарының күресінің бір түрі петициялық қозғалыс болды, сол арқылы өкіметке экономикалық, саяси, діни сипаттағы талаптар қойылатын. Петициядағы маңызды орын қазақ халқына сайлау құқығын беру туралы мәселелерге беріледі. «Бүкілелдік наразылықтың қазақ қоғамына бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш россиялық революция болғанда, ал оны жазған азаматтық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш – ұлт азаттық интеллигенция өкілдері еді» (Қойгелдиев М. Оянған сана үні. Ана тілі. 1990.12 сәуір). Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Семей облысындағы Қарқаралы, Семей, Павлодар уезі қазақтарының Петербургке жіберген петициясы. Шындығында бұл жалғыз ғана петиция емес. Белгілі ғалым З.Тайшыбайдың анықтауы бойынша өзінше бөлек, дербес мазмұндағы бірнеше құжат. Олар жеке-жеке: Ресей Императорына, Министрлер Кеңесінің төрағасына, ішкі істер министріне жолданған. Петицияны дайындап, халық өкілдеріне қол қойғызғандардың ішінде Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов, К.Тоғысов, А.Аяғанов болған (Тайшыбай З. «Қарқаралы петициясы» туралы ақиқат. Ақиқат журналы. 2003. №7). Құжаттар 25-26 маусым күндері жасалған.

Қоянды жәрмеңкесінен жазылып, Ресей патшалығының атына жіберілген петицияның қазақша мәтіні мынандай сөздермен аяқталады: «..патша ағзам, Сізден басымызды иіп сұраймыз: Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы, Империяның басқа халықтармен теңескенін сезінеміз». Император атына жіберлген петицияға 42 адам қол қойған. Олардың ішінде: Қу болысынан – Мұсатай Тәттімбетов ( атақты күйші Тәттімбеттің баласы), Берікқара болысынан – Ақбай Жандеркин (Ж.Ақбаевтың әкесі), Балқаш болысынан – Нарманбет Орманбетов (Нарманбет ақын) т.б қол қойғаны белгілі (Қазақтар. Ал,. 1 – т. 1998. 115 б).

Ал, Ресей Министрлер кеңесіне, атқарушы билік төрағасына қойылған талаптар кеңірек әрі мейлінше нақты. Патшаның атына жазылған тілек-арызда жалпы саяси тұрғыда, жоғары билік құрамына, қазақтарды қатыстыру сияқты заңдық мәні бар мәселелердің болғанын көрдік. Енді Ресей үкіметіне жазылған құжатқа қысқаша тоқталайық. Онда ар бостандығын беру, халықтың өз тілінде білім алуын ұйымдастыру, келімсектерді қоныстандыру саясатынан бас тарту, жер қорының жергілікті халыққа тиесілі екендігі туралы арнайы заң актісін қабылдау, «Далалық ережені» және өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды бекіту, отарлаушы аппарат чиновниктерінің санын қысқарту, жоғары билік органдарынан отарлаушы өлке депутаттары үшін үлес беру талаптары қойылды (Букейханов А. Выборы в Степном крае. 1916. 4344б). Министрлер Кеңесінің төрағасына жолданған петицияға (бұл сан әр құжатта әртүрлі) 12767 адам қол қойған. Ресей империясының билеушілері «Қарқаралы петициясындағы» кейбір талаптарымен санасуға мәжбүр болды, қазақтардан Мемлекеттік Думаға депутат сайлауға рұқсат берді. Бірінші Думаға Семей губерниясынан Қарқаралы уезінің тумасы Әлихан Бөкейхан сайланды.

1905 жылдың 15 қарашасы күні Жақып Ақбаевтың ұйымдастыруымен Қарқаралы қаласында үлкен наразылық шеруі өтті, уезд бастығы ротмистр Оссовский: «Ж.Ақбаев 17 қазандағы жоғары мәртебелі манифест жариялаған кезде Қарқаралыдағы көп тобырды желіктірді, патшаға, үкіметке қарсы сөздер айтты»,– деп жоғарыға рапорт жазды. Соның артынша ол да, Ахмет Байтұрсынов та тұтқынға алынды (Ләмбеков С. Қарқаралы. Аст,. 2011. 98 б). 1906 жылы 30 наурызда Семей түрмесінде жатып С.Петербург университетінің профессоры, белгілі заңгер Л.И.Петражицкиге жазған хатында, қазақ зиялылары арасында бірінші болып қазақ өлкесінің дербес автономия болуы мәселесін ұсынады. 1908 жылы әуелі Омбыға, кейін Жетісу облысының Қапал қаласына жер аударылып, абақтыға жабылады. Айдауда жүрген кезінде 1909 жылы сенатор граф Паленге хат жолдап, онда қазақтар мен орыстардың заңдары шатасып кеткенін, мұның өзі баяғы вавилондық дәуірді еске түсіретінін, заңның бұдан әрі іріп-шіруін тоқтату үшін сайланбалы соттарды кіргізу қажеттігін дәлелдеп, отаршылдық жағдайдағы Қазақстанның саяси­-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына терең талдау жасап, өлкенің ауыр халін баяндайды.

1915-1916 жылдары патша үкіметіне қарсы келгені үшін тағы да түрмеге жабылады. Ақпан төңкерісінен кейін 1917 жылдың басында түрмеден босатылысымен, Алаш қозғалысына белсене араласады.

Алаш қозғалысының ресми басталуы 1905 жылғы Қарқаралы петициясының жазылуы екені белгілі. Тарихи петицияда метрополияның империяға мінез көрсеткені, қазақтың XIX ғасырдағыдай емес, күрес тактикасын өзгерткені анықталады. Бір Қарқаралы петициясы емес, жер-жерден, қазақ даласының әр аймағынан азамат құқығы мен бостандығын көтерген, биліктен демократиялық принциптерді талап еткен петициялар жазыла бастауы, облыс орталықтарында съездер өткізілуі, ұлттық баспасөздің өмірге келуі, «Қазақ» газетінің жанкешті еңбегі, ұлттық әдебиеттің ағартушылық, азаматтық қызметі, жалпы халықтың оянуы – ұлт-азаттық Алаш қозғалысының әлеуметтік-саяси күшке айналғанын, патшалық биліктің қазақты бұрынғыдай басқара алмайтынын көрсетті.

«Алаш идеясы» – қазақ халқының дербес мемлекет, тәуелсіз ел болуға деген XX ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеясы. Бұл жерде осыған дейін қазақ халқының тәуелсіз ел болуға ниеті болмады ма деп қате түсінбеу қажет. Өйткені бұл ғасыр қарумен емес – білім мен ғылым арқылы ұмтылған ағартушылық бағыттағы идея болды.

Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Өзіндік мемлекеттік шекарасын заңды тұрғыда бекітуге ұмтылған Алаш азаматтарының идеясы (XXI ғ. Алаштың ақ жолы. Ал,. 2021. 49б).

Жақып Ақбаев 1917 жылы 2126 шілдедегі Бүкілқазақтық съезге делегат болып, Алаш партиясы бағдарламасының жобасын жасауға қатысады. 2-Бүкілқазақтық съезде (5 -13 желтоқсан 1917) Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланып, тұрақты әскер (26,5 мың адамнан тұратын) құру идеясын ұсынады. «Алашорда» үкіметіндегі қызметін тоқтатқаннан кейін, 1919-1927 жылдары Семей губревкомының құрамында заң бөлімін басқарып, Семей облыстық сот мекемелерін ұйымдастыру ісіне араласады. Ол 1927 жылы өзінің «Қазақ халқының шығу тегі туралы» іргелі ғылыми еңбегін жазады. Бұл еңбек белгілі зерттеушілер Б.Сапарғалиев, Қ.Мұхаметжанов, М.Құл-Мұхамедтің пайымдауынша, халықтану іліміне қосылған сыбағалы ғылыми үлес қатарындағы дүние. 1929 жылдың аяғында Ж.Ақбаев заңсыз репрессияның тізіміне ілініп, 1930 жылдың 14 қыркүйегінде Кеңес үкіметіне, Коммунистік жүйеге қарсы әрекеті, Алаш партиясын басқарып, «Алашорда» үкіметіне мүше болғаны үшін ежелден пікірлес болған достары А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Халел, Жанша Досмұхамедовтармен, С.Қадырбаевпен, Ә.Ермековтермен бірге Алматы түрмесіне қамалады. 1932 жылы сәуірде Воронеж облысына жер аударылады. Ауыр азаптардан өлім халіне жеткен Ж.Ақбаев қасындағы Жанша, Халел Досмұхамедовтардың табанды талабы нәтижесінде 1934 жылы денсаулығына байланысты бостандық алады. 1934 жылы 4 шілдеде Алматыда қайтыс болды.

Алаш жолы – Қазақ елінің Тәуелсіздігіне қызмет ететін рухани мұра, қасиетті күш. Тәуелсіздігімізді нығайтатын осынау қасиетті мұра еліміздің Ұлттық идеясының негізіне айналуы керек деп есептейміз.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button