«Ұлтқа жанымыз ашуы тиіс»

Әрине, төл мереке тұсында ұлттық ойын жайлы сөз қозғағанымыз өте орынды. Ұлт қазынасы саналған осы саланың басы-қасында жүрген шенеуніктерді сөйлетуге болатын еді. Бірақ, біз бұл жолы ұлттық ойынның нағыз жанашыры, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, балқаштық Жұмағазы МҰХАМЕДЖАН ағамен телебайланысқа шықтық. Ашылып һәм ашынып айтар деген ниетпен…

– Аға, асық атуды ұлттық ойынның «бісмілләсі» дейікші, асық ойнайтын ауыл балалары неге азайды?

– Біріншіден, жіліктен шыққан асықты тазалап беретін әке, не атаның аздығы. Және «шаңыраққа шекесі торсықтай ұл келеді» деп ырымдап дорбаға асық жинайтындардың кемігендігі. Екінші, Абай айтпақшы, «пайдасын көре тұра тексермедім». Асық ойнаудың баланы ептілікке, дәлділікке тәрбиелейтін таптырмас құрал екенінен бейхабар болғаны да жұрттың. Кінәні балаға емес, үйдегі тәрбие иесі ата-анаға артқан жөн.

– Бестас ойыны жайлы білетіндер, тіпті…

– Иә, кілт тоқтағаныңыз өте орынды. Көмескіленіп барады. Жалпы, мен сабақта бестас ойынын жиі ойнатамын. Жасым 55-ке келсе де, өзім қызыға ойнаймын. Білесіз бе, қазір оқушылардың 80 пайызының көру қабілеті төмендеген. Ал, осы ойынның көз бұлшықетіне, ойлау қабілетіне пайдасы орасан зор. Бала кезімізде қой бағуға, қырманға барғанда үнемі өзімізбен алып жүретін едік. Қазіргілер секілді қалтателефонға жабыспай, жарыса ойнайтынбыз. Жас ұрпақ бестастың берер пайдасын ұғынбай кете ме деп қорқамын.

– Аға, бұйырса, мектеп бағдарламасына ұлттық ойындарды енгізеді. Мүмкін біз сөз етіп отырған мәселенің оңтайлы шешімі сол болар?

– Мен де үміттімін. Тіпті, асық, бестас ойынын балабақшадан бастап оқытса да артық емес. Жапонның дзюдо күресі әлемді 50 жылда жаулап алды. Неге? Өйткені 1-сыныптан бастап оқушыға кимано киюді үйретеді. Тарихын егжей-тегжейлі оқытады. Ал, біздің қазақ күресі жылына көп болса, 10 шақты рет өтер. Әлі әлемдік деңгейге көтере алмай, әлекпіз. Себебін айтсақ, тағы да бөлінетін еншінің (қаражат) мәселесіне кеп тіреледі.

– Қазір көбіне жиын-тойда балуан белдесіп, көкпар тартылады. Бірақ, теңге ілу, қыз қуу ойыны мүлдем құрдымға кетіп барады. Бұған не айтасыз?

– Оныңыз рас. Теңге ілу – нағыз жігіттің жігіті шыңдалатын ойын. «Неге?» дейсіз ғой. Қазақ жігіттерін жауынгерлікке жаттықтыруды көздеп, аударыспақты, жекпе-жекті және теңге ілуді ойлап тапқан. Дала сарбазы жауды ат үстінен оңай аудару үшін, аударыспақ ойынымен шыңдаған. Теңге ілудің де ілкідегі маңызы осы тектес. Шайқас кезінде жебеңіз таусылды, жау жағадан алуға сәл-ақ қалды. Жерде жатқан жебені не қанжар-қылышты алуға тура келеді. Міне, ат бауырына ілініп, теңге ілудегі басты мақсат – осы. Ал, қызығы таусылмайтын қыз қууды біз де ұмытқалы қашан? Сәл-пәл ережесіне өзгерту енгізіп, басқаша дамытса болар еді деген ой бар. Бірақ, қарапайым спорт түрлері: асық, бестас, тоғызқұмалақ ойынын жетістірмей жатқанда, мұнымыз арман ба деп қаламыз.

– Естуімше, садақ атудан ҚР Спорт шебері екенсіз. Шәкірт тәрбиелеп жатқан шығарсыз…

– Қазақта құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Демек, бұл да ұлттық болмысымызға сай спорт түрі. Мен мектеп қабырғасында сабақ беріп жүргенде 12-13 жыл оқушыларды садақ атуға үйреттім. Нәтижесінде, екі бірдей спорт шеберін шығардым. Оқушыларды құсбегілікке де баулыдым. Алайда, мектеп басшылығы мұның бәріне тоқтау қойды. Неге екені белгісіз, әйтеуір ұлтқа жаны ашымағандығы деп ұқтым.

– Ендеше, ұлттық спорттың тамырына қайтсек қан жүгіртеміз?

– Ұлтқа жанымыз ашуы тиіс. Қазір Құдайға шүкір, көкпар, күрес спорты бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жаңғырып жатыр ғой. Енді осы қарқынмен ұлттық ойындарымызды ілгерілетіп алсақ па деген арман бар. Бастысы, мектеп қабырғасынан оқытсақ, бәрі оңды боп қалар. «Ұлттық ойын – ұлттық қазынамыз» екенін ұмытпауымыз керек. Сөз түсінесіз ғой, «тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген мақалмен түйіндейін бүгінгі әңгімені.

– Қысқа-нұсқа болса да, салмақты сөз қозғағаныңыз үшін зор алғыс!

Әңгімелескен Қасымхан ҒАЛЫМ.