Ресми

Ұлтқа қызмет етудің ұтымды жолы

«Білімді, жалынды жастар мемлекеттік қызметтен кетіп жатыр. Бұған жол бермеу үшін олардың жалақысы көтеріліп, баспанамен қамтылмақ». Президенттік жастар кадрлық резервінің форумына қатысқан Мемлекет басшысы осылайша жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, бағдар көрсетті. Жақында Президенттік кадрлық резервке іріктелген 50 адам лауазымды қызметтерге тағайындалады. Ал, 1 наурызда өңірлік жастар кадрлық резерві жобасы бастау алады. Талантты жастар іріктеледі.

Сурет: облыс әкімдігінен

Құндылықтар өзгере ме?

Кадрлық резервке өтініш берген жастар «резерв – билікке жетуден бұрын, халыққа қызмет қылудың төте жолы» екенін түсінгені жақсы.

Осы орайда, Мемлекет басшысы бастамашы болып, мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастырып, құндылықтарды өзгертуді ұсынды. Әлбетте, барлық салаға жастардың араласуында әділдік орнап, заң мен тәртіп үстемдік етсе, мемлекеттік қызметші антқа адал болары хақ.

Қарағандылық мемлекеттік қызметші Әбіл Сейітұлы (аты-жөні өзгертілген) таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтін қызметкерге «мемлекеттік қызмет ұсынатын жалақы төмен» екенін айтады. Баспана мәселесі де тиісті деңгейде шешімін күтіп тұр. Оған қоса, қызмет бабындағы қағазбастылық та көп жұмыстың жүзеге асуына кедергі.

Резерв – мүмкіндік

– Мемлекеттік қызметшінің сапасы бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызмет бұл жоғары лауазымға ие болу емес. Мен жаңа ғана айттым. Мәселе мансап емес. Мәселе мемлекетімізге, халқымызға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші болу антқа адал болу деген сөз, – деді Президент.

Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар өңірлік резервке іріктеуге қатыса алмайды. Жобаны облыстың кадр комиссиясы жүзеге асыратындықтан, резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Іріктеуге тек жоғары білімді 35 жастан аспаған азаматтар қатысады. Олардың еңбек өтілі 3 жылдан кем болмауы керек.

Резервке сәтті кадрды жинауда алдымен әкімдер жауапты. Егер әділ өткенін қамтамасыз еткен болса, табысты еңбекке жол ашық. Бұл жерде әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігі де назардан тыс қалмауы қадағаланады.

Сонымен, резервте болу қандай мүмкіндік береді? Резервте тұрған жастардың 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласына араласа алады. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес, уақытпен санаспай, жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге материалдық өтемақы төленеді. Баспана мәселесі де тиісті деңгейде шешілмек.

Іріктеу қалай жүреді?

Іріктеудің өзі бірнеше кезеңдерді қамтып, талаптар қояды. Мәселен, құжаттарды қабылдау кезеңінен кейін заңнаманы білуге арналған тестілеу өтеді. Бұл кезең кандидаттардың заңнаманы білуін анықтауға және олардың жеке қасиеттерін бағалауға мүмкіндік беретін екі тестілеу блогынан тұрады. Тестілеу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалының базасында, яғни, тестілеу залында, офлайн форматта өткізіледі. Тиісінше осы кезеңдерден өткен кандидат қана резервке тіркеле алады.

Облыс аумағында іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы салаларын қамтып отыр. Өтініш берген кезде кандидат осы айтылған салалық бағыттардың бірін таңдайды. Бұл тізімде әлеуметтік саламен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымы және агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары да бар.

Қазіргі таңда маңызды цифрландыру және экология саласына жетік жастардың еңбегін ескеру де көзделген. «Еріктілер мен ғалымдарды да қызметке тарту қажет» дейді Президент. Алдағы уақытта жастар елдегі су тапшылығының алдын алу, цифрландыру сияқты өзекті мәселелерге араласуы мүмкін.

Жалпы, елімізде экономика, техника, экология салаларында білікті мамандар жоқтың қасы. Резервтегі жастарды іріктеуде осы салалардағы қажеттіліктері ескеріледі деп күтілуде.

Дарынды жастарға арналған кадрлық резерв – жаңа буын көшбасшыларына қолайлы. Әлеуметтік баспалдақ өзін көрсеткісі келетін, жаңа инновациялық идеялары бар, ойлана алатын жастарға әлеуметтік лифт болса екен.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button