Ресми

«Кадрлық резерв»: жастарға сәтті мүмкіндік

Өңірлік кадрлық резервке іріктеу 1 наурызда басталады. Іріктеу алғаш рет өткізілетіндіктен, жоба аясында аймағын дамытуға атсалысатын талантты және белсенді жастар арасынан жаңаша ойлау көшбасшыларының, жас басқарушылардың пулын қалыптастыру көзделуде.

Сурет: ұйымдастырушылардан

Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғар облыс жастарымен кездесті. Сондай-ақ, өңірлік кадр резерві жобасын жас мамандарға түсіндіруге арналған кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысты.

– Мемлекеттік аппаратқа заманауи, білікті менеджерлерді тартуға сұраныс тұрақты түрде қалыптасуда. Бұл тұрғыда негізгі адами капиталдың қайнар көзі жастар екені айқын. Мемлекеттік қызметке кәсіби құзыретті, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуеті жоғары, эрудициясы терең, адамгершілік қасиеттеріне бай және топта жұмыс істей алатын жігерлі жас кадрлар қажет. Осы орайда Қарағанды облысының өңірлік кадрлық резервіне қатысатын жастарға ерекше үміт артамыз.

Жастар кадр резерві – талантты жастар үшін пәрменді әлеуметтік лифт болып табылатын алғашқы жария бастамаларының бірі. Білімді, жан-жақты, көкірек көзі ояу, саналы жас азаматтарымыздың орны ерекше. Мықты маман – мықты мемлекеттік қызметші болуы керек, – деді Ерлан Құсайын.

Кездесуде мамандар жас қызметшілерге өңірлік кадр резервіне іріктеу ерекшеліктерін түсіндірді. Мемлекеттік органдардан 200-ден астам жас қызметші қатысты.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 3 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар азаматтар қатыса алады.

Облыс аумағында іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым бойынша өтеді. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология бағыттары бойынша сараланады. Өтініш берген кандидат осы аталған салалық бағыттардың бірін таңдайды. Резервке іріктеу 5 кезеңді қамтиды. Алдымен кандидаттардың құжаттарын қабылдау, заңнаманы білуге тестілеу және жеке қасиеттерін бағалау жұмыстары жүреді. Соңында облыстық резервке қабылдауға кандидаттарды комиссия отырысында қарайды.

Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар өңірлік резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді. Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл.

Іріктеуге өтінімдер ағымдағы жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтында қабылданады.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button