Әлихан Таврия сарайының төрінде

     Жуырда Санкт-Петербордағы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті бас қосуы шеңберінде Ресей империя­сы Мемлекеттік Думасының 1906-1917 жылдардағы 4 шақырылымы мәжіліс өткізген Таврия сарайында І Мемлекеттік Думаның депутаты, қазақтың «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, қазіргі Қазақстанның іргетасын қалап кеткен Алаш Автономиясының басшысы, ғұлама-ғалым әрі публицист Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ бюстін ашу салтанаты өтті.

Салтанатты шараның ресми ашылуында Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Мәжіліс спикері Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина МАТВИЕНКО, Әзірбайжан Парламенті – Милли Мәжілістің төрағасы Өктай АСАДОВ құттықтап сөз сөйледі.

ЮНЕСКО Бас конференция­сының 2015 жылдың қараша­сында болып өткен 38-сессиясы Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды «бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп мойындап, оның туғанына 150 жыл толуына ар­налған мерекелік шараларды ЮНЕСКО аясында тойлау туралы Қарар қабылдаған болатын.

Сол Қарарға сәйкес, үсті­міздегі жылы Қазақ-Алаш елінде ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемі Әли­хан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы Түр­кияда, Ресейде және азаттығы мен тәуелсіздігі үшін қасық қаны қал­ғанша күресіп өткен туған елі – Қа­зақстанның түкпір-түкпірінде кеңінен тойланып келеді.

Жыл бойы болып өткен ме­рей­тойлық шараларға қоса 8 желтоқсан күні қаламызда Ә.Бөкейханның туғанына 150 жыл толуы құрметіне Түр­кия, Оңтүстік Корея, Ресей, Қыр­ғызстан, Украина және тағы да басқа шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция өтпек. Оның барысында ұлт көсемінің бүгінгі ұрпаққа қалдырған теңдессіз мұрасының тұңғыш 15 томдық жинағының, Алаш көсемінің өмірі мен сан қырлы қызметі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі ең алғашқы 2 томдық монографияның тұсау­кесерін өткізу жоспарланып отыр.

Таврия сарайындағы салтанатты шараға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан парламенттерінің де­пу­таттарымен қатар Беларусь, Тә­жікстан, Армения және Қырғыз­стан парламентарийлері де қатысты.

Ресми ашылған бюсттің авторы танымал мүсінші – Азат Баярлин.

Мирас АСАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.