Президент агрофорумда маңызды мәселелерді көтерді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында сөз сөйледі. Форумға еліміздің әр өңірінен келген шаруалар, аграрлық сала мамандары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты. Жиында ауыл шаруашылығын дамыту, шаруаларды қаржыландыру, мал және егін шаруашылығының өнімділігін арттыру, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.

Президент алдымен биылғы егін науқанының қорытындысына тоқталды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар мол өнім жинаған. Осы жылы ел бойынша 24,5 миллион тонна астық қамбаға құйылды.

– Ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда. Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын, – деді Президент.

Соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар көрсеткіш жақсарған. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өскен. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтаған. Оның ішінде өңделген өнімнің үлесі 52 пайызға жетті.

Президент қол жеткізген нәтижелермен шектелмей, саланың мүмкіндігін толық пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне нақты талдау қажет.

Қазір ауылдарды қолдауға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» жобалары бар. Алайда Президент бағдарламалардың көптігіне емес, нақты нәтижесіне басымдық беру қажеттігін айтты.
– Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауылдарды дамытуға бөлінген қаражаттың нәтижесін тексеруді тапсырды. Мәселен, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылған. Оған 173 миллиард теңге жұмсалды. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды.
Президент есептегі көрсеткіштер нақты өмірдегі өзгерістермен сәйкес келуге тиіс екенін ескертті. Оның пікірінше, орындалған жұмыстар туралы есеп берумен шектелмей, олардың ауыл тұрғындарына қаншалықты пайда әкелгенін бағалау маңызды.
Ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Ауыл аманаты» бағдарламасына осы уақытқа дейін 150 миллиард теңге бөлініп, 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Ендігі міндет – сол жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз ету және жобаның аясын кеңейту.
Президент ауылдағы шағын шаруашылықтардың өнімін өткізуге жағдай жасауды тапсырды. Ол үшін өнім қабылдайтын, сақтайтын орталықтар ашу, цифрлық сауда алаңдарын дамыту және банктер мен логистикалық компаниялардың қызметін ауыл тұрғындарына қолжетімді ету қажет.
– Цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айттым. Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек. Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Форумда агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент қолданыстағы несие беру тетіктері шаруалар үшін күрделі екенін айтты. Аграрлық кредиттік корпорация мен «ҚазАгроҚаржының» инвестициялық құралдары бойынша өтінімдерді қарау ұзаққа созылады. Құжат рәсімдеу тәртібі де оңай емес.
Осыған байланысты Үкіметке «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін ұсыну тапсырылды.
Президент екінші деңгейлі банктерді де ауыл шаруашылығын несиелендіруге белсенді қатысуға шақырды. Шаруаларға берілетін несие ұзақмерзімді әрі қолайлы шарттармен ұсынылуы керек. Қарызды өтеу кестесінде өндіріс циклі ескеріліп, инвестициялық кезеңде негізгі берешекті төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылуға тиіс.
– Кредитті шаруаларға қолайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет. Қарызды өтеу кестесінде нақты өндіріс циклі ескерілуге тиіс және инвестициялық кезеңде негізгі берешектің төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі болғаны жөн. Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер. Бәріміз бір елде тұрамыз, бір ауамен тыныстаймыз, бір жердің суын ішеміз. Сондықтан табыста аса үлкен алшақтық болмауы керек. Қаржы көздеріне қолжетімділік туралы түсінікте де айырмашылық болмағаны жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы фермерлердің өнім жинағаннан кейін қарызын өтеу үшін егінін арзан бағамен сатуға мәжбүр болатынын да айтты. Мұндай жағдайға жол бермеу керек. Сонымен қатар мемлекеттік қолдауға бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау қажет.
Несие рәсімдеу кезінде де цифрлық шешімдерді енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель әзірлеу қажет. Бұл өтінімдерді қарау уақытын қысқартып, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Президент ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізудің маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығын дамыту үшін жаңа фермалар мен бордақылау алаңдарының жұмысын жүйелеу қажет. Былтырдан бері елде 71 тауарлы сүт фермасы іске қосылып, 33 бордақылау алаңы салынған. Ендігі кезекте оларды сапалы жем-шөппен қамтамасыз ету, өнім өткізу нарығын кеңейту және жайылымдардың жағдайын жақсарту міндеті тұр.
Президент ветеринария саласын жаңғыртуға да баса мән берді. Қазақстанның аусыл ауруынан таза аймақ ретінде танылуы ет және өзге де мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Бұл әлеуетті тиімді пайдалану үшін мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет.
Егін шаруашылығында өнімділікті көтеру, әр гектардан алынатын өнімнің өзіндік құнын төмендету және егістік құрылымын әртараптандыру маңызды. Президент сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш, ғылыми тәсілдер мен суды үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануға шақырды.
Биыл минералды тыңайтқыштарды пайдалану деңгейі ғылым негіздеген қажетті мөлшердің 65 пайызына жеткен. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 20 пайыз болған. Дегенмен тыңайтқыштың жартысына жуығы шетелден жеткізіледі. Сондықтан отандық өндірісті дамыту қажеттігі айтылды.
Суармалы егіншілік те өзекті мәселелердің бірі. Қазір 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. 2030 жылға дейін бұл аумақты кемінде 1,3 миллион гектарға жеткізу міндеті қойылды. Сонымен қатар 4,6 мың шақырым суару арнасын жөндеу және реконструкциялау жұмыстары басталған. Жыл соңына дейін оның мың шақырымға жуығы пайдалануға берілуі керек.
Президент ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, жерден пайда табатын шаруашылықтар ауылдың дамуына, жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға үлес қосуы керек.
– Жерден пайда тауып жүргенімен үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар. Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және отандық тағам өнеркәсібін дамыту да форумның негізгі тақырыптарының бірі болды. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өскен. Өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артқан.
Президент бұл қарқынды сақтап, өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін күшейту қажеттігін айтты. Жаңа өндіріс орындарын инженерлік желілерге уақытылы қосу, жобаларды қаржыландыру көздерін анықтау және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау маңызды.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу рәсімдеріне шағын және орта бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейту тапсырылды. Отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар жасау, тиімсіз талаптарды қысқарту және өнім сапасына қойылатын талаптарды сақтау қажет.
– Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге оның нақты жолдарын, қаржыландыру көздерін анықтап, мерзімдерін бекіту маңызды. Бірақ бұл істе қағазбастылық әлі бар, оны мойындауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі мен жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді де ескертті. Сарапшылардың болжамынша, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін. Қуаңшылық, өрт және су тасқыны ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізуі ықтимал. Сондықтан Қазақстан климаттық тәуекелдерге алдын ала дайындалып, су ресурстарын тиімді басқаруы қажет.
Форум соңында Президент елдің дамуы үшін еңбек пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы – экономиканың ғана емес, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігінің де негізі. Бұл саланың дамуы фермерлердің, кәсіпкерлердің және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысына байланысты.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



