Жаңалықтар

Әлихан әлемі 4. Орындалған арманның ақталмаған үміті

Естеріңізде ме? Бұрнағы жылдары өткен бір жиында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ залда отырған мемлекеттік аппарат (министрлері, депутаттары бар) шенеуніктеріне: «Үстеріңдегі шетелдік киімдерді шешіп алсақ, жалаңаш қаласыңдар», – деген еді. Ащы да болса, ақиқат.

Сонау ХХ ғасырдың басында Әлихан БӨКЕЙХАН бастаған Алаш көсемдерінің көксегені экономикалық тәуелсіздік болған. Бар болғаны 10 баптан тұратын «Алашорда» бағдарламасына негіз болған Әлекеңнің 5 ұстанымының үшіншісінде «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» деген тарихи байлам бар. Алаш зиялыларының мәңгілік идеясымен сабақтасқан Елбасының салиқалы саясатының тарихи салмағы да, біз тілге тиек етіп отырған талабы да – осы.

Алаш қайраткерлерінің арманынан нәр алып, мемлекеттік дербестікке қол жеткізген бүгінгі Қазақстан мемлекеті сол идеяны толық игеріп отыр ма? Мәселе – осында.

Әңгімемізді сабақтастық пен үндестік төңірегінде өрбіте берсек, бұрынғыны қайталап, алаштанушылардың жазғанын шиырлап қалуымыз кәдік. Мәселен, Алаш идеясына қазық болған экономикалық тәуелсіздік пен бірлік мәселесі данышпан Абай мұрасынан да бой көтере қалады. Тұңғиыққа тартып әкетер терең ойды хакім Абайдың «Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың» деген парасатты пәлсапасымен түйіндей тұралық. Өйткені, Тәуелсіздік тұғырына нық бекінген біздің елдің тәуелді экономикасының «жан сақтау» жағдайындағы халі Абай бабамның осы сөзінмен-ақ сипатталады. Әріге барсақ, қызыл сөздің қырманына ұрынып қалармыз. Белгілі алаштанушы һәм абайтанушы Тұрсын Жұрбай өзінің «Күйесің, жүрек… Сүйесің» атты еңбегінде дана Абайдың осы өлеңіне талдау жасай отырып: «… бұл жерде Абай экономикалық тәуелсіздікті меңзеп отыр», – деген түйін жасайды. Яғни, ұлы Абай атам қазақтың малсақтығынан көріп отырған пайдасы жоқтығын айтады.

Әлекең еңбектерінен де мал бағудың жай-күйін жақсы білген қазақ үшін малының жер қайыстырған қарасы (саны) ғана байлық болып келе жатқанын, тым болмаса, оның тұқымын асылдандыру, өнімін жаратуға енжарлығын сынға алған өткір пікірлерін көптеп кездестіруге болады. Бір ғана мысал… Әлекеңнің «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №123 санында жарияланған «Жауап хат» атты мақаласында: «Мына Еуропа соғысын көз көріп тұр. Қанша кісі солдат қызметін қылатыны болжаулы. Аз болса, дүниедегі адамның 20 проценті әскер кебін киеді. Мұның бар шекпені біздің қазақ қойы сияқты қой жүні болмақ. Бұл базарда бағалы болатын қойды қазақ жерінде тұрып, тәрбиелеп, өсіріп іс қылмаған қазақ – адасқан. Қойды жақсылап асырауға көп іс қажет емес. Қошқарды жақсыдан, ұзын сирақ жүндіден салу, тамағын тоқ, қорасын жылы қылу, саулықты екіден артық қоздатпау, қошқар тоқты, бестен асса, баласы нашар туады», – деген тұжырым бар. Былай қарасаңыз, қазіргі селекционер-ғалымдардың ұзақ жыл бойы қошқардың қанын құтыға құйып, саулықтың жүнін сызғышпен өлшеп жүріп ашқан жаңалығы. Соны Әлекең жарықтық қалай дөп басып, сүйкей салған?! Сүйкей салды деуге келмес, әрине. Мамандығы экономист бола тұра, ғылымның сан-салалы тарауына үңілген қайраткер қазағы үшін шаруашылықтың ең тиімді жолдарын ұсынған. Ғылымның қазақы дәстүр-танымға икемдісін игеруге шақырған. Қазір ше? Еуропа әскеріне шекпен тігу былай тұрсын, бөздің төрт бұрышын көктей салатын төсек жабдығын Қытай мен Түркиядан дорбалап тасып жүрген жоқпыз ба?!

Әлекеңнің ұстанымымен ұштасқан Елбасының өткір сыны да – осы.

«Ірі қараның іргелі проблемалары» (ұстазым Мағауия Сембайдың мақаласының атауы) да Әлекеңнің дәл жаңағы «Жауап хат» атты мақаласында өткір көтерілген. Әлекең: «Біздің қазақ сиыры осы қазақ жерін жайлағанға ғылым жолында 8 мың жыл болған. Осы сиырды тәрбиелеп, жақсы бұқа салып, тамағын тоқ қылып, қыс жылы қорада асырап мұжық «қалмақ сиыры» атты бұғыдай қызыл, көк сиыр шығарды. Өгізі 100 пұт кіле тартады. Еті 30 пұт. Базарда қазақтың екі-үш өгізі орнына сатылады. Күші төрт қазақ өгізінің күшіне бара-бар. Жейтін тамағы қаралас. Біздің қазақтың бұрынғы шабыншылық заманында малға саналмаған сиыр қадірсіз жолда әлі жүр. Көрші ауылда бұқа бар деп, сүйенгені біреудің тайынша бұқасы. Қыс болса сиыр сықырлап аязда тұрады», – деп қынжылады. Дәл бүгінгі проблема. Біз қазақтың етті һәм сүтті «Ақбас» сиырынан бас тартып, мұхиттың арғы жағынан «Герефорд» тұқымын ұшақпен тасып жүрміз. Сол шетелдік бұқалармен қорадағы қызыл сиырымыз қан араластырғалы нетүрлі мал кеселінің көбейіп отырғанына да көңіл бөлмей келеміз. Неге?

Түптеп келгенде, біздің билік Алаш идеясынан мүлде ауытқып кеткен жоқ. Ымыралы түрде сабақтасқан ұлы идеялар игілігін көрмей отырмыз деуге тағы болмайды. Жалпы, «Адам – идеяның құлы» деген қағидаға сүйенер болсақ, кешегі Алаш идеясының біртұтас ұлттық идеяға айналып, тәуелсіз Қазақстанның экономикасында да жетекші рөл атқарып отырғанын ескеріп, адам ғана емес, қоғамның өзі идеяға құл, тұрақты тұтынушы екенін түйсінер едік. Ендеше, тіршілік иесіне ауа қаншалықты қажет болса, қоғам идеяға соншалықты зәру. Қарапайым логикаға сүйеніп көріңіз. «Алаш» автономиясы тарих сахнасында небары 3-4 жыл ғана ғұмыр кешті. Осынша қысқа ғұмырында (оның өзі аңду, айдауда өткен) ұлтымыздың ғасырлар бойғы арманын еңсеріп, күйік-шерін тарқатардай ұлы идеяны өмірге әкелді. «Алашорданың» бағдарламасын, экономикалық тәуелсіздікке деген ұмтылысын жақтастары толығымен қолдап, қарсыластары мойындады. Мойындағандығы сол, Алаш серкелерінен сескенді. Ұлт көсемдерінің ұлы идеялары толығымен жүзеге аспады. Ал, біздің мүмкіндік сол Алаш зиялыларының мүмкіндігінен мың есе артық бола тұра, біз неге Қытайдың жейдесін жамылып, Түркияның етігімен жер шолып жүрміз? Еуропаның кәстөмімен той-томалаққа барамыз.

Алаш қайраткерлерінің: «Отарлық жүйеде басқаға қарайлаумен күніміз өтті. Тәуелсіз экономика жасамасақ, емінсек ел боламыз. Ол біздің алған тәуелсіздігімізді он бес жылда екінші бір тәуелді мемлекетке айналдырады», – деген ұстанымын ұмытуға тиіс емеспіз. Жағамыздан жаһандану алып тұрған бүгінгі дәуірдің сын-қатерлерінен біздің мемлекетті тек қана отандық өндіріс алып шығатынын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та, бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтудай-ақ айтып келеді. Арада ғасыр өтсе де, өзектілігін жоймаған ұлы идея өгейлік қамытын шешер емес. Ауылдағы шаруаның қойынан қырыққан жүні мен сойылған малдың терісі шіріп ол жатыр. Ұқсату өнерін ұқсата алмай келеміз.

Алаш көсемінің арманы да, ұстанымы болған «бір уыс жүннің», қос құлаш терінің кәдеге жарар түрі жоқ. Естігенге ертегідей әсер етер екі мысалға жүгініп көрейін. Жыл сайын елімізде 2,5 миллионнан астам ірі қара сойылады екен. Терісі контрабандалық жолмен шетел асып жатыр. Ұқсатқан ел бір сиырдың терісінен 7 жұп ерлер туфлиін немесе 5 жұп қонышты етік тігеді-міс. Өзіміз ұсата алсақ, әлгі 2,5 миллион теріден (2 500 000 х 7=17 500 000) 17 миллион 500 мың жұп туфли тігеді екенбіз. 19 миллионға енді жуықтаған халқымыздың тең жартысы ер адам десек, бас-басымызға қос туфлиден келіп тұрған жоқ па?! Бір теріні Қытайға 1000 теңгеге сатып, туфлиін 15-20 мыңнан сатып алып жүре береміз бе?

Жүн де дәл солай, шикізат ретінде бағаланбай келеді. Қазақстанда жылына 450-500 мың тонна мақта, 27-30 мың тонна жүн өндіріледі. Біздің кәдеге жаратқан түріміз сол – осынша өнімнің 80-85 пайызы шикізат күйінде шекара асады екен. Ал, жеңіл өнеркәсіптің ішкі нарығын Қытай, Түркия, Италия (80%) жаулап алған. Отандық тігіншілердің экономикадағы үлесі – 8 пайыз ғана. Оның өзінде, олар өндіріске арналған арнаулы киімдер (спецовка) тігумен ғана шұғылданады. Тіпті, оған қажетті матаны да өзіміз тоқып жатқан жоқпыз.

Әлихандардың дәуірі қайда? Біз қайда? Олар отаршылдықтың озбыр саясатымен арпалыса жүріп ұлтын ұшпаққа жеткізуді ойлады. Біз еркіндіктің екі тізгін, бір шылбырын қолға берік ұстап отырып, қырғыздың көйлегімен той жағалап жүрміз. Егер, Әлихандар, Міржақып, Сәкен, Мағжан, Ахметтер 1920 жылы Қазақ еліне автономия алып бермегенде, әлі күнге дейін Ресейдің құрамындағы бұратана ұлттың бірі болып жүрер ме едік?! Ұлы тұлғалардың бұл жеңісі 1936 жылғы Республика статусын алуымызға зор септігін тигізді. Ендеше, бүгінгі бақытымыздың бастауы болған Алаш идеясынан бас тартар жөніміз жоқ!

Уақыт диірмені айналып, заман өзгерді. Қоғам да тотыдай құбылған. Бірақ, Әлекеңдердің ұлтты сүйген жүрегіне құндақталып, бүгінгі саясатпен бекем сабақтасқан ұлы идея өзгерген жоқ. Ол «Мәңгілік Ел» идеясына айналып, жарқын болашаққа қарқынды қадам басып барады.

Айтпақшы, қазақтың басындағы әлеуметтік проблема да өзгермепті-ау… ХХ ғасырдың басында Әлекеңнің уысында тұрған қойдың жүнін біз де уыстап ұстап отырмыз. Ұлт көсемі сол бір уыс жүнді қайтсем елімнің кәдесіне жаратамын деп құрбан болды. Ал, біз сол бір уыс қара жүнді кімге сатарымызды білмей, қытай мен қырғызға жаутаңдап отырмыз. Үстімізде – қырғыз көйлек, аяғымызда – қытай етік.

Елтірі тымақ, былғары етікпен барып, Мәскеудің мысын басып, Кремльге сес көрсеткен қайран, бабаларым-ай… Орындалған арманның ақталмаған үмітін қашанғы арқалайды екенбіз?

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button