Халық сенімі – басты өлшем
Саяси жаңғыру жағдайында жергілікті өкілді органдардың қызметіне қойылатын талап та артып келеді. Мәслихаттар өңірлік мәселелерді шешуге қаншалықты ықпал етіп отыр? Депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігі мен сайлаушылармен байланысы қандай деңгейде? Бұл мәселелер Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде ұйымдастырылған «Өңірлерді дамытудағы мәслихаттардың рөлі» атты сараптамалық кездесудің өзегіне айналды. Жиында мәслихаттардың өкілеттігін жетілдіру, жергілікті басқару жүйесіндегі орнын нығайту және депутаттық қызметтің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.

Жиында еліміздің жаңарған саяси жүйесіндегі мәслихаттардың орны мен жауапкершілігі туралы қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов баяндама жасады. Оның мәслихат жұмысындағы тәжірибесі мол. Ол Қарағанды қалалық мәслихатының алты шақырылымында қызмет атқарып, соның бесеуінде хатшы болған. Сондықтан, сарапшы депутаттық корпустың жұмысын теориялық тұрғыдан әрі көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып тарқатты.
– Бүгінде Конституция, конституциялық заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер мәслихаттарға өз жауапкершілігін толық сезініп, халықпен жүйелі жұмыс жүргізуге қажетті мүмкіндіктер береді. Дегенмен, ең маңыздысы – сайлаушылармен тұрақты байланыс орнату. Депутат халық алдына шығып, тұрғындардың пікірін тыңдап, қабылданған шешімдерді түсіндіруі және өткір мәселелерден жалтармауы керек. Егер тұрғындар қажетті ақпараттан хабарсыз болса, бұл да депутаттардың жауапкершілігіне жатады. Әр адам өз өкілін танып, қажет болған жағдайда оған еркін жүгіне алатынын білуі тиіс, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Жиында мәслихаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Lituanica» литвалық этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас та өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, саяси реформаларды жүзеге асыру мен Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындауда жергілікті өкілді органдардың орны ерекше. Өйткені, депутаттар ел өміріндегі маңызды өзгерістердің өңірлерде жүзеге асуына тікелей атсалысады.
– Мәслихат депутаттары халықпен де, билік өкілдерімен де тікелей байланыста жұмыс істейді. Сондықтан олардың өздеріне жүктелген міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен орындауы аса маңызды. Бұл – елдегі өзгерістерге үн қосу, білім беру, экономика мен медицина салаларын дамытуға қатысты мәселелерді шешуге атсалысу деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, әр депутаттың берік ұстанымы мен азаматтық жауапкершілігі айрықша мәнге ие, – деп атап өтті Виталий Тварионас.

Сараптамалық кездесуде мәслихаттардың өкілеттіктерін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту және депутаттардың сайлаушылармен байланысын нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, өкілді органдар қызметінің тиімділігін арттыру, олардың өңірлік даму үдерісіндегі ықпалын күшейту жолдары қарастырылды.
Талқылаудан түйгеніміз, мәслихат жұмысының нәтижесі тек қабылданған шешімдермен немесе өткізілген отырыстар санымен өлшенбейді. Оның шынайы тиімділігі тұрғындардың мәселесі қаншалықты шешілгенінен, депутаттардың халық алдындағы ашықтығы мен есептілігінен көрінеді. Өйткені, мәслихат – халықтың үнін билікке жеткізетін ғана емес, сол үннің нақты іске айналуына ықпал ететін өкілді орган.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



