Цифрлық сауатсыздық жаңа теңсіздік туғызады
Цифрлық технологиялардың дамуы экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастырып, азаматтардың еңбек етуіне, кәсіп бастауына және табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Президент Жолдауында Қазақстанның цифрлық экономика құру міндеті айтылып, технологиялық дамуды халық игілігіне бағыттау қажеттігі атап өтілді.

Мемлекет басшысы цифрландыруды тек бағдарламалық өнімдерді сатып алу немесе қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен шектемеу керектігін айтты. Оның негізгі нәтижесі азаматтардың өміріне нақты пайда әкеліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы тиіс.
Қазір елімізде цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Екі суперкомпьютер іске қосылып, жыл соңына дейін үшіншісін пайдалануға беру жоспарланған. Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу аяқталып, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр.
Президент цифрландырудың келесі кезеңінде қолжетімділікті қамтамасыз етуден мүмкіндіктер аясын кеңейтуге көшу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, цифрлық құралдар арқылы заңды табыс табуына жағдай жасау маңызды. Ауыл тұрғындары үшін онлайн сауда өнімді кеңірек нарыққа шығаруға мүмкіндік берсе, жұмыс іздеушілер қашықтан еңбек ету арқылы жаңа бағыттарды игере алады. Жолдауда Үкіметке бизнес қауымдастығымен бірлесіп, бірқатар өңірде цифрлық даму бойынша пилоттық жобаларды іске қосу міндеті қойылды. Бұл әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің тауарын өткізуіне қолдау көрсетуге бағытталған.
Цифрлық экономиканың дамуы халықтың сауаттылығын арттырумен де байланысты. Электронды қызметтерді пайдалану, онлайн төлем жасау, жеке деректерді қорғау және интернеттегі алаяқтықтан сақтану дағдылары әр азамат үшін маңызды. Әсіресе, ауыл тұрғындары, егде жастағы адамдар мен жұмыс іздеушілердің цифрлық мүмкіндіктерді меңгеруіне жағдай жасау қажет.
Президент Жолдауында интернетті тұтыну мен көңіл көтеру құралы ғана емес, жасампаздық пен еңбек кеңістігіне айналдыру міндеті қойылды. Цифрлық экономиканың басты мақсаты – технологияны халыққа жақындатып, азаматтардың жұмыс істеуіне, кәсіп жүргізуіне және табыс табуына мүмкіндік беру.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»



