АймақБас тақырыпЖаңалықтар

Тәуелсіздікпен түлеген

Тәуелсіздіктің таңы атып, ел экономикасы жаңа арнаға бет бұрған тұста өндірісті өңірлердің алдында уақыт талабына сай түлеу міндеті тұрды. Сол тарихи белестен сүрінбей өтіп, екінші тынысы ашылған қалалардың бірі – Саран. Кешегі көмір мен резеңке өндірісінің ордасы бүгінде тамырына қан жүгірген, сан салалы өнеркәсібі қатар өркендеген іргелі орталыққа айналды. Егемендіктің 35 жылдық белесінде моноқала мәртебесінен арылып, инвестиция тартудың тың үлгісін көрсеткен шаһардың келбеті де, тыныс-тіршілігі де түбегейлі жаңарды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Өндіріс өрісі кеңейді

Саранның бүгінгі экономикалық келбеті бір күнде қалыптасқан жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өндірістік байланыстардың өзгеруі мен нарықтық қатынастарға көшу қала кәсіпорындарына да әсер етті. Алайда уақыт өте келе жаңа инвестициялық жобалар қолға алынып, бұрынғы өндірістік алаңдар қайта игеріле бастады. Қаланың экономикалық құрылымын жаңартуға 2021 жылы құрылған «Саран» индустриялық аймағы мен Солтүстік өнеркәсіптік аймақтың дамуы ерекше серпін берді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бұл аумақтар отандық және шетелдік инвесторлардың жаңа кәсіпорындар ашуына мүмкіндік туғызды. Бұрын негізінен көмір өндіру және резеңке-техникалық бұйымдар шығаруға бейімделген қалада машина жасау, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен металл өңдеу салалары қатар дамып келеді.

Саран қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Саранда Tengri Tyres, QazTehna, Silk Road Electronics, Karaganda Insulation, Saran Machinery, «ТЭМПО-Қазақстан», ыстықтай мырыштау зауыты және өзге де кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың өндірістік бағыттары сан алуан. Бірі автомобиль шиналарын шығарса, енді бірі автобус пен жүк көліктерін құрастырады.

Мәселен, QazTehna зауыты 2020 жылдан бері автобус және коммерциялық техника өндірісін дамытып келеді. Кәсіпорында дәнекерлеу, бояу, құрастыру және дайын техниканы сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіледі. Ал, Tengri Tyres зауыты жеңіл және жүк көліктеріне арналған шиналар шығарады.

Silk Road Electronics кәсіпорны да Саран өнеркәсібіндегі жаңа бағыттың бірі. Бұрынғы «Қарағандырезинотехника» зауытының аумағында орналасқан өндірістік кешенде теледидар, кір жуғыш машина және өзге де тұрмыстық техника шығарылады. Ескі өндірістік ғимараттардың жаңа технологиялармен жабдықталуы қаланың экономикалық жаңғыру сипатын аңғартады.

Өзгерістердің ауқымын нақты көрсеткіштер де айғақтайды. 2019-2024 жылдары Сарандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6 есе артқан. Ал, өңдеу өнеркәсібінің жалпы өндірістегі үлесі 92 пайызға жетті. Соның нәтижесінде 2023 жылғы қарашада Саран Қазақстанның моноқалалар тізімінен шығарылды.

Қазіргі таңда индустриялық және Солтүстік өнеркәсіптік аймақтарда 14 инвестициялық жоба қамтылған. Оның оны пайдалануға берілсе, қалған төртеуі жүзеге асырылу үстінде. Жобалар толық іске асқанда жеті мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Әрбір жаңа өндіріс орны қала тұрғындарына өз өңірінде еңбек етіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Жасыл энергияға жасалған қадам

Сарандағы өндірістік жаңғырудың келесі бір бағыты – энергия тиімділігі мен баламалы қуат көздерін пайдалану. Қалада 2019 жылы қуаты 100 мегаваттық күн электр станциясы іске қосылды. Бұл өңірдегі жаңартылатын энергетиканы дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады.

Ал, күні кеше баламалы энергияны пайдаланудың тағы бір тәжірибесі жүзеге асты. «Sigma Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік алаңында шағын күн электр станциясы пайдалануға берілді. Кәсіпорын осы арқылы электр энергиясына жұмсалатын шығынды 15 пайызға қысқартады. Жобаның ерекшелігі – станция жабдықтарының лизингтік модель негізінде орнатылуы.

Бұл қаржыландыру тәсілін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Green Platform Kazakhstan қауымдастығы бірлесіп әзірлеген. Соның арқасында кәсіпорын қомақты қаражатты бірден жұмсамай, жабдық құнын кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік алған.

– Біз кәсіпкерлерге айтарлықтай қаржылық салмақ түсірмей, күн энергиясын пайдалануға көшуге мүмкіндік беретін модель қалыптастыруды мақсат еттік, – деді Green Platform Kazakhstan қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Қалиев те бұл бастаманың өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау және жасыл экономиканы дамыту міндеттерімен үндесетінін атап өтті. Ал, Atameken Qaragandy микроқаржы ұйымының директоры Саида Нукина жобаның экономикалық тиімділігіне назар аударды.

– Өндірістік кәсіпорындар үшін экологиялық шешімдердің экономикалық тұрғыдан тиімді болуы аса маңызды. Кәсіпкер жаңа технологияны енгізу үшін бірден қомақты қаражат жұмсауға міндетті емес. Лизингтік қаржыландыру арқылы жабдықтың құнын кезең-кезеңімен өтей отырып, станция іске қосылған алғашқы күннен-ақ электр энергиясын үнемдей бастайды. Мұндай тәсіл шағын және орта бизнес өкілдерінің де баламалы энергия көздерін пайдалануына мүмкіндік береді, – деді Саида Нукина.

Күн электр станциясының іске қосылуы Саран кәсіпорындарының өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа технологияларды игеруге де серпін бермек.

Жаңарған қала – жаңа мүмкіндіктер

Өнеркәсіптің өркендеуі қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне де ықпал етеді. Жаңа зауыттардың ашылуы жұмыс орындарына сұранысты арттырып қана қоймай, тұрғын үй, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қажеттігін де күшейтеді.

Саранда кейінгі жылдары осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ұзақ уақыт қараусыз қалған 22 көпқабатты тұрғын үй қалпына келтірілді. Олардың қатарында бір кездері өндіріс орындарымен бірге дамыған РТИ шағынауданындағы үйлер де бар. Бұрын бос тұрған ғимараттардың қайта жөнделіп, тұрғын үй қорына қосылуы қаланың келбетін жаңартуға мүмкіндік берді.

Тек былтырдың өзінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 110 пәтер берілді. Сонымен қатар, су құбыры мен кәріз желілері жаңартылып, жылумен жабдықтау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы сыйымдылығы 10 мың текше метр болатын екі ауыз су резервуарының салынуы коммуналдық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Тәуелсіздіктің отыз бес жылы Саран үшін экономикалық бетбұрыстар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі болды. Кезінде өндірістің санаулы саласына сүйенген қала бүгінде әртараптандырылған өнеркәсібімен, жаңа инвестициялық жобаларымен және жаңарып жатқан инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Ендігі міндет – қалыптасқан өндірістік әлеуетті одан әрі арттырып, қолға алынған жобалардың игілігін тұрғындардың күнделікті тұрмысынан көрсету. Тәуелсіздік жылдарында басталған осы жаңғыру Саранның алдағы дамуына да берік негіз болып қалмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button