Жаңалықтар

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН: «Би ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды…»

Журналистикада ретроспективалық сұхбат деген жанр бар. Өткенді баяндау арқылы әңгімелесу тәсілі. Осы әдіспен Ұлт көсемі Әлихан БӨКЕЙХАН шығармашылығына үңіліп, қал-қадерімізше сыр-сұхбат құрып көрдік.

Сөзді абайлап һәм Абай деп бастаймыз. Қандай жағдаят болсын алдыңыздан Абай шығады. Әр адамның өз Абайы бар. Сіздің Абайыңыз кім? Ол қандай адам?

Ә.Бөкейханның бастамасымен жарық көрген Абайдың тұңғыш жинағы 

– 1904 жылы маусымның 23 жұлдызында Семей уезінің болысында (Шыңғыстауда) даланың сүйікті ақыны Абай Құнанбаев дүние салды. Хатқа түскен шын есімі Ибраһим (Авраам) болса да, қазақ даласы, шешесінің еркелетіп қойған нәзік те үнді есімімен Абай деп атап кеткендіктен, біз де солай қолданамыз. Абай, әке жағынан алғанда, тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, тобықтының батыр, биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында XVII ғасырдың елуінші жылдарында дүниеге келген.

…Абай отыз жасында барымтаны жойып, өзге рудың байларымен достыққа ұмтылған, жауларын сескентетін беделді қазақ атанады. Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арасында басты тізгін ұстаушы болды. Абай өз елінің сом алтыны еді. Дауға да, партия таласына да әділ төрелік айтты. Абай он төрт жасынан бастап сықақ өлеңдер шығарды. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған онша мән бермеді. Дала атқамінерлерінің «ақын» деген атты иемденуден қашқаны әсер етсе керек. Қазақ сұлтандары өздерінің арасынан бақсы мен ақын шықпағанын мақтанышпен айтатын. Кейін ақындық жолға түскен Абай қазақ ақындарын өнерді байдан мал қалап алуға жұмсағанын сынап, өлеңшісымақтардан өзін аулақ ұстады.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта зарлап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.

Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін бай деп мақтап, Құдай қарғап.

Қайда бай, мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да бай болмапты қанша малды ап.

Міне, қазақтың суырыпсалма «ақынсымақтарына» берген бағасы.

Тарих мәселесіне көшсек. Тарих саясатқа айналды. Бәзбіреудің қалауымен жазылып келді, жазыла да бермек. Қазақ тарихында қандай деректер бұрмаланған?

– Газетаның («Қазақ» газеті) 3-нөмірінде қазақ тарихы турасында жаңылыстың екеуін санап едік. Жəне үшінші қата – мынау: «қазақ» деген сөздің мағынасын тарих кітаптары анық айтып бере алмайды. «Қазақ» деген сөз қайдан шығыпты? Мұны тарих кітаптарына қарап білуге болмайды. Орыстың тарихында «қазақ» деген сөзді жазбайды. «Киргиз» деген бір жаңылыс сөзді малданып, соныменен бүкіл тарихын былықтырады. Арабша һəм түрікше тарих кітаптарына келсек, онда да анық сөз жоқ, һəр түрлі ұйғарып айтады. Кейбіреуі қазақ «қашақ» деген деген сөзден өзгерілген дейді. Жəнібек хан тұсында ханзаданың біреуі хан бола алмайтын болған соң, қасына бозбаланы ертіп елден қашып азып-тозып жүрген соң, сахарада қалып «қашақ» атаныпты-мыс, жүре-жүре «қашақ» сөзі қалып, «қазақ» болыпты-мыс.

Осындай жаңылыстар ондық-мұндық ұсақ кітаптардың сөзі емес, нағыз шын, сенімді деген «Мұстафадал ахбар» кітабында да бар. «Мұстафадал ахбар» кітабын жазушы Қазанның Шаһаба адДин Маржани хазіретлерін ілімнің теңізі деп білгендігімізден, қазақтың асылын, «қазақ» сөзінің мағынасын біле алмайды деуге болмайды. Бірақ ол жарықтық «Қазан халқына» махсус болған тағсібиі (фанатизмі) күшті болғандықтан, ноғай емес халықты жеккөргендігінен (манфур), қалай болса солай жаңылыс жазғаны жасырын емес.

Төртінші қата – «қазақ» сөзі «хайсахқайсақ» сөзінен өзгеріпті деген сөздері. «Халисақ» сөзі қалмақшада «гранитса күзетшісі» мағынасында-мыс. Орыс тарихының кейбіреуі «қазақ» сөзі осы «хайсақ» дегеннен алынған деп өтірік жазады. Осындай өтірікті малданып, орыс жазушыларының көбі қазақты «киргизкайсак» деп жазып жүр. Мұның өтірік екені сөз ретінде кейін айтылар.

Осы күнде қалмақ, қытай қазақты «хайсақхасақ» деп сөйлейді екен, онысы тілі келмегеннен. Оныменен «қазақ» сөзінің хайсақтан» өзгерілгені білінбейді. Осы күнде «мишер» (мысыр) халқы арабтан алынған «салам» сөзін «сейалам» деп сөйлейтіні бар. Сол секілді, қалмақ та «қазақ» сөзін «хайсақ» деп бұрып айтады деуге болады.

Бесінші қата – түрік қауымынан бір кісі далада аң аулап жүргенде бір адасқан қыз тауып алыпты-мыс. Қыз аса көркем, сұлу болса керек, еліне алып келгенде, халқы көріп сұқтанып: «Шіркін-ай, қыз-ақ екен!» – дейді-міс. Сол сөз жүре-жүре «қазақ» қалпына өзгеріліптіміс. Сол қыздан үш бала туып, күллі қазақ халқы сол үш баладан тараптымыс. Үлкен баладан – Ұлы жүз, ортаншы баладан – Орта жүз, кішіден – Кіші жүз.

Мінеки, осындай шіп-шикі өтірік сөздер тарих кітаптарында толып жатыр. Тарихтың шын-өтірігін айыруға шамасы келмеген шала моллалар «кітапта жазған сөз» деп осындай сөздерді көптің ортасында оқып, біреуден біреу естіп, осы өтіріктерге жұрттың құлағы əбден үйреніп алды. «Қазақтың асылы қайдан шыққан?» деп сұрасаң, тəп-тəуір адам да осы өтірікті айтып қоя береді.

Мұнан төрт жыл бұрын қазақ шəкірттерімен кеңесіп, қазақтың тарихын жазбақ болып едік. Шəкірттердің əрқайсысының елінде шежіреге жетік адамдар бар. Тарихқа керекті сөздерді жазып əкелеміз деп кетісті.

Мінеки, шəкірттердің жазып əкелген шежіресі: «Қырым жұртында қырық сан ноғай болғанда, бір ханның баласы анасынан шала туыпты. «Тілеп алған балам шала туып, жұртымды шала қылады екен» деп ханым баланы дештіқыпшақта көшіп-қонып жүрген он сан ноғай ішіне тастатыпты.

Бала ержеткен соң, əйдік өнерпаз болыпты. Бір күні хан өзінен туған бала сөйтіп өнерпаз болыпты дегенді естіп, Үйсін батырдың қасына жүз жігіт қосып, іздеуге жіберіпті. Бұлар баланы тапса да, Сырдария менен Арқаны қимай тұрып қалыпты. Үш жылдан соң Болат мырза жүз жігітпен келіп, о да тұрыпты. Жəне үш жылдан соң Алшын мырза жүз жігітті ертіп келіп, о да тұрып қалыпты. Сол үш жүз жігіт манағы шала туған баланы алаша төсекте хан көтеріп, «Алаш» деп ұран қойыпты. Үйсін, Болат һəм Алшын мырзадан тұқым қалып, өзге жігіттер жауда өліп, олардан тұқым қалмайды». Қазақтың үш жүз болғанының, Алаш атанғанның мəнісі осы-мыс. Мінеки, ел арасындағы «шежіре» – осы. Мұнан басқа жəне естуге құлақ иба қылатын өтірік шежірелер толып жатыр.

Қазақтың болашағы не болмақ? Не істемек керек? Қандай қам жасау қажет? Халық пен мемлекет арасындағы байланыс ше?

– Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын. Би ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды. Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды. 5 миллион қазақ тілегі кемшілік жолына сыймайды. Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену қажет. Не жұмыс қылсақ, ақыл, сөз, іс – үшеуі сана талқысына өтпей, жұмысқа айналмайды. Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл болып басталады, сөз болып сөйленеді я жазылады, ақыл сөз сонан соң барып іске айналады. Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді іс қылмақ мұнан неше есе қиын. Еуропа жұртының сайлауы – халыққа тегіс бір үлкен той. Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт боп тіршілік қылып жүрмек емес. Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді. Ғаділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды. Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар қыстыгүні үңгірде жатып, өз аяғын сорған аю мысалында ғой, қанша қомағайланса да, сорғаны – өз аяғы. Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақдаудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым! Қылығыңды көріп ішім күйеді. Хакімші халықтың көбіне сүйенсе, күшті болады. Дүниедегі жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Өтіріксіз, ұрлықсыз бұл сорлылардың арам жемі табылмайды. Торғайдың ақүрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып-жалпая берсе, мұнан түк өнбейді. Түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген заман. Ғұмыр өзгерілді. Ат ұрлаған адамды тышқандай өлтіретін орыс мұжығымен ауылдас болдық. Бөтен кісі қазаққа ешқандай жақсылық артып әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты. Закон адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой. Жүз түйені бір бұралқы ит құйрығына тіркесе, осы ит Ташкент барса, жүз түйе Ташкент кетеді. Итте не жаза бар, түйенің жетекшілігі емес пе? Айыр сөзде айып жоқ. Ақылға саңырау да – айып. Қазақ жеріне жерік болғанда қызаратын бет бар ма? Жолдаспай жер берсе, бұл кейінгі балалардан ұят, осы жер үшін жолдаспаған жігіт жаулық салып, тезек теретін, қап арқалар күн болса, Құдай қосқан іс қылғаны болады. Судья даугер мен жауапкердің сөзін өз құлағымен естімесе, тәмам мылқау ортасынан не жақсы билік шықпақ? Үкімет адамдары қай уақытта көзі байлаулы, адасып жүреді. Түбінде біздің қазақ тілі, бізбен тіл тұқымы бір, өзге мұсылманды байытпаса, бір-бірімізге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар: Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой.

Тағылымы мол әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған Ерболат ҚУАТБЕК

Басқа материалдар

Back to top button