Жаңалықтар

Мәдени мұра – ұрпаққа аманат

Сайын дала әлі талай тарихтың сырын бүгіп жатқаны сөзсіз. Соның бір айғағы – Шет ауданында жүргізілген археологиялық барлау барысында 128 жаңа тарихи-мәдени нысанның анықталуы. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ескерткіштер Арқа өңірінің өткені әлі де терең зерттеуді қажет ететінін аңғартады. Алайда, тарихи мұраны табу – істің алғашқы қадамы ғана. Оны ғылыми айналымға енгізу, табиғи және адам қолымен келетін қауіптен қорғау, кейінгі буынның танымына жеткізу – өз алдына үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында келер ұрпаққа лайықты мұра қалдыру және мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселелерінің көтерілуі де осы міндеттің қоғамдық маңызын айқындай түседі.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Президент Жолдауында елдің келешегі үшін мәдениет ошақтарын салу мен жаңғыртуға назар аударылды. Бұл міндеттің мәні ғимарат тұрғызумен шектелмейді. Мәдени кеңістіктің мазмұнын байыту, ұлттық құндылықтарды зерттеу, сақтау және насихаттау да маңызды. Әсіресе, тарихы терең Қарағанды облысында археологиялық мұра ен дәстүрлі өнерді қорғау мәселесі өзекті.

Биыл жарық көрген «XVIII Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясының жинағында археолог Әлішер Бейсенов Шет ауданындағы зерттеулердің нәтижесін жариялады. Ғалымның дерегінше, былтырғы барлау кезінде 128 жаңа нысан тіркеліп, олар шартты түрде 15 топқа бөлінген. Соның 86-сы Нілді ауылдық округінің аумағында, қалған 42-сі Үңірек, Көктіңкөлі, Жыланды, Ортау және Қызылтау өңірлерінде орналасқан.

Анықталған мұралар қатарында қорымдар, обалар, көне қоныстар мен тарихи жерлеу орындары бар. Мұның өзі бір аудан аумағында әртүрлі тарихи кезеңдердің ізі сақталғанын көрсетеді.

Зерттеуші маңызды мәселені де көтерген. Археологиялық барлау материалдары кейде толық ғылыми айналымға түспей, бұрын анықталған нысандар қайта тіркеліп немесе олардың атауы мен орналасқан жеріне қатысты сәйкессіздіктер туындайды. Сондықтан ескерткішті анықтаумен қатар, оның ғылыми сипаттамасын толық әзірлеп, деректерді ортақ жүйеге түсіру қажет.

Өңірдегі археологиялық зерттеулер халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында да жалғасуда. Маусым айында Шет ауданындағы «Талды» тарихи-археологиялық паркінде «Талды – 2026: қола дәуірінен орта ғасырларға дейін» атты халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстанмен бірге Венгрия, Германия, Түркия және өзге елдердің мамандары қатысты.

Ғалымдардың назарында қола дәуірінің бірегей ескерткіштерінің бірі – Қаражартас пирамидасы болды. Басқосуда көне нысандарды зерттеу, қалпына келтіру, цифрландыру және музейлендіру мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар археологиялық мұраны ғылыми қауымдастыққа таныстырумен бірге оны көпшілікке қолжетімді етудің де жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.

Тарихи ескерткіштерді сақтау ісінде қалпына келтіру жұмыстарының орны бөлек. Мәселен, Саран қаласына қарасты Байтам маңындағы Игілік би кесенесі қайта жаңғыртылды. XIX ғасырдан жеткен сәулет ескерткішінің тарихи келбетін сақтау мақсатында қабырғалары бекітіліп, айналасы ретке келтірілген.

Облыстың тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының мәліметінше, былтыр Шет ауданындағы Олжадәулен мен Баубек батыр мазарларын, Ақтоғайдағы Асылбек би қорымын және Нұрадағы Шонжар мазарын қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған.

Мәдени мұра тек көне қорғандар мен сәулет ескерткіштерінен тұрмайды. Халықтың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасқан салт-дәстүр, қолөнер, күй, жыр және ұлттық ойындар да рухани қазынаның маңызды бөлігі.

Қарағанды облысы ЮНЕСКО-ның техникалық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан материалдық емес мәдени мұраны түгендеу жобасына қатысатын бес пилоттық өңірдің бірі.

Атап айтқанда, облыста материалдық емес мәдени мұраның 27 элементі тіркелген. Оның оны еліміздің Ұлттық тізіміне енгізілген. Олардың қатарында айтыс, күй тарту, құсбегілік, киіз үй жасау, қазақ күресі, «Ортеке» өнері және ұлттық ойындар бар. Тағы 17 элемент Ұлттық тізімге енгізуге ұсынылған. Бұлардың ішінде кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, терме айту, тазы өсіру мен ат баптау дәстүрлері кездеседі.

Бұл бағытта өңірде нақты бастамалар да бар. Мәселен, облыста 17 айтыскер мен алты жыршы-термеші тіркелген. Дәстүрлі сөз өнерін үйрететін арнайы мектепте 10-35 жас аралығындағы отызға жуық шәкірт білім алуда. Олар айтыс, жыршылық және термешілік өнердің қыр-сырын меңгеріп жүр. Мұндай сабақтастық дәстүрдің сахналық көрініс күйінде ғана қалмай, өміршең өнер ретінде жалғасуына мүмкіндік береді.

Мәдени мұраны сақтауда музейлердің де жауапкершілігі жоғары. Өңірде 13 музей мен төрт филиал жұмыс істейді. Олардың қорында 378 мыңнан астам жәдігер есепке алынған.

Сайып келгенде, ата-бабадан жеткен аманаттың қадірі оны қаншалықты танып, сақтай алғанымызға байланысты.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button