Әлеуметтік дүкен ашылды

Ақтоғай ауданының орталығынан «Әлихан» әлеуметтік дүкені ашылды. Мұнда өнімдер нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағада сатылады. Негізгі мақсат – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және қолжетімді ету.

Ақтоғай аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Сайлаукен Әубәкіровтің айтуынша, әлеуметтік дүкендердің санын арттыру қолға алынбақшы.

– Жыл сайын кәсіпкерлікті дамыту бағытында игілікті іс-шаралар атқарылу үстінде. Жеке кәсіпкер Куля Бишаеваның бастамасымен ашылған әлеуметтік дүкеннің маңызы жоғары. Мұнда жеміс-жидектер, көкөністер, күнделікті тұтынатын азық-түліктер мен киім-кешек саудалануда. Ең бастысы, ондағы баға базар бағасымен салыстырғанда арзан. Әсіресе, ақтоғайлық зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға едәуір көмек болады, – дейді Сайлаукен Әубәкіров.

Айта кетейік, алдағы уақытта осы әлеуметтік дүкенде облыстық тұрақтандыру қорынан қамтамасыз етілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан төмен бағада халыққа сатылатын болады. Қарапайым халықтың игілігі үшін ашылған дүкенге жергілікті тұрғындар дән риза.

Нұрдос КӘРІМ.

Ақтоғай ауданы.

Оrtalyq.kz