Бас тақырып

Әлем сыйған әйелдің жүрегіне

Қазақта өз ортасының Ары, Иманы, Ажарына айналған қасиетті Аналар аз болмаған. Жалпы, тіршіліктің көркі көктем болса, адамзаттың ажары – Аналар мен Арулар!

Жоғын іздеген қауырт қоғамның рухшәрібі, қасиет-қадірі, инабат-ибасы біздің қазақ әйелінің бойында тұнып тұр!

Ана. Осы бір қастерлі сөзді мейірім сөзімен алмастырып қояр болса, келіспейтін жан табылмас, сірә!.. Ері түзде жүргенде, үйде ұрпағының амандығы мен тәрбиесіне жауапты болған қазақ анасы қазіргі заманда ұрпағына тек үйде отырып, тәлім бермей, ерімен бірге түзде жүріп нәпақа тауып та жақсы тәрбие беруге күш салып жүр. Ұзаққа бармай-ақ, айналаңызды бір шолып өтсеңіз, ұрпағының амандығы мен заманға сай білімді, өнерлі болып өсуі үшін күн-түн демей, алашапқын шабылып жүрген Аналарды көресіз. Ол – үйде жерде жатқан көк тасқа да жан бітірген аяулы ана, сүйікті жар, шыққан бір күндей іңірден, ақжаулық киіп жүгінген ибалы келін, түзде – пырақтай қанат қағынған қарымды қызметкер, төркінінде – қадірлі әпке, көкқасқа бұлақтай еркелей тіл қатқан меймандос қарындас.

Халқымыздың байырғы ата-бабалары үшін де Өзен – Ана, Күн – Ана, Ай – Ана. Халқымыз қасиетті қара жерді – Жер-Ана деп құрметтеп, туған тілін – Ана тілі деп әспеттеген.

Күні кешегі Домалақ ананың даналығын, Айша бибінің адалдығын, Тұмар ханымның қайсарлығын, Қарқабат ананың қасиетін, Бопай ананың болмысын, Қарашаштың парасатын, Бегім сұлудың бекзаттығын тануға болады Алаштың асыл Аналары мен арлы Аруларының бойынан!

Ел басына күн туған шақтарда да асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдер есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталғанына ақзер дүние куәгер.

Егеменді елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы екендігіне салиқалы салмақ беріп отыр.

Күнделікті күйбең мен қу тіршіліктің қалтарысында қыз-қызғалдаққа, тілеулес әпкеге, меймандос қарындасқа, ибалы келінге, аяулы анаға, сүйікті жарға, ардақты енеге көрсетілер құрмет ұмытылып қалғанымен, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні ер-азаматтар әйел дейтін табиғат тылсым дарытқан жаратылыстың сырына тағы бір үңіліп, қасиетін терең ұғынады. Лайым қыз қадірін ұғынар азаматтар көп болғай!

Бесіктің белағашына сүйеніп, Әлемді әлдилеген Ананың мейірім тұнған жүрегінен ғазиз не бар екен алты күн мынау жалғанда?

Қай заман, қай қоғамда да ең мәртебелі құрметке барынша лайық Әйел-Ана алдында бүкіл адамзат баласының өтелмеген парызы бар.

Санасына сабыр сіңіріп, төсегіне төзім ұялаған, жүрегіне мейірім тұнып, тілегіне тіршілік ұйыған Аналар мерекесі құтты болсын!

Қазақтың барша қыз-келіншектеріне баянды бақыт, аяулы арман тілейміз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button