Жаңалықтар

Өлеңді қайтіп қоярсың?!

Шығармашылықпен айналысатын ақын, суретші, сазгер туралы сөз қозғағанда бұл өнер ата-анасынан немесе нағашысынан дарыды, қияли, ерекше бала еді деп жатады. Бұл күндері қайтыс болғанына қырық күн толып қалған белгілі композитор, жерлесіміз Қазыбек Бексұлтановтың әкесі, Қарқаралыда туып-өскен Зейін мен шешесі Жамал өнерден қара жаяу емес жандар еді. Ал олардың кенжесі өнерге деген құштарлығын ерте байқатып, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түседі. Содан небары 17 жасында, яғни, 1965 жылы өзі шығарған әндерімен көзге түсіп, Мәскеуде өткен VІ халықаралық конкурстың лауреаты атанады. Тіпті, кейбіреулерге қол жетпес арман болып көрінетін КСРО Композиторлар одағына бірден қабылданады. Қазыбек сазгерлік жолды таңдап, Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясын да бітіреді. Үлкен өнерге тағы бір таланттың жолы ашылғандай еді. Бірақ, кәсіби композитор болып шығуына өмірде нешетүрлі кедергілер кездеседі. Үй-іші де сал-серілер жолын қуып кетеді деп мұндай кәсіпті жақтырмайды. Сонда да «Өзгеге көңілім тоярсың, өлеңді қайтіп қоярсың?» деп данышпан Абай айтқандай, ән салып, саз шығаруын бір қоймайды. Сондықтан, отбасын құрғаннан кейін Қарағандыға көшіп келіп, пединституттың музыка және ән бөлімшесін бітіріп, мектептерде ән-күйден сабақ береді. Бірінен соң бірі Мәди, Мадияр, Бимұхамбет, Бибігүл, Айгүл, Әсемгүл атты алты бала желкілдеп өсіп келе жатты. Қашанда атқарған істеріне көңілі толмай, өнер әлеміне, биік қияларға шырқағысы келіп тұратын қайран талғамы басын тауға да, тасқа да ұрындырады. Сан қырлы талант иесі республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің меншікті тілшісі, өзіміздің облыстық «Орталық Қазақстан» газеті мәдениет бөлімінің қызметкері сияқты журналистік жолды да таңдап көрді. Журналистер одағы мүшелігіне қабылданды. Жетпісінші жылдардың ортасында осы бір жайдары жанмен қасиетті қара шаңырақта бірге қызмет атқардық.
Қазақстан Магниткасының жалын алаулаған цехтарын әнге қосу ниетімен ол отты мамандықты да игермек болды. Ақыры шиеттей алты баланы асырау үшін отбасылық кеңестің ұйғарымымен сол кезде жалақысы әжептәуір болып есептелетін Қарағандының көмір шахтасын таңдады. Оқпаншының жұмысы көңіліне ұнайды. Өйткені, мұнда екі ауысым арасында кеншілер забойға аттанып, немесе қырға шығып кеткеннен кейін біршама уақыт қол бос болады. Шахта басшылары жұмысшылар жер астынан ерте көтеріліп кетпесін деп оқпанды жауып тастайды. Сонда өлең жазуға, ыңылдап ән шығаруға мүмкіндік аласың дегендей. Ал шабыттың шырқау шағы жеткенде үйге келіп, нотаға түсіреді немесе пианиноға отыра қалып, өмірлік жары Бикеніне тыңдатады.
Өстіп жүріп ол адамның жүрек қылын шертетін 120-дан астам лирикалық әннің авторы атанған екен. Әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» еніп, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев сияқты күміскөмей, жезтаңдай әншілердің орындауында жазылған. Бірталай шығармалары халықтың жүрегіне атақты «Серпер», «Дос-Мұқасан», «Гүлдер», «Жетіген» ансамбльдерінің орындауында жеткен.
Қазекеңнің шығармашылық шұратына кезінде белгілі композитор, республиканың халық артисі, Бухарест, Вена, Берлин, Варшава және Мәскеу қалаларында өткен халық-аралық конкурстардың лауреаты Рашид Мұсабаев жоғары баға берді. Оның «Қарқаралы вальсі», «Қарағанды туралы ән», «Қарағанды жастары», «Шахтер жұлдыздары», «Аяз ата келеді!» деген әндері халық арасында кеңінен танымал. Кезіндегі әсем астанамыз – Алматы жайлы әні қандай еді?! Оны жоғарыда аты аталған халық артисі Р.Мұсабаев тамылжыта орындаушы еді ғой.
Сазгердің адамға ең жақын орта – отбасы тақырыбына арнаған шығармалары бір төбе. Бұған «Әже әлдиі», «Анашым», жарына арнаған «Бикенім» әндері жатады. Биыл екеуінің отасқандарына 50 жыл толмақшы еді. Сондай-ақ, ол «Бесік жырын» тұңғышы Мәдиге арнаса, кенжесі Әсемгүлді де әнге қосыпты. Қазекең 6 баладан 17 немере сүйіп отырған үлкен әулеттің бастау бұлағы еді. Балаларының бәрін бірдей қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Десе де, «Мәдиім өз алдына бір төбе» деп отырушы еді. Республика жастарының жалынды жетекшісі болып, ғылымда саясаттану ғылымдарының кандидаты атанып, мемлекеттік қызметте де ҚР Әкімшілігі сектор меңгерушісі сияқты лауазымға жетіп, қызмет бабымен өрлеп келе жатқан шағында, небары 42 жасында, 2011 жылы кенеттен қайтыс болып кетті. Мәдидің қазасы онсыз да нәзік жүрегін тіліп өтті…
Қазекең Бикенін ертіп, редакцияға анда-санда бас сұғып, үйге де келіп-кетіп тұрушы еді. Осыдан екі жыл бұрын Пришахтинскідегі үш бөлмелі пәтерінде 70 жасқа толуына байланысты газеттерге шығарған мақалаларымызды алып барып, облыстық газеттер мен журналистер одағының атынан құттықтағанымыз бар. Өңі сынық екен. Мәдиінің қазасын жеті жылдай өксумен өткерген еді, ақыры ажал алып тынды.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Қазыбегім!

P.S. Марқұмның қырық күндік асы 25 сәуір күні сағат 13.00-де Ақжан Машанов атындағы қалалық мешітте беріледі.

Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button