ҚҰЛДЫҚ ҚАМЫТЫ немесе адам саудасы азаймай тұр

Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінше, әлемде 40 миллионнан аса адам құлдық қамытын киіп жүр. Олар ауыр жұмысқа күштеп жегіліп, не тән саудасымен айналысуға мәжбүр. Құлдар саны жөнінен Солтүстік Корея – бірінші орында. Ал, алғашқы ондыққа Эритрея, Бурунди, Ауғанстан, Пәкістан, Иран мен Камбоджа кіреді. Біздің елде де құлдыққа ұшырағандар жетерлік. Соңғы он жылда Қазақстанда 1,5 мың адам құлдыққа түскен.

2020 жылы тәртіп сақшылары жүргізген үш күндік рейд кезінде 50-ден астам қылмысты ашқан. Бұл туралы:

– Елімізде ауқымды «STOP трафик» операциясы жүргізілді және үш күнде полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты 50-ден астам қылмысты анықтады. Оның ішінде 1 – кәмелет жасқа толмаған бала саудасы, 2 – адам саудасы, 3 – қара жұмыс пен сексуалдық құлдық үшін бас бостандығынан айыру, 6 – жезөкшелікке тарту жөнінде ақпарат тіркелген, – деді Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев министрлік ұйымдастырған апталық брифингте.

Одан бөлек, жезөкшелік пен жеңгетайлық үшін мекен-жай ұсынғаны үшін 14 әкімшілік құқықбұзушылықтіркелген. Ал, қырындау мен тиісу бойынша 184 әкімшілік іс қозғалған. Жалпы, бүгінде Қазақстанда 1200 адам із-түссіз жоғалғандар есебінде тұр. Қазақстанда жыл сайын 80-ге жуық тұрғын адам саудасының құрбаны болады екен. Мұндай қылмыс карантин кезінде де тіркелген.

Құлдықтағы бес жыл

Бес жыл құлдықта болған облыс тұрғынын ағасы құтқарып алды. Бұл оқиға 2019 жылы анықталды. Әбден жүдеген, үсті-басы кір-кір, киімінің сау тамтығы жоқ інісін мал бағып жүрген жерінен алып кетпек болғанда қожайындары жетіп келіп, қоқан-лоққы көрсетіпті. Олар полицияға хабар беріп, сол жерге арнайы топ келген.

Бес жыл құлдықта болған Нарынбет Жұмағұловтың айтуынша, 2012 жылдан бері әркімге жалданып жұмыс істеп келген.

2014 жылы жинаған тиын-тебенімен үйіне қайтпақ болғанда, екі полиция қызметкері келіп, фермаға барып жұмыс істеуді ұсынған екен. Нарынбет бірден келісе кетеді.

«Полиция қызметкерлерінің бірі сол ферма қожайынының ұлы, алайда ол кейін ішкі істер органынан жұмыстан шығып кетті» дейді ол. Ал, енді бұрынғы әріптестері жұмысқа алған ер адам сол бойы фермадан шыға алмаған. Нарынбет екі рет қашып та көріпті.

«Ұстап алып, көк ала қойдай сабады. Екі рет қаштым, екеуінде де өздері ұстады», – дейді ол.

Осыдан кейін ферма иелері ер адамды күнде ұрып-соға бастайды. Оқиғаға байланысты полицейлер «Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру» бабы бойынша іс қозғады.

«Жәберленушінің айтқанын жанжақты тергеу мақсатында Қылмыстық кодекстің 126-бабы 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс ішкі істер министрлігі және департамент басшылығының бақылауында», деген болатын сақшылар. Айта кетсек, бұл бап бойынша айыпталушының үш жылға дейiн бас бостандығы шектеліп немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ресейде «жерлеп» қойған

Былтыр Қарағандыда 15 жыл құлдықта болған Ресей азаматы бостандық алды. Оған өзін ұстап отырған адам қайтыс болғаннан кейін ғана босап шығудың сәті түскен.

Салават есімді Ресей азаматының еш құжаты жоқ. Отаны Ресейде ол ұзақ уақыттан бері өлгендер қатарында болған. Тіпті өлгенін растайтын құжат та бар. Салават Қазақстанға әскерден кейін келген. Осында жүргенде құжаттарын жоғалтып алады. Сол кезде танысы ата-анасымен жұмыс істеуді ұсынған. Алайда оны алдап, күштеп құлдыққа салған. Ресей азаматы 15 жыл бойы мал бағып, тұрмыстық шаруаларды атқарған. Құлдықтан иесі өмірден өткеннен кейін ғана босап шыққан.

Отанына оралуға тырысқан Салаватты ол жақта ешкім тосып тұрмағаны белгілі болды. Өйткені, Ресейде Салаватты 2003 жылы «жерлеп» тастаған.

Жоғарыда айтылғандар – біздегі құлдықтың бірсыпырасы ғана. Ал, әлем ғана емес, өз елімізде болып жатқан мұндай құқықбұзушылықтарды сағаттап айтуға болар. Қазақстан адам саудасына қарсы заңды күшейтіп, осындай қылмыс құрбандарын қорғауды жақсартқанымен, мемлекет ішіндегі адам саудасы әлі де үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі адам саудасы туралы жариялаған 2017 жылғы есебінде: «Қазақстан Үкіметі адам саудасын жоюдың ең төменгі стандарттарына да сай келмегенімен, соған тырысып жатыр. Үкімет адам саудасымен айналысқандарды қудалап, соттау және адам саудасы құрбандарын қорғауға кәдімгідей күш салуда» делінген. Олай болса, ешбір адам өмірге «құл болам» деп келмейді, соны ұмытпайық!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.